Фото: Ашық дереккөз
«Қайрат» футбол клубы УЕФА-мен бірлескен талқылаулардан кейін 9 желтоқсандағы «Олимпиакосқа» және 20 қаңтардағы «Брюггемен» өтетін ойындарды елордада өткізу туралы шешімді қабылдады. Клубтың шешіміне Алматыдағы Орталық стадион шатырының жоқтығы, төмен температура мен қардың жиі жауу қаупі жанкүйерлерге де, стадион қызметіне де айтарлықтай қиындық туғызатыны себеп болған. Жабық стадион жағдайында көрермендер мен командалар үшін әлдеқайда қауіпсіз әрі жайлы орта қамтамасыз етіледі.
Алдағы маңызды ойындарға арналған билеттердің құны 15 мың мен 50 мың теңге аралығында белгіленген. 28 қарашадан бастап билеттер Qairat SuperApp және Freedom SuperApp мобильді қосымшаларында сатылады. Әр жанкүйерге екі билеттен артық рәсімдеуге тыйым салынады.
Сонымен қатар Ticketon қызметі «Қайраттың» маусымдық абонемент иелеріне алдын ала хабарласып, басымдықпен билет алу тәртібі жайлы толық нұсқаулық береді. Осылайша, клуб жанкүйерлеріне барынша қолайлы жағдай жасап, Чемпиондар лигасының аса жауапты матчтарына дайындықты күшейтіп жатыр.