
Күз табиғаттың сынағы десек, қыс – шынайы төзімділікті тексеретін кезең. Ал осы сын сағатқа елдің энергетикалық жүйесін тас-түйін әзір ету – «KEGOC» акционерлік қоғамының тікелей міндеті. Компанияның қарамағында бүгінде еліміздің барлық аумағын қамтитын 28 мың шақырымды құрайтын транзиттік тасымалдау желісі мен 83 қосалқы стансасы бар.
Мұның бәрінің шашауын шығармай ұстап тұру үшін компания науқандық жөндеу жұмыстарын жыл сайын жүргізеді. Ол сәуір айында басталып, қазан айына дейінгі аралықты қамтиды. Бүгінде компания жер-жерде жөндеу жұмыстарын еңсеріп қалды. Кешегі күні шалғай жатқан елді мекендердегі жөндеу жұмыстарына БАҚ өкілдері куә болды. Тілші қауымы ат басын тіреген мекен – Ақшатау кентінің бойындағы желілер. Қазірде мұнда жөндеу жұмысы кестеге сай сапалы орындалып жатыр.
Компанияның деректеріне жүгінсек, бекітілген өндірістік жоспарға сәйкес, 2025 жылы 99 әуе электр жеткізу желісі мен 43 қосалқы станса жабдығы жөндеуден өтуге тиіс екен. Қазірде оның 57-сі мен 14 жабдығы сапалы түрде жаңартылып үлгерген.
Жұмыс еліміздің барлық өңірінде қауырт. Өйткені әр күн ертеңгі жарық үшін зор мәнге ие. Айталық, «Орталық ЖЭТ» филиалында да мамырдан бері қызу еңбек жүріп жатыр. Бұл өңірде 12 желі мен 18 жабдық жөнделуге тиіс болса, оның 8 желісі мен 6 жабдығы бүгінде толық жаңартылған. Жоспар – кестеге сай, қадағалау – нақты. Ерте көктемде бастау алған жөндеу әзірге қарқынынан жаңыла қойған жоқ.
Ақшатау-Қайрақты аралығындағы желілер де жіті назарда. Бұл аумаққа жақын орналасқан Балқаш аймақтық электр торабы – транзиттік 220 кВ 2188-Ж әуе электр жеткізу желісі. Осы науқан аясында Балқаш өңірінде 220 кВ қуатты желілер жөндеуден өтуде. Бұл – Балқаш қаласы мен Ақтоғай ауданына тірек боп тұрған маңызды желі. Сол себепті де жұмыстың сапасына айрықша мән беріледі. Мұнда арнайы бригада уақытпен санаспай еңбек етуде.
«Біздің басты міндетіміз – күзгі-қысқы кезеңге дейін барлық жабдықты сапалы әрі уақытылы дайындау. Бұл – тек техникалық талап емес, тұтас еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Жөндеу науқанының әрбір кезеңі нақты бақылауда, біз бекітілген мерзімнен ауытқымай жұмыс істеп келеміз. Қазіргі уақытта Балқаш АЭТ-тің транзиттік 220 кВ 2188-Ж әуе электр жеткізу желісінде жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл желі Ақтоғай ауданы мен Балқаш қаласын жарықпен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Сондықтан әрбір учаскедегі сапалы жұмыс – Балқаш өңірінің үздіксіз электрмен жабдықталуының кепілі», — дейді «Балқаш» қосалқы стансасының электр желілерін жөндеу жөніндегі 4-разрядты электрмонтері Әділжан Исабаев.
Бригада мүшелері желілерді жан-жақты тексеруде. Қажет болған жағдайда оның жабдықтары ауыстырылып, кем-кетіктері бүтінделеді. Әр күн, әр сәт – жауапты.
– Біз әуе электр желілерінің бойындағы әр тіректі толыққанды тексерістен өткізудеміз. Ақау анықталса, бірден қосалқы бөлшектерді алмастырып, жаңартамыз. Әр тіректі жөндеуге жобамен 40 минут аралығында уақыт жұмсаймыз. Біздің бригадада тоғыз маман бар. Бес электрмонтер, бір шебер және көлік жүргізушілері. Біз бесеу болғандықтан, әр тірек сайын өзара алмасып, кезекпен жұмыс істейміз. Сәтін салса, жөндеу жұмыстарын бекітілген кестеге сай тәмамдаймыз, – деді электрмонтері Виктор Спирин.
«KEGOC» АҚ-ның бұл науқанды жоспарлы және жүйелі жүргізуі – еліміздің сенімді әрі тұрақты энергетикамен қамтамасыз етуге септеседі. Қуат – көзге көрінбейтін күш. Бірақ оның астарында күн сайын салқар далада, тірек басында, трансформатор жанында тәуекелге бел байлап еңбек еткен жүздеген инженер мен электромонтердің тынымсыз еңбегі жатыр. Бұл арада сан емес, сапа негізгі мәнге ие. Себебі әрбір әуе желісі – елдің стратегиялық тірегі десек, артық болмас.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ