Шымкент • Бүгін, 09:30

Мегаполис спорты көш басына шықты

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

2025 жылдың басынан бері Шымкент қаласының спортшылары респуб­ли­калық, халықаралық деңгейдегі бірқатар ірі жарыстарға қатысып, толағай табыстарға қол жеткізді. Қала спортшыларының жеңісі ел мерейін өсіріп, шымкенттік спорт мектебінің деңгейі жоғары екенін дәлелдеді.

Мегаполис спорты көш басына шықты

Биылғы қысқы Азия ойындарында (Харбин, Қытай) фристайл-акробатика спортынан ұлттық құрама сапында Шымкенттен 6 спортшы қатысты. Жарыс қорытындысында Шерзод Хаширбаев бірінші орын алып, тарихи жеңіске қол жеткізді. Үндістанда қазақ күресінен өткен әлем чемпионатында Ерсұлтан Мұзаппаров пен Жұмажан Қожамбеков чемпион атанды. Ауыр салмақ бойынша әйелдер күресінде Альбина Бахиева бес қарсыласын да шақ келтірмей алтыннан алқа тақты. Словенияда спорттық гимнастикадан өткен әлем кубогінде Дияс Тойшыбек гимнастикалық ат снарядымен сынға түсіп, жеңімпаз атанды. Шымкентте жалауы желбіреген ұлттық теңге ілуден алғашқы әлем чемпионатында Төлтай Бақыт, Түлкібай Азат бас жүлдеге ие болды. Астанада ұйымдастырылған бокстан әлем кубогінде Махмұд Сабырхан чемпион атанды. Германиядағы жазғы универсиадада таэквондо спортынан Самирхон Абаба­киров алтын алды. Аты аталған барлық спорт­шыны қала әкімі арнайы қабылдап, сый-сияпат көрсетті.

«Шымкент қаласында жыл басынан бері бірнеше ірі спорттық іс-шаралар жүзе­ге­ ­асырылды. Жарыстарда шымкенттік те өрен­дер жүлдеге таласты. Олардың көп­ші­лігі орын саны жағынан алғашқы үштіктен көрі­ніп, тек мегаполистің ғана емес, тұтас қазақ елінің мерейін үстем етті. Спорттық байқауларды атап өтсек, «Zhaksykul mergen cup» дәстүрлі садақ атудан Азия кубогі өтті. Жарыста алты шетел мен еліміздің өңір­лерінен 100-ге жуық спортшы сынға түсті. Нәтижесінде, мегаполис мергені бір қола медальді қанжығаға байлады. Бәйгеден елі­­міздің чемпионатының іріктеу турнирі кіл мықты шабармандарды жинады. Оны тама­шалауға 3000-ға жуық көрермен келді. Сайыс барысында ат құлағында ойнаған­дар қыз қуу, көкпар, аударыспақ секілді ұлттық спорт түрлері бойынша өнерлерін көрсетті. Теңге ілуден мергендер ересектер арасында ІІІ Азия кубогінде сайысты. Онда 7 мемлекеттен келген 60 спортшы жүлдеге талас­ты. Қаланың сұрмергендері бұл сайыс­та бір күміс жүлдеге ие болды. Таеквондо ИТФ спортынан Азия кубогінде 7 мемлекеттен 850-ге жуық спортшы бақ сынады. Шымкент қаласының спортшылары сол жарыста 7 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды. Тағы бір сайыс – грек-рим күре­сінен жасөспірімдер арасындағы турнир Жеңістің 80 жылдығы мен Ауған соғысы құрбандарын еске алуға арналды. Оған елімізден бөлек, үш шетелден қатысушылар келді. Жарыста қала спортшылары 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль иеленді. Сондай-ақ Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бірлік» жүгіру жарысы ұйымдастырылды. Оған 600-ге жуық түрлі этнос өкілдері қатысты. Теннистен Junior Billie Jean King Cup Final, Juniors Davis Cup Final Qualifying тур­нир­лері өтті. Оған 15 елден 80-ге жуық спортшы шақырылды. Еліміздің қыздар құра­ма командасы 4-орыннан көрініп, әлем чемпионатына жолдама алды. Бұл жетіс­тіктер Шымкент қаласының спорт инфра­құры­лымының дамуы мен спорт­шылардың кәсіби деңгейінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қала әкімдігі алдағы уақыт­та да бұқаралық, кәсіби спортты қол­дауды жалғастыра бермек», деді Шым­к­ент қаласы денешынықтыру және спорт бас­қармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов.

спорт

Маманның айтуынша, Шымкентте ба­лалар мен жасөспірімдерді жоғары жетіс­тік­тер спортына баулитын 11 олимпиа­да­лық резервтің мамандандырылған спорт мек­тептері жұмыс атқарады. Мектеп­тер­де 40-тан астам спорт түрлері қамтылған. Мәселен, балалар мен жасөспірімдер еркін күрес, дзюдо, садақ ату, қол күресі, карате, таэквондо, грэпплинг, грек-рим күресі, регби, ушу, баскетбол, фристайл, конькимен мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шайбалы хоккей, көгалдағы хоккей, көркем гимнастика, эстетикалық гимнастика секіл­ді өздері қалаған спорттық секцияларға қатыса алады. Аталған спорт мектептері да­рынды балаларды іріктеу, оларды кәсіби спортқа да­йындау, халықаралық деңгей­дегі жарыстарға шығару жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Сонымен бірге Шымкент шаһарында бүгінде 35 спорт ұйымы жұмыс істейді. Бұл ұйымдарда спорттың 73 түрінен (олим­пиа­далық – 36, олимпиадалық емес – 27, ұлттық – 10) спортшылар дайындалады. Спорттық секцияға жазылған 20 мыңға жуық өренді мыңнан астам жаттықтырушы спортқа баулиды. 2025 жылы 61 спорттық іс-шара өткізу жоспарланған болса, соның бүгінге дейін 14-і өткізілді. Жыл соңына дейін 47 іс-шара ұйымдастыру көзделіп отыр. Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйе­сі арқылы 18 000 ваучерге 3,9 млрд теңге бөлініп, балалар мен жасөспірімдерді спорт­­тық секциямен қамтамасыз етуге 120 кәсіп­­кер атсалысып жатыр. Қазіргі таңда жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша 16 381 бала спортпен қамтылса, 1130-ы кезекте тұр.

Бүгінгі таңда халық денсаулығын нығай­тып, бұқаралық спортқа тарту мақса­тында 27 спорт нұсқаушысы 11 сая­бақта таңғы жаттығулар өткізеді. Бұл – елі­мізді саламатты Қазақстанға айналдыру ба­ғы­тында қолға алынған бастаманың іске асқандығының көрінісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, ұлт саулығы бәрінен де маңызды болуға тиіс. Мемлекет басшысының арнайы тапсыр­масын орындау мақсатында бүгінде мега­по­листе халықты бұқаралық спортқа тарту мақсатындағы жұмыстар қарқынды жүр­гізіліп келеді. Осы іс-шаралардың нәти­­­же­сінде шаһарда бұқаралық спортпен қам­тылған халықтың үлесі жыл сайын арта түсті. Бұл денешынықтыру мен спорт арқылы тұрғындардың денсаулығын нығай­туды көздейтін мемлекеттік стратегияның жеміс бере бастағандығын аңғартады. Еліміз орта дер­жавалы мемлекет ретінде алдына үлкен мақсаттар қойып отыр. Ал ауқымды стра­те­гиялық жоспарларды іске асыру үшін ең алды­мен ұлттың денсаулығы мықты болуы керек.

Қалада 855 спорт нысаны бар (568 – спорттық, 253 – білім беру, 34 – спорт мектептері). 2025 жылға бірнеше жаңа спорттық нысандардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары жоспарланған. Атап айтқанда, қаланың Қаратау ауданы әкімшілік аумағынан жаңа футбол стадионының құрылысы қолға алынады. Паралимпиадалық, сурдолим­пиадалық спорт кешені салынады. Шаһардың шеткі айма­ғында орналасқан Қайнарбұлақ, Қарабастау, Бадам елді мекен­дерінде модульді спорт нысандары бой көтереді. №17 спорт мектебінде жаңа футбол алаңы мен манеждер пайда болады. Бұдан бөлек, Қажы­мұқан атындағы стадион, Орта­лық су спорт кешені, Мұз сарайы, №17 спорт мектебінің Мамин-Сибиряк көшесіндегі ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда тұр. Салаға жауапты маманның мәлімдеуінше, шалғай елді мекендерде спорт инфрақұрылымына арналған жер телімдері заңдастырылды. Енді демеушілер есебінен 3 жаңа нысанның құрылысы қолға алынатын болады.

«Жоғарыда аталып өткендей, 2025 жыл­дың алғашқы 5 айында шымкенттік спорт­­шылар 656 жүлде жеңіп алды. Ел бірін­ші­ліктерінен – 212 алтын, 207 күміс, 223 қола, Азия чемпионаттарынан – 3 алтын, 6 күміс, 1 қола, әлем чемпионаттарынан 4 алтын бұйырды. Қаламызда 1 Қазақстанға еңбе­гі сің­ген жаттықтырушы, 8 халықаралық спорт шебері, 17 Қазақстанның спорт шебері, 307 спорт шеберлігіне үміткер бала­­лар мен жасөспірімдерді спортқа жат­тық­­тырады. Шымкенттік 1 284 спортшы ұлт­тық құрама сапында өнер көрсетеді. Биылғы мақсатымыз – VI Жастар ойындарына қатысу. Мұнда Шымкент командасы басты фаворит саналады. Сондай-ақ келесі жылы қысқы Олимпиададан жүлде алсақ деген ойымыз бар. Фристайл акробатика сайысы бойынша үміткеріміз де жоқ емес. Одан бөлек, келесі жылы өтетін ХХ жазғы Азия ойындарына дайындықты қазірден бастап кеттік. Жалпы, Шымкент қаласында спорттың дамуына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Ең бастысы, спорттық инфрақұрылым мен жоғары спорт шеберлігін шыңдау арқылы мегаполис өрендері халық­аралық ареналарда табысты өнер көрсетіп келеді», деді Е.Дәрменов.