Руханият • Бүгін, 15:45

Ақын мұрасы насихатталды

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл адамзаттың ақыл алдаспанына айналған қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына – 180 жыл. Тарбағатайдан бастау алған торқалы той дүбірі бүгінде қазақ даласын шарпып жатыр. Ой кемеңгерінің онкүндігі аясында Астанадағы қаламгерлер аллеясында да ақынның шығармашылығы шарықтады. Сүбелі сөзді серік еткен жанның жан қалтасынан табылатын ақын мұрасы бүгін ашық аспан астында көпшіліктің назарына ұсынылды, деп жазады Egemen.kz.

Ақын мұрасы насихатталды

Елорда әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ ұйытқы болған шараның өтуіне Аманат партиясының «Алматы» аудандық филиалы қолдау көрсеткен. Жас пен жасамыс бас қосқан жыр кешіне Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы, ақын Бауыржан Бабажанұлы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Әлібек Асқаров, ақын Мақпал Мыса қатысты. Қалам ұстаған қауым ақынның ұлт руханиятына қосқан өлшеусіз өнегесінің өлмейтінін, керісінше уақыт озған сайын құны қымбаттай түскені туралы тұщымды ой тербеді.

«Ұлы Абай әр қазақтың жүрегінде, рухында үйінде айтылатын, ақыл беретін тұмарындай болу керек. Ал кітапханалар жүйесі әлем таныған, әлемге қазақты танытқан Абайдың насихаттау жолында тәрбие, танымдық, тарихи сағатпен қатар кітап көрмелерін ұйымдастырып жатыр. Ондағы басты мақсат Абайдың жанын, жүрегін, сөзін, өнерін, өлеңін жас ұрпаққа түсіндіру. Ақынның өнегесін жадына тоқып өскен жас ешқашан жаман болмайды», деді мәдениет саласының үздігі, кітапхана ардагері Сағыныш Дүйсенқызы.

Шығармашылық кеште кемел адам болуға ұмтылған оқушылар ұлы тұлғаның кесек ойларын, көсемсөздерін жатқа оқыды. Ұрпақ ұғуы тиіс адамдық әліппесінің әр тармағы жастың көмейінен ақтарылғаны кештің діттеген мақсатына жеткенін аңғартса керек.

аа

«Абай Құнанбайұлының өлеңдерін мектеп тапсырмасынан бөлек те оқуды әдетке айналдырып келемін. Оның қарасөздеріндегі ойлар балаларды еңбекқор болуға шақырады. Жиі оқи түссек, біз де ақылды бала болып ер жетіп, білім алудың маңызын түсінеміз», дейді  58 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы  Айша Байболатова.

Шара соңында балалар Абай сүйген тоғызқұмалақ ойынынан бәсекеге түсіп, ақын әні әуелеп, күйі күмбірледі.

мм