
Сурет: otyrar.kz
Ғылым және жоғары білім министрлігі жақында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының жаңа оқу жылына 500 грант бөлгенін хабарлады. Бұл кімдерге берілмек?
Талапкерлерге жоғары оқу орындарында оқуға жағдай жасайтын қайырымдылық бағдарламасының шарты негізінде білім грантына мынадай санаттағы талапкерлер үміткер бола алады:
1) ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар;
2) жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар;
3) мүгедектігі бар азаматтар;
4) мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар;
5) 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан Қазақстан Республикасы азаматтарының балалары;
6) 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде жарақат алған балалар.
Осы жерде бағдарламаға қатысудың шекті жасы толық 29 жасты құрайтынын ескерте кеткен жөн.
Білім гранты бір реттік тәртіппен атаулы грант негізінде ұсынылады. Бұл грант жоғары білімі бар тұлғаларға, сондай-ақ республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен «бакалавр» дәрежесін алу үшін мемлекеттік білім гранты тағайындалған тұлғаларға екінші жоғары білім алуға және онлайн-оқуға берілмейді.
Грант тағайындалатын үміткерлердің тізімін Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы яки филиалы биыл ҰБТ-дан өткен және оның нәтижелері бойынша оқуға түсу үшін қажетті шекті балын жинаған (оның ішінде шығармашылық емтихандарды ескере отырып) талапкерлер қатарынан жасақтайды. Тізім жоғары оқу орнының немесе филиалдың конкурстық комиссиясы отырысының хаттамасы түрінде рәсімделеді.