Аймақтар • Бүгін, 08:45

Балабақшадағы жаңа жүйе

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осы жылы ел аумағындағы барлық балабақша ваучерлық қаржыландыру жүйесімен қамтылады. Ата-аналардың ыңғайына орайластырылған жаңа бастама жыл бұрын Таразда қанатқақты жоба ретінде іске қосылған болатын. Баланы үйде отырып-ақ кезекке қоюға мүмкіндік беретін жоба тараздықтардың көңілінен шыққан сыңайлы. Өйткені ата-ана бала үшін бөлінген қаражатты жүйе негізінде қадағалай алады. Бұл – олар үшін тиімді.

Балабақшадағы жаңа жүйе

Сурет: baq.kz

Бастапқыда Тараз, Шымкент және Түркістанда қанатқақты жоба ретінде іске қосылады деп жоспарланған жүйе Таразда сәтімен жүзеге асты деуге толық негіз бар. Жүйенің артықшылығы – баланы балабақшаға тіркеу, жолдама алу мүмкіндігі.

Ата-ана ваучерлық қаржылан­дыру жүйесіне қосылу арқылы балабақшаны өз қалауымен таңдау мүмкіндігіне ие болады. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті арт­тырады. Өйткені жұмыс жүйе­сі көңіл көншітпейтін балабақ­шалар өздігінен жабылады.

«Ілгеріде ұзын-сонар кезекке тұрудан қажып жүретінбіз. Одан әбден зәрезап болған соң, бала дүние дидарын көргеннен бастап кезекке жазыла бастадық қой. Ол жұмыстың машақаты көп еді. Тіркелу үшін түрлі мекемені жағалап, табан тоздыратынбыз. Қазір сол жүйенің түпкілікті жо­йылып жатқаны көңіл қуантады.

Расында да ваучер жүйесі – ата-ана үшін тиімді. Баланы тіркеу бі­рер минут қана уақытыңды ала­­ды. Мәселен, таңғы уақытта тір­ке­л­­сең, кешқұрым ваучерлық бері­­леді. Уақыттан ұтылмай­сың», дейді жаңа жобаның шарапатын көр­ген ата-ананың бірі Арайлым Оспанова.

Расында да бастапқыда Тараз­да ­бастау алған жоба жергілікті халықтың көңілінен шыққан секілді. Өйткені олар білім бөлімі секілді мекемелерге ағылып, табан тоздырмайды.

Indigo ақпа­раттық жүйесі арқылы бала­бақша таңдауды жүзеге асырады. Олар тізімде көрсетілген бала­бақшаның бірін таңдайды. Шы­нында да, жаңа жобаның жер­гілікті халық үшін өте тиімді екеніне ешкімнің таласы жоқ шығар. Өйткені ата-аналар ­ваучер болу арқылы жұмыстың едеәуір жеңілдегенін алға тартып отыр.

Жоғарыда айтқанымыздай, вау­чер­лік қаржы­ландыру қанатқақты жоба ретінде өткен жылы Та­разда жүзеге асырылды. Де­рек­ке сүйенсек, мұнда 25 мың бала балабақша табалдыры­ғын аттаған. Бал­дыр­ғандардың мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етілуіне қазынадан 18 млрд теңге қаражат қарастырылыпты. Ата-ана бұл қаржының мақсатты жұм­салуын да қадағалай алады екен. Тек ваучер ретінде тіркелуге берілетін үш мүмкін­дікті уыстан шығарып алмаса болғаны.

«Жаңа жоба іске асырылғалы балабақшалар ата-ананың таң­да­уына таласатыны белгілі. Бұл өз кезе­гінде жұмыс сапасын, өнімділігін арттыруға айтар­лық­тай сеп болады. Бәсеке бар жерде дамудың болаты­ны қалыпты жағдай ғой. Тәр­бие­шілер, педагог мамандар өздеріне кел­ген балаларды басқа балабақ­ша­ға жібермеу үшін тырысады, жанта­ласады. Соның арқасында біліктілі­гін ұдайы жетілдіріп отырады. Бұл шын мәнінде адал бәсекелестікті қа­лыптастыратыны анық. Жаңа жоба бұқара халық үшін сонысымен де тиімді болып отырғаны даусыз», дейді «Толағай» балабақшасының басшысы Гауһар Күзенбаева.

Ваучерлық қаржыландыру жүйе­сіне қосылған ата-ана өз мүм­кіндігіне мұқият болғаны абзал. Ол өзіне тиесілі үш мүм­кін­дікті өткізіп алса, база оны автоматты түрде кезектің соңы­на түсіріп жібереді екен. Жаңа жоба қолға алынғалы Тараздан кейін Шымкент, Орал және Астана қалалары ваучер­лық қаржы­ланды­ру жүйесіне қосылып үлгеріпті. Атқа­рылған жүйелі жұмыс нәтиже­сінде балабақша кезегі 44 па­йыз­ға қысқарған көрінеді. 

Оқу-ағарту министрлігі ваучер­лық қар­жы­ландыру жүйе­сі осы жылдың со­ңы­на дейін еліміз­дің барлық өңірін­­де іске қосы­латынын растап отыр. ­Қа­зір­­­ге дейін жаңа жоба облыстық маңы­­зы бар 15 қалада және екі өңір­дегі ­5 ауданда жүзеге асырылып жа­тыр екен. Бүгінгі күнге дейін 3 мың­нан астам мектепке дейінгі ұйымды қамтыған жүйе негізінде 230 мың­нан астам балдырған балабақшаға барған.

 

Жамбыл облысы