
Суретте: Ұлытау ауданы орталығында салынып жатқан типтік аурухана.
Жаңаарқадағы аудандық аурухана көпбейінді ауданаралық аурухана болып өзгеріп, кеңейіп жатыр. Былтыр облыстық бюджеттен 380 млн теңге қаржы бөлінген. Емхана 200 келушіге арналған. Дәрігерлер жетіспейді. Амал жоқ, хирург, акушер-гинеколог болып зейнетке шыққан адамдар істейді. Биыл 1 млрд теңге қаржы бөлініпті. Бұл қаржыға аурухана күрделі жөндеуден өтеді. Заманауи аппаратпен жабдықталып жатыр. Мәселен, компьютерлік томография аппараты бар, бірақ онымен жұмыс істейтін арнайы маман жоқ. Маман келсе қаржылай көмек, баспана беру керек. Биыл ауданда бірінші рет дәрігерлерге арналған 18 пәтерлі үш қабатты үй салынғалы отыр. Қаржысы бөлінді. Аурухананың алдынан орын белгіленді.
Ауылдық жерге маман тарту да өзекті мәселе болып тұр. Бос орындардың жәрмеңкесіне барған уақытта жас мамандар «Беретін баспана заманауи талапқа сай ма?» деген сауал қояды.
Жыл сайын аудан орталығында халық саны көбейіп келеді. Өкінішке қарай, жергілікті тұрғындар өздері тұрған мекендегі тіркеуден шығып, қалаға тіркелген. Жүкті әйелдің көбі өзі тұрған аудан орталығындағы дәрігердің бақылауында болып, айы-күні толғанда Қарағанды қаласына барып босанады. Бұл ойланарлық мәселе. Шындығына келсек, осы аудан, ауылда түтінін түтетіп, суын ішіп отыр.
«Аурухананың берген дерегіне сүйенсек, 2021 жылдан бері сырқатпын деп тіркелген 3,5 мың адам қалаға барып қайта тіркеліп, емделуге сол жаққа кетіп қалған. Бұл тек медицина саласында есепте тұрғандар. Қаншама үлкен кісілерді білемін, балаларына Қарағанды, Астанадан үй алып, соған тіркеп қойған. Сол жақтың медициналық бақылауында. Тәртіп бойынша тіркелген жерде тұрмаса айыппұл салынады. Бірақ оған қарап жатқан ешкім жоқ», дейді Жаңаарқа ауданының әкімі Қанат Қожықаев.
2024 жылы Ұлытау ауданының денсаулық сақтау саласын дамытуға 347,5 млн теңге бөлініп, соның есебінен ауылдық емханалардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға мүмкіндік жасалды. 2023 жылы Ұлытау ауданы орталығында ауысымында 100 келушіге арналған, 20 орындық типтік үлгідегі аурухана құрылысы басталды. Мердігер ұйым «NAK Construction», субмердігер «Самға» ЖШС құрылысты 2025 жылдың соңына дейін аяқтап, іске қосуды жоспарлап отыр.
Бұрынғы аурухана ширек ғасыр бұрын балабақшаға лайықтап салынған. Санитарлық нормаға сәйкес келмейді. Кабинет жетіспейді. Жергілікті халық жаңа аурухананың іске қосылғанын асыға күтіп жүр. Дегенмен құрылыс жұмысы баяу жүріп жатқаны байқалады. Салынып жатқан ғимараттың басына барып, мән-жайды сұрастырғанда прораб Кенжебай Ахметов: «Менде түк ақпарат жоқ, бүгін келіп тұрған адаммын, бір жеті жүрсем нақты айтып берер едім», деп төтесінен жауап берді. Себебін сұрағанда: «Маған дейін Ерлан, Айбат деген азаматтар жауапты болған екен, оларды танымаймын. Қазір ғана жобаны қолыма алдым, әрі қарай не істеу керектігін құрылысшыларға түсіндіріп жатырмын», деді.
Сұрастырып білсек, нысанның құрылыс жұмысы бірнеше рет тоқтап қалған. Алғашқыда жобалық-сметалық құжатқа түзету енгізілген. Кейін тағы бір блок қосу мақсатында тоқтаған. Одан кейін №3 блоктың астында жұмыс жасау кезінде жер асты суы анықталған. Бұл әрлеу жұмыстары, қасбет, сыртқы, ішкі инженерлік желілер құрылысын жүргізуге мүмкіндік бермейді. Қазіргі уақытта жертөле қабаты аяқталды. Ұлытау облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Әли Бекенов: «Сметалық құжаттаманы өзгертпестен, жұмыс жобасына түзету енгізіледі. Ол жоба қазір мемлекеттік сараптамада жатыр. Қорытындысы шығу керек. Соған қарамастан құрылыс жұмысы жалғасуда. Жыл соңына дейін нысанды қолданысқа береміз. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен жасалған жобаның құны 3 млрд теңгеге жуық. Бес блоктан тұратын ауруханаға соңғы үлгідегі жабдықтар қойылады. Емхана күніне 100 адам қабылдай алады. Жалпы, Ұлытау облысында 14 медицина мекемесін қолданысқа беру жоспарланған. Олардың барлығы ауылдық жерде салынып жатыр», деп мәлімдеді.
Типтік аурухана салынып біткен соң медицина мамандарының мәселесі алға шықпақ. Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков: «Келген мамандарға үй беріп жатырмыз. «Дипломмен – ауылға» атты бағдарлама бар. Жас маманға үй сатып алуға үкімет көтерме жәрдемақы береді. Келгендердің көбісі оны алғысы келмейді. Себебі бөлінген қаражатқа үй сатып алса 10-15 жыл бойы тұрақтап, жұмыс істеуі керек. Біз уақытша үй береміз. Олар берген үйде ұзақ тұрмайды. Интернеттен қалада қандай үй, мамандық бар – тауып алады да, кетіп қалады. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жастарды ауылға тарту, бейімдеу үшін жасалған. Дегенмен денсаулық сақтау ғана емес, басқа салада тұрақтап қалғандар сирек», дейді.
Дәрігерлерге мемлекет тарапынан қолдау бар. Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Медицина қызметкерлерінің күні мерекесінде сөйлеген сөзінде: ««Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 14 нысанның құрылысы аяқталып, биыл тағы 11 нысан қолданысқа беріледі. Өңірімізде жұмыс істеуге ниетті дәрігерлерге 6-8 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы тағайындалған. Осы күнге дейін мұндай қолдауды 55 дәрігер алды», деген еді. Соған қарамастан аудандық, ауылдық елді мекендерге медицина мамандары тұрақтамай отыр.
Ұлытау облысы