Абай • Бүгін, 09:45

Хакімнің кітабы

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық музейдің «Тарих» залындағы Абай бұрышында ақын өмірі мен шығармашылығына қатысты жәдігерлер қойылған. Соның бірі – мына кітап.

Хакімнің кітабы

Бұл жәдігер 1922 жылы Ташкент қаласында жарық көрген Абайдың өлеңдер жинағы екен. Құнды туындының музей қорына (шифр – 4127) қабылданған актісінде: «Кітап. Абай. Таңдамалы өлеңдер жинағы. 3-ші басылым. Түркістан мемлекеттік баспасы. – Ташкент, 1922 ж» деп жазылып: «Кірлеген, сарғайған, қарайған жерлері бар. Мұқабаның шеттері және кітаптың беттері мыжылған, жыртылған», деп қосымша ақпар беріліпті.

Музейге бұл жәдігерді 2015 жылы 20 сәуір күні, яғни ұлы ақынның туғанына 170 жыл толу қарсаңын­да және мекеме қызметкерлері ұйым­дастырған «Ұлттық мұражайға сый тарту» акциясы аясында филология ғылымдарының докторы, профес­сор Серік Негимов сыйға тартқан екен. Оған дәлел – кітаптың бірінші және соңғы беттерінде С.Негимовтің жеке мөрі басылыпты.

Ал кітаптың жарық көру тарихы­на тоқталар болсақ, Абайдың «Жиде­бай-Бөрлі» тарихи-мәдени және әде­би-мемориалдық музей-қоры­ғы­ның жетекші ғылыми қызмет­кері Мейрамгүл Қайранбаеваның пікірінше, бұл кітап осы жылы (1922) үш дүркін жарық көрген. Алғаш­қы екеуі Қазан қаласында басылып, үшіншісі Ташкентте жарық көр­ген. Сол себепті, кітаптың ташкент­тік нұсқасында «3-ші басылым» деп тұр дейді.

«Бұл кітапты Ташкентте бастырып жүрген тұлғалар кімдер?» деген сұраққа Мейрамгүл Сейітжапар­қызы: «Кітаптың жарық көруіне ат­са­лыс­қан алаш қайраткерлері. Олар осы жылдары Ташкент қаласында Нәзір Төреқұловтың бастамасымен құрылған қазақ-қырғыз білім комиссиясының мүшелері болуға тиіс. Өйткені, осы тұста Ташкент­тегі «Түркістан мемлекеттік баспасын» Н.Төреқұлов басқарып тұрған. Бұл істің атқарылуына алаш арысы Халел Досмұхамедұлының үлесі бар. Өйткені бұл тұлға ақынның таңдамалы өлеңдер жинағы туралы пікір білдірген», дейді.

Келесі кезекте құнды жәді­гер әдебиетші ғалым Серік Нығме­тол­лаұлының қолына қалай түсіп жүр дегенге тоқталсақ: «Менің туған жерім бұрынғы Көкшетау облысы, Қызылту ауданы, «Большевик» совхозы. Ауылда ескінің жолын ұстаған ақсақалдар көп болды. Соның бірі бізге жамағайын туыс Қабдеш Кәлтеңұлы деген қария еді. Осы кісі қазақтың сөз ұста­ған мықтылары Абай, Шәкәрім, Мағ­жан қатарлы қайраткерлердің бәрін оқы­ған, тіпті кейбірінің кітабы қолын­да бар еді. Соның бірі – өзің көріп отыр­ған Абайдың жинағы», деді Серік аға.

– Абайдың жинағын біздің әулет көздің қарашығындай сақтаған екен. Жоғарыдағы Қабдеш қария өзі өмірден өткенде кітапты жамаға­йын туысы, сөз танитын інісі Жабар Әулишеұлына тапсырып кетіпті. Бұл кісі дүниеден өтер алдында кітап­ты менің әкем Нығметоллаға «Нықа, сенің ұлың Алматыда оқып жүр. Мына кітапқа түбі ие болатын адам сол. Соған бер» деп аманаттапты. Бұл 1970 жылдар шамасы болса керек. Кітап осылай әкемнің қолында 1992 жылға дейін сақталып, өзі өмірден өтерде маған аманаттаған еді.