
Мыңдаған шақырымды артқа тастаған ол бүгінде жинаған тәжірибесін жас буынға үйретіп келеді.
Пойыздардың уақытында жүруі мен жолаушылардың қауіпсіздігі – теміржол мамандарының кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Талғат Құсайынов бұл салаға мектеп бітірген соң келгенін айтады.
Талғат Құсайынов, Павлодар локомотив пайдалану депосының машинист-нұсқаушысы:
– Мамандықты таңдауыма көршілерім себеп болды. Олардың формасы, теміржолдағы тәртіп пен салмақты бейнесі қатты әсер етті. Соларға қарап мен де осы жолды таңдадым. Алдымен машинист көмекшісі болдым, біздегі көп жігіт осы кезеңнен өтеді.
Теміржолмен бірге тыныстап келе жатқан білікті маман бүгінде жас әріптестеріне бағыт-бағдар беріп жүрген тәжірибелі тәлімгер. Ұжымда да оның беделі жоғары.
Николай Колтаков, Павлодар локомотив пайдалану депосының машинисі:
– Талғат – өте байсалды, жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын тәжірибелі маман. Әрине, оның талапшылдығын айтпай кетуге болмайды. Бұл сала үшін нағыз керек мінез.
Теміржол саласында 35 жыл үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Талғат Құсайынов кәсібіне адалдығымен ерекшеленеді. Кәсіби мереке қарсаңында оған «Адал еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды. Марапат жайлы сұралғанда ол: «Мүмкін, еңбегім сіңген шығар», – деп қысқа қайырды.