Отбасы • Кеше

Балаларға медициналық көмек көрсету жүйесі жаңарды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде бастапқы медициналық-санитариялық көмек (БМСК) деңгейінде балаларға қызмет көрсету жүйесі түбегейлі жаңартылып жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің бастапқы медициналық-санитариялық көмек орталығының директоры Айгүл Қасымова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп жазады Egemen.kz.

Балаларға медициналық көмек көрсету жүйесі жаңарды

Егер баланың дамуына қатысты ерекшеліктер анықталса, ол ерте араласу орталығына жолданады. Бұл орталықта патронаждық бақылау жүргізіледі, бала мен оның отбасына тамақтану, даму бойынша мамандардың кеңестері, телемедицина және ведомствоаралық қолдау көрсетіледі. Жүйеге мектеп медицинасы, кәсіби тексеру және вакцинациялау кабинеттері де ендірілген. Басымдық – баланы үздіксіз қадағалау әрі бүкіл отбасыға кешенді көмек көрсету.

Жаңа модель тек құрылыммен шектелмей, қабылдау мен қызмет көрсетуді ұйымдастырудың логикасына да өзгеріс әкелді.

Бірінші – мейіргерлік қабылдау. Енді кейбір медициналық қызметтерді дәрігер емес, арнайы оқытылған мейіргерлер жүргізеді. Бұл дәрігерлердің жүктемесін жеңілдетіп, күрделі клиникалық жағдайларға назар аударуына мүмкіндік беріп отыр. Соның нәтижесінде, динамикалық бақылауға алынған науқастардың үлесі 30%-дан 38%-ға дейін өсті. Бұл – созылмалы сырқаттарды бақылауда жүйеліліктің артқанын білдіреді.

Екінші – жоспарлы қабылдау форматы. Халыққа алдын ала белгіленген уақытта қабылдауға жазылу мүмкіндігі ұсынылды. Әсіресе, созылмалы дерті бар науқастар үшін бұл тәсіл тиімді. Жаңа формат шұғыл жүгінулер санын азайтып, емдеуге жатқызу көрсеткішін төмендетуге сеп болды. Сонымен қатар, бастапқы буын дәрігерлеріне деген сенім арта түсті.

Үшінші – өзін-өзі жазу функциясы. Енді динамикалық бақылауда тұрған пациенттер бейінді маманға өздігінен жазыла алады. Бұл тіркеуші мен учаскелік дәрігерге тәуелділікті жойып, қызмет алуды оңтайландырды.

Диагностикалық қызметтердің жарамдылық мерзімі бұрынғы 10 күннен 1–3 айға дейін ұзартылды. Бұл қажеттілікті негіздеместен қайта-қайта тексерілу жағдайларын азайтуға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, диагностикалық қызмет түрлерінің саны 507-ден 344-ке дейін қысқартылды. Енді олар нақты клиникалық көрсеткіштер мен негіздер бойынша ғана тағайындалады. Бұл бастама зертханалар мен диагностикалық бөлімшелердің артық жүктемесін азайтып, тағайындау дәлдігін арттыруға сеп.

Медициналық оңалтудың үшінші кезеңіне жататын қызметтер тізбесі де қайта қаралды – бұрын 97 қызмет түрі болса, қазіргі таңда бұл сан 26-ға дейін қысқартылған.