
Еліміз тарихта алғаш рет жүзуден әлемдік деңгейдегі ауқымды жарыс меймандарын қабылдамақ. Silk Road-2026 халықаралық турнирінің алғашқы кезеңі Әзербайжан астанасы Бакуде, ал екінші кезеңі көршілес Өзбекстанның бас қаласы Ташкентте өтпек. Осылайша халықаралық шара Ұлы Жібек жолының бойындағы үш елдің астанасын біріктіреді.
-Турнир 25 метрлік бассейнде өтеді, - дейді ұйымдастырушылар. Әлем кубогі елордада Олимпиада ойындарының, әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ әлемдік рекорд орнатқан әйгілі спортшылардың басын біріктірмек. Ал жарыс кезеңдерінің нақты өтетін күні туралы ақпарат алдағы уақытта белгілі болмақ.
Мұндай халықаралық ірі шараның елімізде өтуі – су спортына жаңа серпін беріп қана қоймай, Қазақстанның спорт саласындағы беделін халықаралық деңгейде арттыруға мүмкіндік береді. Оған Қазақстанның Су спорты федерациясының жаңа басшылығының белсенді және жүйелі жұмысы үлкен ықпал етті. Нұрлан Жақыпов басшылық ететін Федерация халықаралық серіктестікті нығайтып, инфрақұрылымды дамыту және еліміздің әлемдік спорт аренасындағы орнын нығайту бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Бұл орайда елімізде су спортын дамытуға «Самұрық-Қазына» қоры елеулі үлесін қосып отыр. Ұлттық әл-ауқат қоры еліміздің Су спорты федерациясының бас серіктесі. Сонымен қатар, «Sport Qory», Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі және Ұлттық Олимпиада комитеті де Федерацияның бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.
Осылайша, «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен Астана жүзуден әлемдік деңгейдегі жарысты өткізетін қала ретінде танылып отыр. Бұл – тек спорттық қана емес, мәдени және имидждік тұрғыда да үлкен жетістік.
Астанада өтетін Silk Road-2026 финалы – Қазақстанның әлемдік спорт қауымдастығындағы орнын айқындайтын маңызды кезең болмақ.
Жансая Қапасқызы