
Фото: smartnews.kz
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл жүйе жеке құрамның психологиялық тұрақтылығын арттыруға және әскердегі қайғылы оқиғалардың алдын алуға ықпал етеді. PSY-тәуекел әдістемесін министрліктің әскери психологтары әзірлеген.
Жаңа жоба 2025 жылғы көктемгі шақыру кезінде сәтті сынақтан өткен. Соның нәтижесінде суицидке бейімділік белгілері бар 470-тен астам жас анықталған. Олар қызметтен босатылып, қосымша тексеруге жіберілген.
Жаңа жүйе бастапқы скринингті, терең психологиялық тексеруді және қажет болған жағдайда психиатриялық сараптаманы қамтитын психодиагностиканың көп сатылы механизмі. Жүйенің мақсаты психоэмоционалды тұрақтылық тұрғысынан Қарулы күштерде қызмет етуге дайын емес адамдарды шақырудан босату.
PSY-тәуекелді енгізу мәселелері ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өткен ведомствоаралық жұмыс тобы отырысының негізгі тақырыбы болған. Оның құрамына Қорғаныс, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және басқа да мемлекеттік құрылымдардың мамандары кірген.
Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті психологиялық және әскери-әлеуметтік жұмыс басқармасының бастығы подполковник Арман Қалышевтің айтуынша, бастама Үкіметтің тапсырмасы бойынша іске асырылып жатыр. Бұл бастама әскерге шақыру науқаны шеңберінде жүйелі профилактиканың да бір бөлігі болады.
«Біз психологиялық тұрақсыз адамдарды електен өткізіп қана қоймай, болашақ әскери бөлімдердің ұжымдарын ықтимал қауіпті жағдайлардан қорғауға тырысамыз. Бұл бөлімшелердегі денсаулық, өмір және моральдық ахуалға қатысты», деді подполковник Арман Қалышев.
Еліміздің барлық өңірлерінде PSY-тәуекелді жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі. Инновация іріктеу тиімділігін арттырып, армиядағы штаттан тыс жағдайлардың санын азайтып, жас әскери қызметшілердің психикалық денсаулығын нығайтудағы маңызды қадам болады деп болжанып отыр.