
«Чемпиондық рух» жобасы аясындағы іс-шараға джиу-джитсу, грэпплингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Нұрсұлтан Орынбасаров, қоян-қолтық ұрыстан үш дүркін әлем чемпионы Сара Рахманова, грэпплингтен әлем чемпионы Әйгерім Әбілқадырова, джиу-джитсудан екі дүркін әлем чемпионы Сейілхан Болатбек, UFC Gym KZ жаттықтырушысы, Octagon лигасының матчмейкері Думан Рахым, халықаралық BJJ, ADCC турнирлерінің жүлдегерлері Данте Леон, Габриэль Соуза, Джанкарло Бодони қатысты. Іс-шараға «Бент» ЖШС зауытының директоры Дінмұхамед Кузиев, «Жастар рухы» Алматы облыстық филиалының төрағасы Медет Бекбергенов, жастар ұйымының белсенділері атсалысты.
Жобаның ресми амбассадоры Н.Орынбасаров «Чемпиондық рух» жобасы арқылы қоғамда еңбек адамына деген көзқарасты өзгертуге болатынын айтты. Оның пікірінше, спорт пен өндірістің ұштасуы – жастарға өрісті өнеге.
«Бүгінгі шара – спорт пен еңбек адамын тоғыстырған рух пен ынтымақтың көрінісі. Чемпион болу – тек медаль алу емес, елге үлгі болу. Біз жұмысшы мамандық иелерінің қоғамдағы рөлін ерекше бағалаймыз. Еңбектің қадірін білу – нағыз патриотизмнің белгісі», деді ол.
«Чемпиондық рух» жобасы жыл соңына дейін өңірде әртүрлі форматта жалғасады. Алдағы уақытта бірқатар елді мекен мен әлеуметтік нысанда ашық жаттығулар, мотивациялық кездесулер мен спорттық іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Алматы облысы