Аймақтар • Кеше

Жылу желілері жөнделіп жатыр

60 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодар облысында инженерлік желілер мен жылу көздерінің тозуын азайтуға қатысты ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Үкімет резервінен Павлодар, Екібастұз қалаларының жылу желілерін жөндеуді аяқтауға шамамен 3,8 млрд теңге бөлінді.

Жылу желілері жөнделіп жатыр

Суретті түсірген – Валерий БУГАЕВ

Бөлінген қаражаттың негізгі сомасын, яғни шамамен 3 млрд теңгені Екібастұз қаласының жылу желілерін жаңғырту жөніндегі екі жобаға – орталық жылу тарату пунктінен 1,4 шақырым жердегі елді мекенге дейінгі ТМ-I, ТМ-III жылу магистралдарын жөндеуге бөлу жоспарланып отыр. Ал Павлодар қаласына Павлов – Шевченко – Катаев көшелері бойындағы шағын ауданды жылумен қамтамасыз етуге Қамзин көшесі желісіндегі ТМ-13 салу жобасын аяқтауға 802 млн теңге бағытталады.

Шығындардың жалпы сомасы 5,8 млрд теңгені құрайды. Үкімет резервінен 3,8 млрд теңге бөлінді. Қалған 2 млрд теңге көлеміндегі қаражат облыстық бюджеттен қаржыландырылды.

2024 жылы Үкімет резервінен бөлінген қаражатқа ұзындығы 9 шақырым магистралдық жылумен жабдықтау желілері жөнделген. Екі­бастұз ЖЭО-да қазандық агрегаттары жөнделіп, тазартылған су құбыры салынды. Бұдан бөлек, облыстың жылу беретін кәсіпорындарында ұзындығы 2,4 шақырым жылу желілері жаңғыртылды. Оның ішінде «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына көшу шеңберінде салынған, құны 1,7 млрд теңге тұратын 2,1 шақырымдық жылу желісі бар. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде биыл жыл басында желілердің тозуы 79,7%-ға дейін төмендеді.

Облыс орталығы мен Екібастұз қаласындағы желілердің тозуын одан әрі төмендету, алдағы жылыту маусымында үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін жылу магистралдарының ағымдағы реконструкциясын уақтылы аяқтау қажет.

Былтыр желтоқсанда бекітілген «Энергетика­лық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру шеңберінде Павлодар қаласындағы 1-НО-52 ЖЭО учаскесінде өткізу қабілетін арттыра отырып, 9,8 млрд теңге сомаға жаңа ТМ-20а жылу магистралін салу жос­парланып отыр. Жоба негізінде республикалық бюджеттен қаражат қарастырылмаған қала аума­ғы­ның 30%-ын жылумен қамтамасыз ету көзделген.

«Облыста жыл сайын жазғы кезеңде сумен жабдықтау, су бұру желілерінің тозуын азайту мақсатында да жөндеу үзілмеді. Биыл 26,6 шақырым сумен жабдықтау желісін салу, қайта құру жөнінде 10 жоба қарастырылып отыр. Сондай-ақ Успен ауданының Травянка, Надаровка ауылдарында 2 кешенді блок-модуль орнату жоспарланған. Жалпы, 2025 жылдың қорытындысында жоғарыда аталған іс-шаралар сумен жабдықтау желілерінің тозуын 46,6%-ға (қазір 47,1%), су бұруды 72,3%-ға (қазір 72,4%) дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Өткен жылы Майқайың кентінің су құбырында апат болып, елді мекенге су беру қиындағаны мәлім. Ұзындығы 20 шақырым, диаметрі 1000 мм магистралдық су құбыры қайта жаңартылды. Қазір барлық құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, су құбыры штаттық режiмде жұмыс істеп тұр», деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

 

Павлодар облысы