Қоғам • Кеше

«111»-ге 88 мың өтініш

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Балалар қауіпсіздігі – мемлекеттің жіті назарында. Былтыр 16 маусымда күшіне енген «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заң осы бағыттағы маңызды шешімнің бірі болды. Заң қабылданғалы бері қоғамда зорлық-зомбылық пен қатыгездікке қарсы күрес жүйелі сипат ала бастады.

«111»-ге 88 мың өтініш

Балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері қоғамда әркез өткір мәселе болып келгені белгілі. Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қор­ғау комитетінің төрайымы На­сымжан Оспанованың айтуынша, балаларға жасалатын жыныстық сипаттағы қылмыстар биыл өткен жылмен салыстырғанда 21,3 пайызға азайған. Ауыр қыл­мыстар – 8 пайызға, аса ауыр қылмыстар – 19 пайызға қыс­қар­ған. Бұл – жай статистика емес, шынайы қорған тапқан мыңдаған баланың тағдыры.

«Зорлық-зомбылық белгі­лері байқалған нысандарға алдын ала ескертусіз тексеру жүргізуге мүм­кіндік беретін жаңа норма да заң шеңберінде енгізіл­ген еді. Бұл өзгерістің арқасында жыл ішінде 58 жоспардан тыс тексеру өткізіліп, 1 500-ден астам баланың құқығы қалпына келтірілді. Тек­серу туралы ес­кер­тудің болмауы­ – балалардың жағдайын жасыр­май, шын ахуал­ды көруге жол ашады. Соның нә­­ти­­жесінде, 24 ұйым басшысы әкім­шілік жауапкершілікке, 78 маман тәртіптік жауапкер­ші­лікке тар­тылды», дейді Н.Оспа­но­ва.­

Бұрын еліміздің тек жеті өңі­рінде жұмыс істеген психо­­ло­гиялық қолдау орталықтары бү­гінде барлық аймақта ашыл­ған. Бұл орталықтар зорлық-зом­бы­лыққа ұшыраған балалар мен олардың ата-аналарына көмек көрсету мақсатында құрылып, арнайы әдістемелермен, құрал­дармен жабдықталған. Ко­ми­тет төрайымының айтуынша, осы жылдың басынан бері бұл орталықтар 50 мыңнан астам азаматқа қолдау көрсеткен. Бала­ны қорғау жүйесінде жаңадан енгізілген маңызды те­тіктің бірі  – өңірлік уәкілдер институты. Олар балалар ор­наласқан кез келген мекемеге, соның ішінде жабық үлгідегі ұйымдарға да кедергісіз кіре алады.

Көп жағдайда бала өзіне жа­салған қысым мен зомбылықты ата-анасына немесе мұғаліміне айтуға қиналады. Осыны ескерген билік «111» байланыс орталығын заңды түрде бекітіп, мектептерге QR-код жүйесін енгізді. Бұл – бала үшін қауіпсіз әрі құпия шағым білдіру арнасы. «Жыл басынан бері 111 байланыс орталығына 88 мыңнан астам өтініш түсті. QR-код арқылы келіп түскен сигналдарға дер кезінде жауап беріліп, көмек көрсетіліп жатыр»,  дейді комитет басшысы.

Мектеп ішіндегі буллинг – бала­лар психологиясына кері әсер ететін тағы бір өзекті мәселе. 2022 жылы бұл ұғым заңмен бекітіліп, арнайы бағдарламалар қолға алынды. Соның бірі – отандық «ДосболLiKe» бастамасы. Қазір 50 мектепте сынақтан өткізіліп жатқан бұл жоба осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық мектеп пен колледжге енгізілмек. Сонымен қатар буллинг үшін жауапкершілік те күшейтілді. Мәселен, 2024 жылы 119 әкімшілік іс қаралса, 2025 жыл­дың алғашқы бес айында бұл көрсеткіш 189-ға жеткен.

«Бұл заң жекелеген әре­кет­терден жүйелі тәсілге көшуге мүмкіндік берді. Бүгінде елімізде балаларды қорғаудың тұрақты моделі қалыптасты. Мектептен бастап, уәкілетті өкілге дейінгі әрбір буын балаға көмек көрсе­туге дайын», деп түйіндеді сөзін Н.Оспанова.