
Фото: ile-tany.kz
Көптеген елдер біздегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарын, eGov порталы мен е-Өтініш жүйесін көріп, өз елдерінде үлгі ретінде пайдалануға дайын. Қазақстан да шетел тәжірибелерін зерттеп, ең тиімділерін елге енгізуге тырысып жатыр.
Мәселен, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары Надир Құрымбаев «GovTech» (мемлекеттік технологиялар), «FinTech» (қаржы технологиялары) және «EdTech» (білім беру технологиялары) бағытында Қазақстанда дайындалған бірқатар өнімдер шетелге коммерциялық негізде сатылып жатқанын айтады.
«Мысалы Тәжікстан – 2020 жылдан бастап eGov порталымызды өз елінде енгізіп жатыр, ал Того – осы жүйені пайдалануға келісім берген», дейді ол. Сонымен қатар сала министрлігінің өкілі растағандай, жүргізуші куәлігін жасанды интеллект арқылы рәсімдеу сервисіне Ұлыбритания өкілдері қызығушылық білдірген.
Ал кейбір мемлекеттер цифрландыру процесін әдейі тежеп отырған көрінеді. Олар алдымен қорғаныс жүйесін жетілдіріп алмақшы.
«Эстония – цифрландыру жағынан көшбасшы елдердің бірі. Бірақ олар да кейбір жағдайда жүйені тоқтатып отырады. Мәселен сайлау немесе заң қабылдау кезеңінде хакерлік шабуылдар көбейіп кетеді екен, бұл – интернеттің, банктердің және басқа жүйелердің уақытша тоқтап қалуына әкелуі мүмкін, сондықтан олар мұндай кезде онлайн қызметтерді уақытша шектейді. Эстондар бұл процесті белгілі бір квота бойынша жүргізеді, яғни, жыл сайын нақты қандай сервистер онлайн форматқа көшетіні жоспарланады, ал қалғандары уақытша тоқтатылып тұрады», дейді Astana IT University ректорының кеңесшісі Болатжан Құмалақов.
Еуроодақ елдерінде GDPR – жеке деректерді қорғау туралы заң бар. Бұл заң өте қатаң. Сондықтан Италия, Франция сияқты елдер бұл процесті саналы түрде тежеп отыр.
Ал Қазақстанда электронды үкімет 2006 жылы енгізілсе, жеке деректер мен киберқауіпсіздікке қатысты заңдар 14 жылдан кейін, яғни 2020 жылдан қабылданған. Сарапшылардың айтуынша цифрландыру жағынан озық болсақ та, киберқауіпсіздік тұрғысында сәл артта қалғандықтан бізге киберқауіпсіздікті тез арада күшейту қажет, себебі неғұрлым көп дерек онлайнға көшсе, соғұрлым мүмкіндіктер кеңейіп, шабуыл жасауға қызығатындар көбейеді.
Қазір цифрландыру игілігін ел көріп отыр. Бұрын құжат алу – күрделі әрі уақытты қажет ететін процесс болатын. Мысалы, 16 жасқа толғанда: АХАЖ-ға барып, туу туралы анықтама алу, кезекке тұру, қажетті құжаттарды жинау – бірнеше күндік шаруа еді. Ал қазір – туу туралы куәлік, ата-анасының бірі болса жеткілікті, жеке куәлік бір күнде дайын болады. Міне, бұл – цифрландырудың нақты жетістігі.