
Бұл роботтың қолынан не келеді, мүмкіндігі қандай деген сауалға тоқталатын болсақ, ол өздігінен препараттардың дозасын дәл есептейді. Оған қоса, 360 градустық камера мен кескін базасы арқылы дәрі-дәрмектерді анықтай алады. Штрихкодтарды тексеріп, компоненттерді араластыруға дейінгі және кейінгі мөлшерін өлшейді. Адам араласпаса да, дозалау мен дәрілік препараттардың құрамын таңдауда қателік жібермейді. Пайдаланылған материалдарды өздігінен жоя отырып, адамның қауіпті заттармен жұмыс істеуін барынша азайтады. Бұл технология бұрын дәрі-дәрмектерді қолмен дайындау барысында цитотоксикалық заттармен байланысқа түсуге мәжбүр болған медициналық қызметкерлер үшін қауіп-қатерді айтарлықтай төмендетеді.
«KiroOncology» роботы екі механикалық манипулятормен жабдықталған, олар препараттарды флакондарға құю, араластыру үдерісін толық атқарады. Үдеріс аяқталғаннан кейін құрылғы пайдаланылған бөтелкелер мен шприцтерді химиотерапия қалдықтарын қолға ұстамай-ақ, автоматты түрде тығыздалатын герметикалық контейнерде жояды.