
фото: Ulysmedia
Зейнеткер өз шағымында 10 жылдан астам уақыт жалғыз тұратынын көрсеткен. Оған бір ұлы ғана хабарласып тұрған. Ал өзге балалары мен немересі ешқандай материалдық, моральдық қолдау көрсетпеген. Зейнеткердің денсаулығы мен материалдық жағдайы нашарлаған.
Соттың дерегіне сүйенсек, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 145-бабының 1-тармағына сәйкес кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалар көмекке мұқтаж әрі еңбекке жарамсыз ата-анасын асырауға, оларға қамқорлық жасауға міндетті екені көрсетілген. Кодекстің 153-бабына сәйкес, көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз аталар мен әжелер өздерінің кәмелетке толған еңбекке қабілетті балаларынан немесе жұбайынан (бұрынғы жұбайынан) алимент алу мүмкін болмаған жағдайда, еңбекке қабілетті кәмелетке толған немерелерінен алимент алуды сот тәртібімен талап етуге құқылы.
Атырау қалалық соты тараптардың әрқайсысының материалдық және отбасылық жағдайына талдау жасады. Зейнеткердің талаптары ішінара қанағаттандыруға жатады деген қорытындыға келді.
Сот зейнеткердің тамағы мен дәрі-дәрмегі үшін 8 баласының әрқайсысынан және немересінен 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде алимент өндірді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.