
«ҰҚ валюталық портфелінің инвестициялық кірісі бір жылда 7,59%-ды немесе 4,6 млрд долларды құрады. Кейінгі жылдары кірістіліктің өсуіне Ұлттық банктің активтерді консервативті бөлуден неғұрлым теңгерімді бөлуге көшу нәтижесінде, жоғары кірісті қаржы құралдарының үлесін 20%-дан 40%-ға дейін ұлғайтуы есебінен қол жеткізілді. Сондай-ақ 2023 жылы Ұлттық қордың құрамында баламалы құралдар портфелі қалыптастырылды. Жаңа құрылымға көшу инвестициялаудың тиімділігін және қордың сыртқы нарық тербелістеріне төзімділігін арттыруға мүмкіндік берді», делінген ҰБ мәлімдемесінде.
Қордың валюталық активтері көлемінің жалпы динамикасына 2024 жылы 6,3 трлн теңге мөлшерінде қаражат алу операциялары әсер етті . Осылайша, есепті кезеңде республикалық бюджетке тікелей трансферт 5,6 трлн теңгеге жетті. Қазақстандық эмитенттердің қаржы құралдарын сатып алуға тағы 705 млрд теңге бөлінді: «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акциялары 467 млрд теңге, ұлттық инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мақсатында «Самұрық-Қазына» облигациялары 238 млрд теңге көлемінде сатып алынды.
Бұл ретте мұнай секторынан қорға түсетін түсімдер 2024 жылы 3,8 трлн теңгені құрады.