
Ангар типіндегі көпфункционалды мұзайдынының ашылу рәсімі салтанатты жағдайда өтті.
– Мемлекет басшысы балаларды спортқа баулуға әрдайым ерекше мән беріп келеді. Соның айқын дәлелі – бүгінгі іс-шара. Жаңа мұзайдынында қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында мәнерлеп сырғанаудан спорт шебері Алена Понкратова арнайы Санкт-Петербургтен шақыртылып, осы кешенде тұрақты жаттықтырушылық жасауға келісімшартқа отырды.
Енді ата-аналарға, жаттықтырушылар мен спорт ұйымдарына зор сенім артылып отыр. Жас спортшыларымыз кәсіби жаттықтырушымен бірге жаңа биіктерді бағындырып, жарқын жеңістерге жететініне сеніміміз мол. Көк туымызды көкке көтеретін нағыз саңлақтар осы мұзайдынынан шыға берсін, – деді жергілікті тұрғындарды тарихи оқиғамен құттықтаған Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Нысанның жалпы аумағы – 1100 шаршы метр, оның ішінде мұз алаңы 960 шаршы метрді құрайды. Мұзайдыны бір мезетте 500 адамды қабылдай алады. Спорттық кешенде ұлдар мен қыздарға арналған жуыну, киім ауыстыру бөлмелері, жаттықтырушылар мен медицина қызметкерлеріне арналған кабинеттер, сондай-ақ әкімшілік бөлмелер бар. Кешеннің екінші қабатында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне арналған заманауи жаттығу залы орналасқан. Мұнда 10-18 жас аралығындағы алғашқы даярлық топтары мен жас спортшылар кәсіби жаттықтырушылардың жетекшілігімен шынығады.
Алдағы уақытта нысанда хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және керлинг сынды олимпиадалық спорт түрлерінен тегін үйірмелер жұмысын бастайды.
Жаңа спорт кешені – жаңаөзендік жастарды салалық спортқа тарту мен жарыс жеңімпаздарын әзірлеуге бағытталған айрықша мүмкіндік.
Маңғыстау облысы