Білім • Кеше

Грантсыз да тегін білім алуға болады: Министр балама нұсқаларды ұсынды

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2025-2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлерін құттықтап, грант ала алмаған талапкерлерге арналған балама мүмкіндіктерді атады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Грантсыз да тегін білім алуға болады: Министр балама нұсқаларды ұсынды

– Биылғы білім бәйгесінде бақ сынап, жауапты межені еңсергендеріңізге қуаныштымын! 77 мыңнан астам талапкер грант иегері атанды. Бұл – қажырлы еңбек пен білімге деген талпыныстың нәтижесі. Ал грантқа іліге алмағандар үшін бұл – үміттің үзілуі емес. Грант – тек бір мүмкіндік. Ал табандылық пен мақсатқа адалдық – жетістікке бастар басты күш, – деді министр.

Оның айтуынша, биылғы конкурсқа өткен жылмен салыстырғанда 9 мың талапкер артық өтініш берген. Осыған байланысты бәсекелестік те жоғары болды. Дегенмен, мемлекеттік гранттан бөлек, басқа да қолжетімді білім беру мүмкіндіктері бар.

Министр атап өткен балама мүмкіндіктер:

Университетішілік ректор гранттары. Бұл гранттар оқу үлгерімі жақсы, белсенді әрі әлеуметтік жағдайы ескерілген талапкерлерге жоғары оқу орындары тарапынан ұсынылады. Мәселен, «Туран-Астана» университеті ҰБТ-да 100 балдан жоғары жинаған «Алтын белгі» иегерлеріне 4 жылдық ректорлық гранттар береді. Халықаралық туризм және меймандостық университеті 680 мақсатты грант бөлген.

Жергілікті әкімдік гранттары. Әлеуметтік осал топтарға және сұранысқа ие мамандықтарға оқыту үшін әкімдіктер бөлетін гранттар. 2025 жылы жергілікті атқарушы органдар 1 700-ден астам грант бөлді.

Жұмыс берушілердің арнайы гранттары. Жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы келісім негізінде бөлінеді және түлектерді жұмыспен қамтуға бағытталған.

Жеке демеушілер мен қорлардың гранттары.

  • «Қазақстан халқына» қоры – 500 грант;
  • «KAZENERGY» қауымдастығы – Солтүстік Каспий және Қарашығанақ жобалары есебінен гранттар;
  • «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК – ауылдық жастарға арналған «Murager» бағдарламасы арқылы гранттар ұсынады.

Бос гранттар мен ауысу мүмкіндігі. Кейбір талапкерлер гранттан бас тартқан жағдайда, келесі жоғары балл жинаған үміткерге мүмкіндік беріледі.

Сондай-ақ, ақылы бөлімде оқуды бастап, кейін жақсы оқу үлгерімімен бос грантқа ауысуға болады.

– Ең бастысы – мақсаттан таймау, мүмкіндіктерді зерттеп, әрекет ету. Арманың – болашағың. Сол болашақ жолында қолдау мен мүмкіндік әрдайым табылады, – деді Саясат Нұрбек.