
Сурет: ttclub.arsenal.kz
Заманауи талапқа сай жабдықталған спорт клубының негізін қалаушы –журналист Айбек Қосан. Оның айтуынша, жоба ең алдымен жеке қызығушылық пен саламатты өмір салтын қалыптастыруға деген ұмтылыстан бастау алған.
– Үстел теннисінен үйірме ашуды бірден бизнес ретінде қарастырған жоқпын. Керісінше, күнделікті айналысып жүрген пайдалы істі неге өзім ұйымдастырып, басқалармен бөліспеске деген ой туды. Аптасына екі рет достарыммен футбол немесе теннис ойнау – өмір салтымызға айналған дағды. Кейін осы істі кеңейтіп, жұртшылыққа пайдалы орта қалыптастыруды мақсат тұттым, – дейді клуб иесі.
Жаңа орталық тек спортпен шұғылданатын орын ғана емес, сонымен қатар ұжымдық кездесулерге, бос уақытты тиімді өткізуге арналған кеңістікке айналған. Әсіресе ата-аналар мен балалар бірге келіп, отбасылық қарым-қатынасты нығайтатын орта қалыптасып отыр.
Айбек Қосанның пікірінше, үстел теннисі – тек дене қимылына ғана емес, адам денсаулығына, әсіресе көз бұлшық еттеріне, зейін мен жылдамдыққа оң әсер ететін тиімді спорт түрі.
– Дәрігерлер үстел теннисін көзге арналған табиғи жаттығу деп атайды. Себебі ойын кезінде көздің көру қабілеті артады, бұлшық еттер жаттығып, дәлдік пен зейін күшейеді. Әсіресе компьютер алдында ұзақ отыратындар үшін бұл – әрі сергіткіш, әрі пайдалы әрекет, – дейді ол.
Клуб ұжымы елімізде жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында бірқатар турнир өткізуді жоспарлап отыр. Мұндай бастамалар ұжымдық ынтымақтастықты арттырып, әріптестер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, серіктестік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
– Ұжымдық басқосулар негізінен бейресми, мейрамхана форматында өтіп жатады. Енді осы үрдіске жаңаша көзқарас ұсынып, пайдалы әрі денсаулыққа тиімді басқосу форматтарын енгізгіміз келеді. Қазір қоғамда саламатты өмір салтына бетбұрыс бар. Бұрын мұндай өмір салтын тек шетелдік үлгі ретінде көретінбіз. Енді отбасылар балаларын түрлі спорт үйірмелеріне – жүзу, футбол, волейбол, теннис секілді секцияларға белсенді түрде бере бастады. Бұл – қуанарлық үрдіс, – дейді А.Қосан.
Оның айтуынша, бүгінде жастар арасында үстел теннисіне деген қызығушылық артып келеді. Бұл спорт түрімен әуесқойлық деңгейде де, жүйелі түрде де айналысатындар көбеюде.
– Үстел теннисін бұқаралық спортқа айналдыру үшін оны мектеп бағдарламасына енгізсе, артық болмас еді. Қосымша үйірме ретінде немесе дене шынықтыру пәнінің бір бағыты ретінде оқушыларға қолжетімді етсек, дені сау ұрпақ тәрбиелеуге қосылған үлес болар еді. Себебі бұл – халықаралық деңгейде мойындалған, кәсіби спорт түрі, – дейді клуб иесі.
Кәмила ТАЙТӨЛЕУ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 3-курс студенті