Қоғам • 24 Шілде, 2025

Мүгедектігі бар 15 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2025 жылғы 1 шілдедегі деректерге сәйкес, елімізде мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында жүргізіліп жатқан түрлі қолдау шараларымен 15 мыңнан астам адам қамтылған. Бүгінгі таңда 110,9 мың ерекше қажеттіліктері бар азамат жұмыс істейді, бұл олардың жалпы санының 30 пайызын құрайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мүгедектігі бар 15 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды

Фото: Ашық дереккөз

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, елімізді мүгедектігі бар адамдардың жалпы саны 743,9 мың, бұл республика халқының 3,7 пайызын құрайды. Оның ішінде 375,7 мың адам еңбекке қабілетті жаста.

«ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, жұмысшылардың жалпы санының 2-ден 4 %-на дейін (жалдамалы жұмыскерлердің жалпы саны кемінде 50 адам болған кезде) көлемде жұмыс орындарына квота белгілейді. Ағымдағы жылдың 1 тоқсанында квота бойынша мүгедектігі бар 4,8 мың адам жұмысқа орналастырылды», делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді тетіктеріне де қатысып жатыр. Атап айтқанда:

  • 1 шілдедегі жағдай бойынша 1,8 мың адам тұрақты жұмысқа тұрды;
  • 141 адам жастар практикасына бағытталды;
  • 271 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты;
  • 3,8 мың адам қоғамдық жұмыстарға тартылды;
  • 484 адам «Күміс жас» жобасы аясында жұмыспен қамтылды;
  • 28 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысты;
  • 3 адам «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша жұмысқа орналасты.

Сонымен қатар қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 88 адам, ал кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға арналған «Бастау бизнес» жобасы бойынша 2,9 мың адам қатысқан.

«Әлеуметтік осал топтарға, соның ішінде мүгедектігі бар азаматтарға 400 АЕК-ке дейінгі (1,6 млн теңге) мөлшерінде мемлекеттік гранттар беріліп жатыр. Бүгінде 666 адам осындай грантқа ие болған», делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік,  2018 жылдан бастап халықаралық тәжірибені ескере отырып, мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындарын құру шығындарын жұмыс берушілерге өтеу (субсидиялау) тәртібі енгізілген. 2025 жылы осы бағытта 49 арнайы жұмыс орны жасақталған.