
Сурет: opennews.kz
Астана қаласында мемлекеттік жастар саясатын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Жергілікті жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраевтың айтуынша, биылғы жартыжылдықта 5 023 жас жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіш «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар» және «Алғашқы жұмыс орны» сияқты мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асқан.
– Жастар саясаты – мемлекеттің болашағына салынған инвестиция. Бүгінгі буынға дұрыс бағыт беру – ертеңгі саналы қоғамның негізі. Осы бағытта бірқатар тиімді жобалар қолға алынды. Мәселен, «Жасыл ел» бағдарламасы шеңберінде екі ай ішінде 3 365 жас жұмыспен қамтылды. Маусым соңына дейін бұл сан 5 200-ге жетеді деп болжап отырмыз. Ал «Joltap» жобасы аясында жастар SMM, таргетинг, контент-креатор, графикалық дизайн, видеомонтаж, веб-дизайн және базалық цифрлық дағдылар сияқты 7 цифрлық бағытта, сондай-ақ бариста, тігінші, сатушы, дәнекерлеуші сынды 11 жұмысшы мамандық бойынша білім алып жатыр. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін 5 300 адам жұмысшы мамандықтарын, 2 700 адам цифрлық бағыттарды меңгереді, – деді С.Ибраев.
Сондай-ақ биыл 5 мыңнан аса ерікті World Boxing Cup Astana 2025, EcoFest, BI Marathon, Kazakhstan Machinery Fair және басқа да ірі қалалық және халықаралық деңгейдегі іс-шараларға белсенді қатысып, ұйымдастырушыларға жан-жақты қолдау көрсеткен. Олар аудармашы, үйлестіруші, қонақтарды қабылдау мен алып жүру бойынша қызметтер атқарыпты.
Саламатты өмір салтын дәріптеу, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында да кешенді шаралар қолға алынған. «Еsirtkisiz elorda» жобасы аясында рейдтер, спорттық жаттығулар, тренингтер, шығармашылық байқаулар өткен.
– Жақында Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының аумағында есірткіге қарсы салынған мурал салтанатты түрде ашылды. Бұл бейне жастарды саламатты өмірге үндейді. «Таза Қазақстан» акциясы негізінде елордалық жастар сенбіліктерге қатысып, табиғатты қорғау мен зиянды әдеттерден аулақ болу мәдениетін насихаттап келеді. Сонымен қатар «Заң және тәртіп» бағыты бойынша есірткіге қарсы рейдтер мен спорттық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады, – дейді Астана қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.
Жастарға арналған әскери-патриоттық тәрбие бағытындағы «Жас сарбаз» жобасы да бар. Оның аясында 64 мектеп пен 14 колледжде 2 мыңнан аса тәрбиеленуші қамтылған. Оларға арнайылап ардагерлер мен батырлармен кездесулер, патриоттық ән байқаулары, фильм көрсетілімі және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Ал отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Отбасы – бақыт мекені» жобасы ұйымдастырылады.
Бұған қоса қалада 10 аула клубы жұмыс істейді. Онда 2 500-ге жуық бала мен жасөспірім 130 үйірмеге тегін қатысады. Үйірмелердің 74-і – спорттық, 56-ы – шығармашылық бағытта.
Қазір елордада 64 студенттік жатақхана бар. Биыл тағы 3 400 орындық 7 жатақхана салу және қайта жаңғырту көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде арман қуып келген жастарға орын тапшылығын толық шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Астана қаласының әкімдігі жоғары білім ордаларында оқу корпустары мен жатақханалар салуға арнап жер телімдерін бөліп отыр.
Айта кетейік, Самат Ибраев «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаевамен кездесіп, бірқатар өзекті мәселені талқылады. Жүздесуде жастармен жұмыс бағытындағы серіктестік, бірлескен жобалар мен бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері, жастар ресурстық орталықтарының тиімділігін арттыру, заманауи форматтарды енгізу және өңірлік деңгейде коммуникацияны күшейту мәселелеріне де ерекше назар аударды.