
Аталған жобаның авторы – Журналистер одағының мүшесі, «Halyq radiosy»-ның тілшісі Елдос Төлеубаев балалық арманын орындағанына қуанышты.
– Мектепте оқып жүргенде «Абай оқуларына» қатысып, Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы қара сөздерін алғаш рет таспадан тыңдап, болашақта дәл осылай оқып шығуды арман еттім. Араға 24-25 жыл салып, көптен күткен жоспарым іске асты. Астана қаласынан Жанна Қабдешқызы есімді кәсіпкер демеушілік танытып, жобаның жарыққа шығуына зор үлесін қосты. Бұдан былай бұл аудиожазба ашық түрде таратылады. Оны «Aiqara», «Halyg radiosy» сайттарынан тыңдауға болады. Алдағы уақытта облыстық, қалалық депутаттардың қолдауымен қоғамдық көліктерде Абайдың «Қара сөздері» қойылса деген ойым бар, – дейді Елдос Төлеубаев.
Өңір тарихында із қалдыратын жобаны қолға алған өскелең ұрпақтың жанашырлары бастаған істі әрі қарай дамытуды көздейді. Іс-шараға жиналғандар бүгінгі жастардың кітап оқуға қызығушылығы оянып, аудиожазбадағы терең ойлы нақыл сөздері саналарына жететініне сеніп, жылы лебіздерін білдірді. Іс-шара барысында өңіріміздің жоғары оқу орындары, мәдениет мекемелері мен ақпараттық ұйымдарына ұлы Абайдың қара сөзі жазылған аудиожазба таспасы табыс етілді.
Павлодар облысы