
Сурет: bolashaq.edu.kz
Сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екенін атап көрсете отырып: «Мәдениет және ақпарат, Ішкі істер, Әділет министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдерімен бірлесіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының этномедиация саласындағы жұмысына жан-жақты қолдау көрсетсін, «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын кеңейтсін», деп тапсырма берді.
Осы орайда Маңғыстау облысында этномедиация бағытында бірқатар жоба қолға алынды. Солардың бірі – «Ассамблея. Парламент. Мәслихат» жобасы. Бұл бойынша Маңғыстау облыстық мәслихаты Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Аталған жоба аясында облыс, аудан, қала депутаттарынан ҚХА-ның депутаттық тобы құрылып, жоспарға сәйкес қабылдау жүргізіліп келеді. Қабылдауда депутаттармен бірге этномедиаторлар да жұмыс істейді. Себебі депутаттардың қабылдауына арыз-шағыммен келген тұрғындардың этносаралық қатынастарға қатысы зерделеніп отырады.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл Ақтау қаласының түркі әлемінің мәдени астанасы болып белгіленуіне орай, Маңғыстау облысының этномедиациясын дамыту және шетелдегі әріптестермен тәжірибе алмасу жұмыстары да жоспарланған. Бұл ретте Алматы қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясы базасында 2024 жылдың 23–27 желтоқсаны аралығында өткен курста 2 этномедиатор біліктілігін арттырса, 23–27 маусым аралығында тағы да 4 этномедиатор өз біліктілігін шыңдады. Одан бөлек, биыл тағы да этномедиаторлардың біліктілігін арттыру мақсатында 28 шілде мен 8 тамыз аралығында 30 этномедиатор жалпы және арнайы курстардан өтіп, «Парасат» медиация және құқық орталығының сертификатын алды.
ҚХА-ның 13 жобасының бірі – «Елдесу және татуласу» жобасы бойынша жергілікті құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Осы орайда 23 мамыр күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, облыстық мәслихат және этномедиация кеңесінің төрағасы, Маңғыстау облыстық прокуратура, сот және білім басқармасы, Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы, облыстық полиция департаменті, Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдары, этномедиаторлар, мәслихат депутаттары, саяси партиялар, Ассамблея жастары қатысқан дөңгелек үстел өткізіліп, Маңғыстау облыстық Этномедиация кеңесі мен Маңғыстау облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының және «Қоғамдық келісім» мекемесі мен облыстық білім басқармасының арасында жасалған меморандумдарға қол қойылды.
Әрине, Ассамблеяның барлық бағыты маңызды, себебі олардың әрқайсысында халықтың тарихы, абыройы мен қадір-қасиеті көрініс табады. Ал этномедиаторлардың тарихи жадыны сақтаушы әрі келісім мен бейбітшілік мәдениетін қалыптастыра алатын, өткенді шынайы түсіну мен мәдени алуандылықты құрметтеуге негізделген дәнекер тұлғалар ретіндегі рөлі ерекше.
Президенттің «Басты міндет – Қазақстан халқының татулығы мен ауызбіршілігін, мемлекетіміздің тұтастығы мен киелі Тәуелсіздігімізді нығайту», деп атап көрсеткеніндей, Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы сессиясында берілген тапсырмаларды басшылыққа ала отырып, құқықтық мемлекет қалыптастыру, ағартушылық қызмет, қақтығыстардың алдын алу және әрбір азаматты қоғамдық келісімді нығайту үдерісіне тарту арқылы татулық пен ауызбірлік жолындағы қызметімізді жалғастыра береміз.
Жаңбырбай МАТАЕВ,
Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы, ҚХА медиация кеңесінің төрағасы