Полиция мәліметінше, ауыл тұрғындары өз күшімен орнатқан темір құбырдан жасалған қақпа тиісті түрде бекітілмеген. Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін бұл алаң мен құрылғылар ешбір мемлекеттік балансқа тіркелмеген.
- Қауіпсіздік талаптарының сақталмауына байланысты аудан әкімінің атына тиісті нұсқама жолданды. Онда қауіпсіз әрі талапқа сай футбол алаңын ұйымдастыру қажеттігі көрсетілді, – делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Зардап шеккен бала жабық бас сүйек-ми жарақатын алып, миы шайқалған және жақ сүйегінен жарақат алған. Қазір ол Павлодар облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Полиция бала жарақат алған уақытта ата-анасының тарапынан тиісті бақылау болмағанын айтып, оларды әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
- Кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін оның заңды өкілдеріне айыппұл салынды, – делінген ведомство хабарламасында.