
Отбасын қолдау орталықтары тұрғындарға құқықтық, психологиялық көмек көрсетеді. Сондай-ақ «Неке және ерлі-зайыптылық туралы» Кодекске сәйкес өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау, қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильді топтардың ұйымдастырушысы болып саналады. Сонымен қатар, әлеуметтік қызметтер порталында мүгедектерге оңалту өнімдері мен қызметтерін алуға өтініштерді толтыруда консультация беру, көмек көрсетуді ұйымдастырады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап отбасының сандық картасы іске қосылған, ол отбасылардың (адамдардың) тізімін олардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейі бойынша қалыптастыруға, сегменттеуге мүмкіндік береді.
Өткен жылы «Жанұя» орталығы 41 мыңнан астам адамды қабылдап, бас-аяғы 44 мыңнан астам өтініш тіркеді. Ең сұранысқа ие бағыттар – жұмыспен қамту, жәрдемақыларды ресімдеу, заңгерлік, психологиялық көмек мәселелері бойынша консультациялар.
Қайырымдылық қорлары арқылы 2 051 отбасына атаулы көмек көрсетілді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардың, мамандар мен ҮЕҰ-ның қатысуымен 64 іс-шара өткізілді. Өткен жылы 170 отбасы әлеуметтік қамқорлыққа алынды. Бүгінде 83 отбасы қолдау арқасында олар қиын жағдайдан шығып, өмірлерін қалпына келтіре алды.
2025 жылдың басынан құрамында 670 адам бар 142 отбасы тұрақты қолдауға ие. Бұл отбасылар психологиялық, құқықтық қолдауды, сондай-ақ жұмысқа орналасуға қолдау көрсетуді есептегенде, жан-жақты көмек алуды жалғастырып жатыр.