Абай • Бүгін, 08:50

Баламасы жоқ баянды байлық

150 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Абай мұрасы ұлтпен бірге жасай береді. Әр буынның міндеті – ақын шығармаларының мазмұны мен мағынасын, көркемдік әле­мін білумен бірге даналық ілімін меңгермекке бағытталуы керек. Өйткені Абайдың ақыл-ой байлығынан туған қасиетті руха­ни құндылықтар оның ілімінде сақ­талған.

Баламасы жоқ баянды байлық

Абай ілімінің жүйесін, іргелі ұста­нымдарын, құрамдас бөлімдерін, бастау көздерін, басты категорияларын білу, түсіну және өмірде қолдану – қоғамдық сана жаңаруының, зияткерлік әлеуетімізді арттырудың басты тетігі. Абайдың ілімін білудің, түсінудің, өмірде қолданудың әлеуметтік маңызы өлшеусіз зор.

Ақынның шығармашылық даралығы мен даналығының мәні халықтығында. Халық өмірінің шындығын ашып суреттеуде Абай көркемдік-эстетикалық ойлау кеңістігінің бұрын-соңды ешбір ақын шығып көрмеген шырқау биігінде самғады. Сол биікте халықтың өткен шағының тарихы мен тағылымын пайымдады, өз тұсындағы мұңы мен мұқтажын толғады, алдағы арманы мен үмітін жырлады, дәстүрлі мәдениетінің нұрын таратты, дәстүрлі дүниетанымының шырағын жақты.

Онда теңдесі жоқ терең таным байлы­ғынан туған, ерекше дараланған екі бейне бар: бірі – халық бейнесі, екіншісі – ақынның өз бейнесі. Екі бейненің де мазмұны бай, мәні терең. Абай мұра­сының халықтығы осы байлық пен осы тереңдікте ашылады. Бұл байлық ашылған сайын тасиды, бұл тереңдік бойлаған са­йын тереңдейді. Мұндай қасиет біздің санамыздан тыс тұрған болмысқа ғана тән. Абайдың байтақ шығар­машылық әлемі, ілімі өзінің балама­сыз байлығы­мен, бойлау бермейтін тереңдігімен осы болмыстың өзіндей биік көрінеді.

Абай халқының игілігіне сыры мен қыры толық ашылып бітпейтін қисапсыз мол көркемдік-эстетикалық қазына, теңіздей тебіреніп жатқан тереңіне қанша бойлағанмен, түбіне жетіп болмайтын ақыл-ой байлығын қалдырды. Мұндай көркемдік-эстетикалық қазына мен мұндай ақыл-ой байлығының қасиетін танып, қадірін білу туралы айтқанымызбен, қандай да бір нақты ғылыми-шығармашылық нәтижеге қол жеткізетін тиянақты іс бітіру оңай емес.

«Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын

Қазақтың келістірер қай баласы?»

дегенде, өлең сөздің поэтикалық табиға­ты туралы көркемдік-эстетикалық биік көзқарасын аңғартады. Өлеңнің ішкі бай­лығына, сыртқы ажарына қатысты талап­тарын танытып, әдеби шығарма маз­мұны мен пішінінің бірлігі жайында терең теориялық қағида тудырады. Ақын­ның «сөз жақсысы» туралы ойлары үлкен ғылыми пайымдауларға негіз болатын құнды қағидалар қатарымен маңызды.

«Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы»,

деп, өлең сөздің қасиеті туралы қағидала­рын нақты үлгіде ұсынады. Ой анық, пікір айқын, негізді, дәйекті.

Өлеңді сөз патшасы ретінде бағалау қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясында Абайдан басталады. Сөз өнері­нің асыл үлгісіне, әдеби тілге қоятын талап­тары мен қағидаларын ғылымның қазіргі таңдағы өлшем биігінде зерттеу – гуманитарлық ғылымдар саласындағы ғалымдарымыздың алдында тұрған өзекті міндеттердің бірі.

Хакім шығармашылығы айрықша сыншылдық сарынымен саралана­ды. Ақынның сыншылдығы, сыны тура­лы айтқанда, мына жайға назар аудару дұрыс деп білеміз: Абай сына­ған қоғам, Абай сынаған адам, Абай сынаған заман – бәрі де бодандық бұ­ғауын­да еді. Ақын қоғамның бодандық бұғауында қалыптасқан болмысын сына­­ды, адамның бодандық бұғауында қалып­тас­қан мінезі мен істеген ісін сынады, за­манның бодандық бұғауында пайда бол­ған ахуалын сынады. Абайдың сыны мен сыншылдығының, сатирасының өзе­гіндегі осындай сырды дұрыс түсінуіміз керек.

Болыс болдым, мінекей,

Бар малымды шығындап, –

деп болыс болған адамның сынын айтса, оның өзі бодандық жағдайындағы елді құрсауында ұстап отырған империялық биліктің салдарымен сабақтасып жатыр. Абай болыс болған замандасына сын айта отырып, оған болыстық билікті беруші отаршы империяның бодан халықты билеп-төстеу жүйесін сынайды. Бұл мәселе күні бүгінге дейін толық зерттелген емес, бірақ оны ғылыми негізде қазіргі заман ғылымының мето­до­логиялық жетістіктері деңгейінде қарастырып, лайықты бағасын берудің өзектілігі күн сайын арта түсуде.

Ақын:

«Әділеттік, арлылық, махаббат пен –

Үш жолдасың қабірден әрі өткенде», дейді. Ақынның ұсынып отырған насихаты бойынша, әділеттік, арлылық, махаббат үшеуін адам тірісінде жолдас етеді, олардан адасып қалмаған немесе оларды адастырып тастап кетпеген адам қабірде де осы үшеуінің достығын көреді. Адам баласының бойында осы қасиеттердің бірі болмаған жерде қалған екеуі де қалмайды.

Түрік халықтарының дәстүрлі дүние­танымында адам әділеттік, арлылық, махаббат үшеуінің жолдастығына ақыретте де мұқтаж болады. Адам баласы қабірден әрі өтіп, жаратушы алдында жауап бергенде, оның тіршілікте жасаған абзал істеріне осы үшеуі куәлік етіп, жол­дастығын көрсетеді. Ақынның осы бір­ауыз сөзінің түпкі мәнісінен түрік халық­тарының дәстүрлі дүниетанымына тән көзқарастың нұры таралады. Адам­затқа әділеттікті, арлылық пен махаббатты насихаттағанда, осындай абзал қасиет­тердің нәрін халықтың дәстүрлі дүние­танымына сүйеніп сіңіруді көздеген.

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тəтті.

Адамзаттың бəрін сүй бауырым деп,

Жəне Хақ жолы осы деп əділетті»,

деген төрт жолда аяулы ақынның абзал мұраты, өмірлік кредосы, қазақ хал­қы­ның ғана емес, адамзаттың бәрінің данасы, асқан ойшылы, гуманист-философы екені көрініп тұр. Қазақтың ұлы ойшылының тағылымы мол ілімі мен білімі, әрісін айтқанда, пайғамбардан, берісі түгел түркі жұртының пірі саналатын Қожа Ахмет Ясауиден бастау алады. Оның даналығы, терең ойшылдығы түрік ақыны Юнус Эмремен, əзербайжан ақыны Несимимен үндеседі.

Әлем халықтарының ынтымағы мен бірлігін көздейтін кез келген халық­ара­­лық ұйымның, əлем бедерінде бей­бітшілікті насихаттаумен айналысатын дүние жүзіне ортақ қоғамдық меке­мелердің айнымас ұраны осы емес пе? Мұндай асыл ойдың негізі адамзатқа күн көзіндей нұр беретін ілім жүйесінде ғана болады. Абай – көкірегінен күн көзіндей нұр таратқан ілімі бар тұлға.

Фараби университетінде «Абай­дың кісілік кодексі» жасалып, оған ақынның осы даналық сөзі он тоғыз баптың бірі болып енді. 

«Абайдың кісілік кодексі» – Фараби университетінің зияткерлік асыл құнды­лықтарының бірі. Кодексте ел үшін, ел­дің өсер өркені үшін өмірлік маңызы зор ақыл-ой кені ашылған. Ол студенттер­дің жатақханадан оқу ғимараттарына келе­тін, оқу ғимараттарынан жатақханаға баратын гүл ашқан жолы бойында екі баннерге орналастырылған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінде ақынның шығар­ма­шылық мұрасын зерттеу, насихаттау, білім алушылардың игілігіне пайдалану ба­ғытында көптеген игі істер атқарылып жатыр. ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты хакім еңбектерін және абайтану бойынша зерттеулерді білім алушылар мен оқытушы-профес­сорлардың, ғылыми қауымның, көп­шіліктің игілігіне ұсыну мақсатында нақты және игілікті жұмыстар жүргі­зіп келеді. Атқарылған жұмыс нәтиже­лерінің дені Абай институтының сайтында жарияланып, Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасы, ілімі туралы қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі ақпа­раттардың мол қоры жасалды. Абай институты абайтану тарихында алғаш рет «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдық басылымының 50 томын дайындап, «Қазақ университеті» баспасынан жарыққа шығарды.

Біз «Абай­тану антологиясы» атты 10 томдық іргелі ғылыми басылымды даярлап, жарыққа шығардық. Алғашқы том Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай туралы мақаласымен ашылған. Еңбекті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жа­­нын­­дағы Абай ғылыми-зерт­теу инс­ти­туты әзірлеп, «Қазақ уни­вер­­­ситеті» баспасы шығарған елу томдық «Абай­тану. Таңдамалы еңбектер» көп­том­­­дық сериялық басылымымен үйлестірді.

«Абай институтының еңбектері» ­және «Абай институтының е-басылым­дары» атты көптомдық екі сериялық басылым жарық көріп, білім алушылар­­ға ұсынылды. Осы басылымдар негізін­де отыздан астам кітап жарық көрді. Сонымен қатар Абай институтының «Ғылым таппай мақтанба» тақырыбында тұрақты жұмыс жасайтын бейнехабарлар сериясының танымдық, тәрбиелік мәнінің зор екенін атап өткен орынды.

Абайдың шығармашылық мұрасы мен ілімін зерттеу, насихаттау саласында жасалған жұмыстардың нәтижеле­рін, мәдени-ақпараттық, оқу-әдістемелік және ғылыми құндылықтар қорын толық қамтитын «Абайтану антологиясы» атты е-ресурстар базасы жасалып, ол университет кітапханасының порталында орналастырылды. Университеттің аталған интеллектуалдық ресурстар базасы – әлеуметтік маңызы мен құндылығына әлемдік масштабта баға жетпейтін баянды рухани байлық.

«Абайтану антологиясы» интел­лек­туалдық ресурстар базасы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің қау­­лысымен өндіріске енгізілді. Ұлт­тық университеттің зияткерлік менші­гіне айналған мұндай ұлттық сипаты қанық рухани байлық қазір осы университетте ғана бар. Айтылған жетістіктерге қоса аталуға лайықты тағы бір жай бар. Ол – Абай институтында «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдық сериялық басылымының кезекті елу томының е-басылым ретін­де дайындалуы. Онда университеттің оқытушы-профессорларының, университет түлектерінің соны еңбектері жинақталған. Сондай-ақ Абай инсти­тутының «Адамзаттың Абайы» атты ұжымдық монографиясы, «Абай ғы­лыми-зерттеу институты» ғылыми-ақпа­раттық жинағы мен он бейнелекциясы да Абайдың 180 жылдық мерейтойы тұсында ақын мұрасын насихаттау өрі­сінің кеңеюіне қосылған елеулі үлес.

«Абай ілімі» оқу пәні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін­де жоғары білім беру бағдарламала­ры­ның бірінші тобындағы таңдау пәні ретінде 2021–2022 оқу жылынан бас­тап оқытылып келеді, сараптаудан то­лық өтті. Пән Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық ғылыми жобаларын орындау нәтижелері негізінде дайындалды. Оқу-әдістемелік тұрғыда толық қамтамасыз етілді. Пәннің мазмұнында Абай ілімінің басты ұстанымдары, құрамдас бөлім­де­рі, бастау-көздері, құрылымдық модельдері толық қамтылған. Еліміздің жоғары білім беру жүйесінде «Абай ілімі» оқу пәнін міндетті пән деңгейінде оқытудың мемлекеттік маңызы бар. Абай ілімінсіз берілген білімнің жоғары сапалы болуы­на кепілдік беру қиын. Бұл оқу пәнінің мазмұны біздің университетімізде анықталып, тиісті тәртіпте бекітілді, оқу үдерісіне енгізілді. Оқу пәнін уни­верситеттің жоғары білім беру бағ­дарламалары бойынша оқытудың әлеу­меттік маңызына факультеттер мен кафедралар үлкен жауапкершілікпен қарап келеді. «Абай ілімі» оқу пәнін басқа жоғары оқу орындарының оқы­туы, оқу үдерісіне енгізуі үлкен дайын­дықты талап етеді. Бұл орайда Фараби университетінің басқа жоғары оқу орын­да­рының оқытушылары үшін бұл оқу пәні бойынша оқу-әдістемелік білікті­лікті жетілдіру, білім мазмұнын байыту бағытында ұсынатын қызметі өзекті.

Биылғы Наурыз мейрамында уни­верситеттің мыңнан аса оқытушы-профессоры мен білім алушы жас­тары Абайдың бірнеше әнін хормен орындап, ҚазҰУ қалашығын теңіздей тебіренткенін, өздерін де, тыңдаушы жастарды да естен кетпес әдемі әсерге бөлегенін ерекше атап өткім келеді. Түлектер күні де сондай ашық ажарымен есте қалды. 25–26 маусымда университет түлектерінің үлкен бір тобы Абай институтының базасында қазақ тілі мен әдебиетінің еңбек сіңірген ар­дагер оқытушыларының республи­ка­лық симпозиумын өткізді. Симпозиум «Адамзаттың Абайы» деген тақырып­та өтті. Симпозиум аясында қазақ тілі мен әдебиетінің еңбек сіңірген ардагер оқытушылары Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» (Гетеден) өлеңін әнге қосып хормен айтты, университет кітапханасы «Адамзаттың Абайы» атты кітап көрме­сін ұйымдастырып, көпшілік назары­на ұсынды. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл бойы жүргізіледі.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Абайдың шығарма­шылық мұрасын, Абай ілімін зерттеу, на­сихаттау, қолдану нәтижелері негізін­де жасалған зияткерлік ресурстар базасы – еліміздің қоғамдық-гуманитар­лық ғылымдар жүйесіндегі, абайтану тари­хын­дағы баламасы жоқ баянды байлық.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті басқарма төрағасы-ректор