Қаржы • Бүгін, 18:53

Атырауда жыл басынан бері 71 адам банкрот деп танылды

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысында жыл басынан бері 4 135 адам соттан тыс банкроттыққа өтініш берді. Оның ішінде 702 адамның сұранысы мақұлданды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда жыл басынан бері 71 адам банкрот деп танылды

Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының бас маманы Шұға Жаншаеваның дерегіне қарағанда, қазір 300 өтініш қаралып жатыр.

«Банкрот болуды қалаған 3 мың адамның өтініші заң талаптарына сәйкес келмеді. Сол себептен, олардың өтініші қараусыз қалдырылды. Банкроттық рәсімге өтініш беру үшін берешек сомасы 1600 айлық есептік көрсеткіштен – шамамен 6,3 млн теңгеден аспауы тиіс. Қарыздың өтелмегеніне кемінде 12 ай өтуі, борышкердің тұрақты табысының болмауы маңызды шарттардың бірі саналады. Жыл басынан бері 71 жеке тұлға соттан тыс банкрот деп танылды», дейді Шұға Жаншаева.

Оның айтуынша, банкрот деп танылғандардың бірнеше себебі бар. Біріншіден, басым бөлігіне жұмыссыздық әсер еткен. Екіншіден, тұрақты табыстың болмауынан қарызын өтей алмаған. Үшіншіден, несие жүктемесі артып, қаржылық қиындыққа тап болған.

«Өтініші арнайы талаптарға сай келмегендер енді үш айдан кейін қайта тапсыра алады. Банкрот деп танылған жеке тұлғалар алдағы бес жылда банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие алмайды. Олардың қаржылық жағдайы үш жыл бойы бақылауда болады», деп мәлім етті Шұға Жаншаева.