
Онда Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Қаржы министрінің міндетін атқарушы Ержан Біржанов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұмановтың баяндамалары тыңдалды.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, биылғы жоспарда Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекараларындағы (ҚХР, Өзбекстан Республикасы, Түрікменстан) 9 өткізу пунктін реконструкциялау жұмыстары тұр. Бүгінде олардың 4-еуінде: Қапланбек, Атамекен, Қалжат, Алакөл пункттерінде жұмыстар аяқталды. Бес нысанды жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін өз мәресіне жетпек. «Жібек жолы» жолаушылар өткізу пунктін реконструкциялау жоспардан тыс жүруде, аяқталуы келесі жылдың бірінші жартыжылдығында көзделіп отыр.
Жаңғырту жұмыстары кезінде алты жолақты кірме жолдар, электрондық қадағалау жүйелерімен қоса алғанда, барлық қызмет үшін бірыңғай инфрақұрылым құруды көздейтін жағдай жасауға баса назар аударылды.
Баяндамаларды тыңдаған Премьер-министр кеден қызметінің, сондай-ақ Ресей Федерациясы мен Қырғызстан Республикасы шекараларындағы автомобиль өткізу пункттерін жөндеу мерзімдерінің кешіктірілуіне байланысты салалық министрліктер жұмысын сынға алды.
Олжас Бектенов Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мен Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағаларын жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Сонымен қатар министрліктердің жауапты басшылары жергілікті жерлерде жұмысты үйлестіру үшін өңірлерге жіберілді.
Кеден қызметінің кадр құрамына, әсіресе өткізу пункттеріне қатысты талаптарды қатаңдату, сондай-ақ жабдықпен жарақтандыру және интернет желісіне қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша міндеттер қойылды.
Көлік, Қаржы министрлеріне өткізу пункттерін реконструкциялау барысы туралы Премьер-министрге апта сайын есеп беру тапсырылды.