
Фото: Ашық дереккөз
Labubu қалай трендке айналды?
Labubu — жай ғана ойыншық емес, авторлық қиялдан туған кейіпкер. Оның түп-төркіні Гонконгтік суретші Касинг Лунгтың 2015 жылы жарық көрген The Monsters атты иллюстрациялық кітабынан бастау алады. Бұл кітапта Лабубу өзге де ғажап кейіпкерлермен бірге өмір сүретін, сәл тентек, бірақ жүрегі таза эльф-қыз ретінде бейнеленеді. Кішкентай мысықтай ғана Лабубу кейіпкерлерінің басты ерекшелігі үшкір құлақтары мен күлкісі. Автордың айтуынша, Лабубу образы Скандинавиялық мифология мен солтүстіктің табиғатынан шабыт алып жасалған.
«Оның тентек бейнесі қорқынышты көрінгенімен, шын мәнінде ол мейірімді. Тіпті кейде көмектесейін деген ниеті бүлікке ұласып кетуі мүмкін. Бірақ оның жарқын күлкісі — қиын сәттерде де бойымызға үміт сыйлай алатын символ», дейді автор оның мінезі жайлы.
Лабубу алғашында бейкоммерциялық иллюстрация болса да, 2019 жылы Касинг Лунг қытайлық Pop Mart компаниясымен келісімшартқа отырып, оны ойыншыққа айналдырды. Pop Mart — әйгілі «сюрприз-қорап» тұжырымдамасын пайдаланатын, коллаборацияларға негізделген ойыншық бренді. Жинақтық форматтағы бұл қораптарда қайсы Labubu түсетіні белгісіз, сол себепті сатып алушылар қымбат ойыншықты табу үшін бірнешеуін қатарынан сатып алуға мәжбүр.
Бұл ойыншыққа деген нағыз қызығушылық BLACKPINK тобының жұлдызы Лиса Лабубуды Hermès сөмкесіне тағып шыққанда басталған. Одан кейін бұл ойыншықтар TikTok, Instagram және басқа да платформаларда вирустай таралып, сән әлеміне де енген. Айта кетейік, Миландағы сән апталығында «Pronounce» бренді Лабубу бейнеленген киімдерді көрсетіп, бұл кейіпкердің енді субмәдениеттен мейнстримге өткенін айғақтаған.
Қазақстанда да Labubu-ға деген қызығушылық күннен күнге артып келеді. Бір қарағанда, бұл балаларға арналған жай ғана ойыншық секілді көрінгенімен, оның артында тұтас бір коллекциялық мәдениет пен сауда феномені тұр.
Ойыншықтың бағасы да әртүрлі. Еліміздегі сауда нүктелерінде Labubu-дың қарапайым түрлері 1 500-9000 теңге аралығында, ал сирек үлгілері 50-60 мың теңгеге дейін жетеді. Бірақ бұл нарықтағы қолжетімді нұсқалар ғана. Шетелдік коллекционерлер арасындағы сұраныс бойынша, түпнұсқа сирек Labubu кейіпкерлерінің құны 200 000 теңгеге дейін барады.
Саудагерлердің айтуынша, кей күндері Labubu-дың 100-ге жуық данасы бірнеше сағат ішінде сатылып кетеді. Дүкен сөресіне түскен бойда жаппай сатып алынатын бұл ойыншық елдегі сәнқұмар жастар мен балалар арасында жаңа «трендке» айналған.
Ойыншық үшін үзілген өмір
2025 жылдың шілдесінде Қытайдың Шанхай қаласында болған оқиға елді елең еткізді. Жасөспірім қыз Labubu-дың шектеулі шығарылымдағы бір нұсқасын ала алмаған соң өз-өзіне қол жұмсаған. Оның өлімінен кейінгі тергеу барысында қыздың біраз уақыт бойы ойыншық жинауға қызыққаны, алайда қалаған фигурасын таба алмағаны белгілі болған.
Әлеуметтік желілерде бұл жаңалық қызу талқыланып, ата-аналар мен педагогтер балалардың психикалық денсаулығына алаңдаушылық білдірді. Жасөспірімдер арасындағы сән, трендке деген ұмтылыс кейде тым ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін осы бір қайғылы жағдай анық көрсеткендей.
Балалар психологы Екатерина Ильичеваның айтуынша, Labubu ойыншығының танымалдығын түсіндіретін тұжырымдардың бірі оның қорғаныш бейнесі ретінде қабылдануы.
«Labubu балалар үшін қорғаныш кейіпкері. Мысалы, бала қараңғыдан қорқады, ал Labubu тістері бар, күшті, батыл. Ол мені қорғайды деп елестетеді. Балалар оны «Күлкілі қоян» деп атайды және оны құшақтау арқылы өздерін қауіпсіз сезінеді. Қорқынышты ойыншықтар мен сюжеттер баланың ішкі, жасырын қорқыныштарын жеңілдететін психологиялық құрал. Балалар кейде өздері де не нәрседен қорқатынын айта алмайды. Бірақ осындай кейіпкерлер арқылы олар қорқынышын ойын барысында жеңіп, өз эмоциясын қауіпсіз түрде көрсетеді», дейді психолог.
Ильичева Labubu-ға байланысты сақтықты ескеру қажет екенін де айтады.
«Егер бала өте сезімтал, эмоциялық тұрғыда тұрақсыз болса, ойыншық оған керісінше мазасыздық тудырып, ұйқыны бұзса бұл жағдайда Labubu-ды алып тастаған жөн», дейді ол.
Ол сондай-ақ, балалардағы агрессия мен психикалық ауытқулар көп жағдайда ойыншықтармен тікелей байланысты емес екенін атап өтті.
Labubu ойыншығына қатысты ата-аналардың да көзқарасы әрқилы. Бірі мұны заман талабына сай қалыптасқан коллекциялық қызығушылық деп қабылдаса, енді бірі оның сыртқы бейнесі мен артындағы белгісіз идеологиялық астарға алаңдайды.
«Балаларым Labubu ойыншығын алып беруімді сұрайды. Себебі әлеуметтік желілер мен басқа балалардан көріп, тренд деп қызығып жүр. Бірақ ойыншықтың түрін алғаш көргенде шошыдым. Ұсқынсыз, тісі ақсиған бірдеңе. Сосын қарап көрсем, расымен де бұл құбыжықтар әлемінен шыққан кейіпкер екен. Балаларыма «оны алсаңдар түнде қорқып ұйықтай алмайсыңдар» деп сылтауратып, рұқсат бермедім. Олар да түсінді. Меніңше, сәнге емес, ойыншықтың мазмұны мен мәніне мән беру керек», дейді үш баланың анасы.
Алайда бұл пікірмен балалардың өзі келісе бермейді. Көптеген жасөспірімдер үшін Labubu жай ғана қызықты, ерекше стильдегі ойыншық. Трендке ілесу, құрдастар ортасында қабылданудың жолы іспетті. Олар оны қорқынышты емес, керісінше ерекше әрі сәнді деп қабылдайды.
Әрине, ата-аналардың алаңдауы орынды. Баланың қызығушылығын қанағаттандырумен қатар оның эмоционалды саулығын сақтау да маңызды. Психолог бұл ретте балаға өмірде ең бастысы сән мен тренд емес екенін түсіндіріп, мейірімге бөлеп, шынайы отбасылық құндылықты сезіндіру арқылы кез-келген ойыншыққа тәуелділіктен арылтуға болатынын айтады.