
Туристердің алдымен ат басын тірер жері, облыс орталығы – Ақтау қаласында Каспий теңізінің жағасын тазалау бойынша жаппай сенбілік ұйымдастырылды. Демалушылар көп баратын «Жылы жағажай» аумағында акция аясында өткен жаппай сенбілікке Маңғыстау облысы әкімінің орынбасарлары, Ақтау қаласының әкімі, коммуналдық қызмет өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, «Жасыл ел» еңбек жасағы мен жастар атсалысты. Тазалық жұмыстарына коммуналдық сала мекемелерімен қатар өзге де ұйымдардан барлығы 400-ге жуық қызметкер мен 4 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 12 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.
– Сенбіліктің басты мақсаты – Каспий теңізі жағалауын қоқыс қалдықтарынан тазартып, халық арасында демалыс мәдениетін қалыптастыруға үндеу. Өкінішке қарай, кейінгі уақытта жағалауда қоқыс қалдыру деректері жиілеп кетті. Күні кеше ғана бұл аумаққа 8 мыңға жуық көлік пен 30 мыңнан астам адам келіп, демалды. Алайда көпшілігі демалыстан кейін артында қалдықтарын жинамай, сол күйі тастап кеткен. Соның салдарынан еріктілермен бірге тау-тау болып жиналған қоқысты жинап жүрміз. Қазір жағалаудағы тазалықты сақтау үшін коммуналдық қызметтің 80-ге жуық маманы жұмыс істеп жатыр. Дегенмен демалушылардың соңынан қоқыс қалдыруы әлі де тоқтар емес. Арнайы қоқыс жәшіктері орнатылғанына қарамастан, кейбір азаматтар 50 қадам жердегі контейнерге қоқысын тастауға ерінеді. Экологиялық акция бір күндік шара емес, бұл бағыттағы жұмыс жыл бойы жалғасады, – деген Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев өңір тұрғындары мен демалушыларды экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа ұқыпты қарауға шақырды.
Елімізде, жасыратыны жоқ, тазалықты сақтау мәдениеті әлі де қалыс қалып келеді, яғни жоғары деңгейде қалыптасып, кете алмай тұр. Туристер жиі келетін Маңғыстауда, теңіз жағалауында шашылып қалатын қоқыстар сөзімізді дәлелдей түседі.
Деректерге сүйенсек, 2023 жылы Маңғыстау облысына 390 мыңға жуық турист келген болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 420 мыңға жеткен. Биылғы шомылу маусымында өңірге 500 мыңнан астам демалушы келген. Туристер саны жылдан-жылға артып келеді, бұл көрсеткіш өңірде тазалық сақтау жұмыстарын барынша белсенді жүргізуге үндейді.
Осы мақсатта «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде «Таза Ақтау» жобасы іске қосылды. Жоба аясында қаладағы тазалық пен санитарлық тәртіпті сақтау мақсатында полиция қызметкерлерімен бірлесіп мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Алғашқы тексеріс шаралары нәтижесінде 7 кәсіпкерлік нысанның санитарлық жағдайы, көше тазалығы, экологиялық нормаларға сәйкестігі тексеріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Анықталған кемшіліктерге байланысты барлық кәсіпкерлік субъектілеріне Әкімшілік кодексіне сәйкес ескертулер берілді, белгіленген мерзімде анықталған кемшіліктерді жою жөнінде тапсырма жүктелді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында қала көлемінде қоғамдық орындарды ластаудың алдын алу мақсатында Ақтау қаласы полиция басқармасының барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Экологиялық шара барысында белгілі уақыт арасында тоғыз мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды.
– Әкімшілік кодексінің 434-2-бабы, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау дерегі бойынша 2 667 құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар Әкімшілік кодексінің 505-бабы, қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру фактісі бойынша 6 569 құқық бұзушылық анықталды, деді Ақтау қаласы ПБ ЖПҚБ бастығының орынбасары Нұрлан Рахаев.
Тұрғындардың рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастау дерегі де азаймай тұр. Биыл табиғатты қорғау полициясы тарапынан табиғи аумақтарды ластағаны, қоқыс қалдырғаны, рұқсат етілмеген жерлердегі экологиялық құқықбұзушылықтарға қатысты 1000-ға жуық әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 70 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Жақында Қарақия ауданы, Құланды ауылы аумағында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық-тазалық жағдайын жақсарту мақсатында рұқсат етілмеген орынға тасталған қоқыс үйінділерін жою жұмыстары жүргізілді.
«Ғарыш сапары» ұлттық компаниясының спутниктік мониторингі Құланды ауылынан рұқсатсыз қоқыс тасталған үш орынды анықтады. Оқиғаға орай тиісті шара қабылданып, тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Нәтижесінде 2 дана өзі аударатын машина, 1 дана жүк тиегіш техника, 7 жұмысшы күші тартылып, жалпы көлемі 130 текше метр болатын тұрмыстық, құрылыс қалдықтары арнайы полигонға шығарылды.
Тазалық – тұрғындар үшін денсаулық кепілі, алыс-жақыннан келген туристер үшін жергілікті халықтың, мемлекеттің мәдени деңгейінің көрсеткіші. Сондықтан тазалық сақтау әрбір тұрғынның міндетті тәртібі екенін ұғынған жөн.
Маңғыстау облысы