Шаруашылық • Кеше

Даланы дүбірге бөледі

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шіліңгір шілде басталғалы бері Балқаш алқапта­рындағы арпа-бидай ору жұмысы жанданып, дала төсі дүбірге бөленіп жатыр. Аудандық ауыл шаруа­шылығы мамандарының мәліметінше, биыл 16 124,1 гектар суармалы жерге егін егілсе, оның 5 066 гектарына арпа-бидай, 500 гектарға сұлы, 7 000 гектар жерге күріш дақылдары себілген. Осы күні диқандар егін орағының 510 гектарын бастырып үлгерген.

Даланы дүбірге бөледі

Ақдала ауылдық округіндегі «Марат» шаруа қожалығы шаруашылыққа тиесілі 90 гектар суармалы жерге егілген дәнді дақылдың әр гектарынан 18 центнерден өнім алуды көздеп отыр. Бөлімше басшысы Нұркен Пұшанов пен механизаторлар Әлихан Көшербаев, Ғалым Қоржынбаев бастаған еңбек адамдарының тынымсыз тірлігі қалыпты жағдай саналады. Уақытпен санаспай еңбек етудің нәтижесінде аталған шаруашылық диқандары бүгінде егілген бидайдың 90 пайызын бастырып үлгерген. Егін орағын сапалы атқару мақсатында бір «MacDon», бір «Claas Trion 730» комбайндарын, сонымен қатар астық тасмалдауға екі «Камаз» автокөлігін іске қосқан. Техника күшімен егістік алқаптарындағы жұмыс сапалы жүргізіліп, аяқталуға таяп келеді. 120 гектар жерде дала аруы – ақ күріш те жайқалып тұр. Суды бойлай өскен дәннің қауыз жара бастағаны байқалады.

300 гектар суармалы жерге егілген жоңышқа шөбінің бірінші орылымы ойдағыдай аяқталған. 8 000 орама шөп бас­тырып, қысқы мал азығының берік қоры жасалыпты.

 

Алматы облысы