Ұстаз • Бүгін, 08:40

Бала жүрегіне жол тапқан ұстаз

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің жастары білім жарыстарында жиі топ жарып жүр. Осындай жетістікке жетуімізге ел ішіндегі білікті мұғалімдердің үлесі зор. Солардың бірі – Алматыдағы №134 лицейдің математика пәні мұғалімі, блогер Евгений Солоницын. Ол жастардың пәнге деген қызығушылығын оятудың тың жолдарын тапқан.

Бала жүрегіне жол тапқан ұстаз

«Мен Алматыда туып-өстім. Қазір 24 жас­тамын. 19 жасымнан бастап математика пәнінен сабақ беріп келемін. Отбасым қарапайым: анам – логопед, әкем – инженер. Анам менің педагогикалық қабілетімді алғашқылардың бірі болып байқаған. Басында бағаларым жо­ғары болған жоқ, көбіне үш алатынмын. Бірақ 8-сыныптан кейін физика-математика мек­тебіне ауысып, жақсы мұғалімнің арқасында пәнге қызығушылығым оянды», дейді ол.

Жас ұстаз Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да радиотехника және телекоммуникациялар ма­мандығы бойынша білім алғанымен, кейін бұл саланың өзіне жат екенін түсінген. Осы кезден бастап репетитор болып, ақырында ұстаздыққа бет бұрған. «Пандемия кезінде онлайн форматқа алғаш көшкендердің бірімін. Осы сәт мен үшін үлкен мүмкіндікке айнал­ды. Оқушылар көптеп келе бастады. Сарафан­­­дық жарнама арқылы клиент көбейіп, өз ­ауди­ториям қалыптасты. Кейін Қазақ ұлт­тық педагогикалық университетінде магистратура бітіріп, өзім оқыған №134 лицейге ұстаз болып орналастым», дейді педагог.

Ол бүгінгі білім берудегі басты мәселе – пән­нің шынайы өмірмен байланысын түсін­діре алмау екенін айтады. Сондықтан өзінің ав­торлық әдістемесінде ең алдымен формуланың өмірдегі маңызын көрсетіп алуға тырысады. «Мысалы, ағаштың биіктігін қалай есептейміз? Балалармен бірге тауға шығамыз, Медеудегі көліктерді санап, экологиялық әсерін салыс­тырамыз. Оқушылар өздері қоғамдық көлікке көшудің жолдарын ұсынады. Талдау, есеп, қорытынды – бәрі математика арқылы жасалады. Балалар ойланып, ортаға пікір айтады. Мен үшін ең маңыздысы – олардың санасына ой салу», дейді математика пәні мұғалімі.

Е.Солоницын – заманауи мұғалім. Ол «TikTok», «Instagram» желілерінде 350 мыңнан астам оқырманы бар блогер. Бұл платформа оған білім беру жүйесін тереңірек түсіну­ге мүмкіндік берген. «Блог жүргізу арқы­лы қандай тапсырма беруге болады, не қызықты, не қиын – бәрін саралаймын. Жеке курс­тар ашып, 6-сынып оқушыларымен жұмыс істей бастадым. Жаңа жылдан бастап 7–8-сы­ныптарға да топ ашқым келеді», дейді ол.

Жас мұғалімнің тағы бір ұстанымы – бала ұстаздан қорықпауы керек. Сабақ қызықты болуы үшін өзі де жігерлі әрі сергек болуға тырысады. «Мені кейде мектеп күзетшілері «оқушы» деп шатастырып, тоқтатады. Ал сыныпта басында тәртіп орнату қиын болды. Қазір балалармен жақсы байланыс орнады. Олар мені ағасындай көреді. Меніңше, бала үшін оқу – ауыр жүк емес, қызықты сапар болуы керек. Қатал мұғалімдер көп оқушының пәнге деген ынтасын жоғалтады», дейді ол.

Солоницын елімізде STEM тұжырым­да­ма­сының кең таралуын қолдайды. Ол пән­аралық байланысты күшейту керектігін айтады. Себебі математика – тек формула емес, өмірге қажет түсінік. «Жекеменшік мектептерде математика биологиямен, экология­мен ­байланыстырылады. Ал қарапайым мек­­тептер­де бұл тәжірибе жоқ. Қаржы да, қол­­дау да аз. Көп мұғалімдер баяғы тәсілмен сабақ береді. Ал қазір заман өзгерді. Баланың наза­рын ұстай алмайтын ұстаз – жаңа білім беру жүйесінде көпке бара алмайды», дейді Евгений.

Оның ұстаздық миссиясы – баланың логикасын оятып, санасына дән егу. Ол болашақта сол дән тамыр жайып, үлкен өзгерістерге ұласады деп сенеді. Еліміздегі ең креативті ұстаз – осылайша оқушы жүрегінен орын тауып отыр.