«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:45

Тазалық – тұтас елдің келбеті

30 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ертіс-Баян өңірінде республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық іс-шаралары мен абаттандыру жалғасын тауып келеді. Жалпыұлттық бастама аясында көшелер мен аулалар, саябақтар жаңғырып, су айдындары ретке келтіріліп жатыр.

Тазалық – тұтас елдің келбеті

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Ішкі мәдениеттің көрсеткіші

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық ак­ция­сының ерекше маңызы тура­лы үнемі айтып келеді. Акция мақсаты – табиғатқа қамқорлық жасау мәдениетін қалыптастыру, елдегі экологиялық жағдай­ды жақсарту. Бастама бар­ша халық­ты біріктіріп, оларды туған таби­ғатқа қамқорлық жасау идеясы­ның төңірегінде топтастыра алды. Президент айтқандай, ой­дың да, бойдың да, қоршаған ортаның да таза­лығын сақтау – әр адам­ның ішкі мәдениетінің көр­сеткіші. Сондықтан тазалық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы қажет.

«Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік нау­қан емес. Бұл – біздің өмір сал­ты­мыз. «Жас келсе – іске» деп хал­қымыз бекер айтпаған. Бар­шаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы,» деген еді Мемлекет басшысы.

мешіт

«Таза Қазақстан» эколо­гия­­лық акциясын Ертіс-Баян өңірі­нің жұртшылығы белсен­ді түр­де қолдап отыр. Жер­гі­лікті кәсіпкерлер мен ірі өндіріс орындары абат­тан­дыру, санитарлық тазар­ту жұмысын тұрақ­ты жүр­гізіп келеді. Кәсіп­орын­дар «жасыл аймақтардағы» кө­шет­­­тер санын көбейте түс­кен. Ауыл-аудандар өз аумақ­тарын ретке келтіріп, күл-қоқыстан арыл­тып жатыр.

 

116 аула абаттанып жатыр

Биыл облыс орталығындағы 17 шағын бақты, үш қалада жалпы саны 116 ауланы абаттандыру көзделген. Бұл жұмыстарға 2,5 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Республикалық «Таза Қазақ­стан» акциясы Ертіс-Баян өңірін­дегі көпшілік серуендейтін орындар мен үй аулаларын жаңартуға жол ашып отыр. Оның аясында тұрғындардың жайлы уақыт өткізулері үшін саябақтар мен бақ­тарда рекреациялық аймақ­тарды ұйымдастыру жұмысы жалғасып жатыр.

– Павлодар қаласында 662,7 млн теңге сомасына 17 шағын бақты абаттандыру аяқталады. Бүгінгі күні 7 бақта­ғы жұмыс толықтай аяқталды, тағы 4 бақ та 80%-ға бітіп тұр, көгал­дандыру ғана қалды. Өзге шағын бақтарды 1 қыркүйекке дейін жаңарту жоспарланып отыр. Шағын бақтардың орындарын таңдау тұрғындардың өтініштеріне сәйкес жүргізі­ле­ді, – дейді өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық басқармасы эко­но­миканың нақты секторы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлішер Теміртас.

Басқарма өкілі тұрғындардың жайлы уақыт өткізуі үшін «Таза Қазақстан» акциясы аясында сая­бақтар мен алаңдарда рек­реа­циялық аймақтарды ұйым­дас­тыру жалғаса бере­тінін атап өтті. Мәселен, бүгін­де Екібастұз қаласындағы Шахтерлер саябағы қайта жаңа­ру үстінде. Бұдан бөлек, облыс орталығында Лермонтов көшесін жаңарту жөніндегі жұмыс­ жалғасын тапқан. Жоба­да сәулет және инженерлік ше­шім­дерді жаңғырту, сондай-ақ барлық тұрғынға қолайлы әрі қауіпсіз қалалық орта құру көзделген. Аумақта қосымша 17 шағын бақты орналастыру қарастырылған.

тазалық

Қолайлы аулаішілік орта құру үшін биыл барлығы 116 ауланы абаттандыру жоспар­ланған. Қазірдің өзінде 90 аула жаңарып үлгерсе, 26 аулада жұмыс жалғасып жатыр. Жобалар шеңберінде балалар ойын алаңдарын орнату, аумақты жарықтандыру, аулаларды асфальттау көзделген. Әкімдік табиғи монополиялар субъектілерімен бірлесіп аула аумақтарында инженерлік желілердің болуына қатысты тексеру жүргізеді, содан кейін аулалардың тізімі айқындалады.

– Павлодар қаласында «ДМ» ЖШС 50 ауланы (669,8 млн теңге бөлінген), Екібастұз қаласында «Strong Service» ЖШС 915,0 млн теңге сомасына 50 ауланы, сондай-ақ Ақсу қаласында «Ertis Art Service» ЖШС 16 ауланы (268,8 млн теңге) абаттандыруды міндетіне алған. Жұмыс кес­теге сай жүргізіліп жатыр, – деп қосты басқарма өкілі.

Тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық саласындағы бонус­тық қор шеңберінде 20 ауылда жал­пы сомасы 721 млн теңгеге абат­тан­дыру жөніндегі 31 жобаны іске асыру жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, елді мекен­дер­дің аумақтарын абаттан­ды­руға қатысты 9 жобаға (сая­бақ­тар, бақтар, тротуарлар) 466,8 млн теңге, 11 елді ме­кен­ді жарықтандыруға 70 млн теңге бө­лінген. Сондай-ақ коммунал­дық қажеттілік үшін 184,2 млн теңгеге 11 техника сатып алынған.

 

180 мыңнан астам адам үн қосты

Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясына Ертіс-Баян өңірінен 180 мыңнан астам тұрғын қатысқан. Жалпы көлемі 40 мың тонна қоқыс шығарылып, 860-қа жуық техника, 35,4 мыңнан астам кәсіп­орын, мемлекеттік мекемелер, ұйымдар жұмылдырылған. 39 мың түп ағаш отырғызылған.

таза

– Мемлекет басшысының бас­тамасымен өткен жылдың сәуір айынан бастап «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталды. Жалпыұлттық акция аясында облыс әкімдігі аумақты жинау, тазалау жөнінде тақырыптық экологиялық акция­лар өткізуді көздеген өңірлік іс-шаралар жоспарын бекітті. Елімізде «Таза Қазақстан» акциясы аясында жаңа сервис іске қосылғаны мәлім. «TazaQazBot»  чат-боты қалалық орта мен экология саласындағы проблемаларды шешуге, өтінім беру үдерісін жеңілдетуге арналған. Жаңа құрал еліміздің әрбір азаматына тұрғын үй-коммуналдық саласына, қоршаған ортаға байланыс­ты проблемалар туралы жедел хабарлауға мүмкіндік берді, – дейді Әлішер Бауыржанұлы.

Өтінім беру сервисіне облыс­тан барлығы 346 өтініш ке­ліп түскен. Қазіргі күні бар­лық өті­нім орындалған. Өті­ніш­тер­дің көпшілігі жер қазу жұмыс­ынан кейін абаттандыруды қал­пына келтіру, қоқыстарды шы­ғару мәселесіне қатысты екен.

 

Ұлттық парк аумағы ретке келтірілді

Жергілікті белсенді жастар мен Баянауыл аудандық қоғамдық кеңесінің ұйымдастыруымен, сондай-ақ Баянауыл ұлттық табиғи паркінің қолдауымен Сабындыкөл маңайы ретке келе бастады. Тазалық іс-шаралары Баянауыл ауданында тұрақты жүргізіліп келеді.

Белсенді жастар мен аудан­дық қоғамдық кеңестің ұйым­дас­ты­руымен, сондай-ақ Баян­ауыл мемлекеттік ұлттық таби­ғи паркінің қолдауымен өткен «Көркем Баянауыл» атты са­ни­тарлық іс-шара барысында қа­ты­сушылар Сабындыкөл жаға­жа­йын қоқыстан тазартты. Іс-шара барысында жастар мен қо­ғамдық кеңес мүшелері жұ­ды­­рықша жұмылды. Ұйым­дас­ты­ру­шылар атап өткендей, шара­ның басты мақсаты – қор­шаған ор­­таны таза ұстау, таби­ғаттың сұлу бейнесін сақтау, аудан тұр­­­­ғын­дары мен қонақтарын таби­ға­тымызды ластамауға шақыру.

– Әсем табиғатымызды сақтау – бәріміздің міндетіміз. Таза жерде жүрген адамның жаны да, ісі де таза болады. Сондықтан тынығу орындарында, табиғат аясында айналаға қамқорлықпен қарап, қоқысты кез келген жерге тас­тап кетпеулеріңізді сұраймыз. Табиғат-ананың бізге берген байлығын келер ұрпаққа аман-сау жеткізуіміз керек, – дейді аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Аспанбек Ағымбеков.

Өткен жылы Баянауыл аума­­ғында 161 мыңнан астам ту­рист тыныққан. Ұлттық парк басшы­лығы демалушылар саны биыл еселене түсетінін бол­жап отыр. Ендеше, рекреациялық аймақ­қа түсетін жүктеме одан сайын ­ауыр­лай беретіні анық. Сондықтан туристердің назарын тазалық мәсе­лесіне аудару маңызды.

Көп адам «Таза Қазақстан» әдеттегі сенбілік өткізу деп ойлайтыны рас. Дегенмен бұл акция­ның мәні тереңде, ол замандаста­рымызды экологиялық тұрғыдан тәрбиелеп, қоршаған орта туралы білімін жетілдіреді. Баянауыл жас­тар орталығы эко­логиялық топ құрып, көпшілік орын­дарды, үй аулаларын, та­биғат аумақтарын, көшелерді тазалап жүр.

– Баянауыл жастары ұдайы белсенді. «Таза Қазақстан» акциясы бойынша санитарлық та­залауды бұл жолы Сабындыкөл маңайында жүр­­­­гіздік. 30-40 қап­тай қо­қыс шы­ғарылды. Негізі Са­бын­ды­көл жағасының біраз бөлі­гі ұлттық паркке, қалғаны әкім­дікке қарайды. Бірақ аумақ­ты бөліп-жармай, көл маңайындағы бар­лық жерді, тау-тасты тазартып жатырмыз. Келімді-кетімді адам­дар тамақ қалдықтарын, тұрмыс­тық заттарды лақтырып кетеді. Бұдан табиғатқа қаншама зиян келеді. Кейде шыны құтылардың сынық­тарынан, темекі тұқылы­нан өрт те шығатын жағдай кезде­седі. Табиғат таусылмайтын бай­лық емес. Мектеп оқушы­ларын да, іс-шараларымызға жұмылдырып жатырмыз. Өске­лең ұрпақ қоршаған ортаны қорғауға қазірден үйренулері керек. Алдағы уақытта «Кемпіртас» табиғи ескерткішіне, «Қоңыр әулие» үңгіріне, «Сарыадыр» қойнауына барып, тазалық жүр­гіземіз, – дейді аудандық жастар орталығының директоры Ренат Ильдин.

 

Жастар клубы да жарап тұр

Былтыр Керекуде жастарға ар­налған экоклуб ашылған. «Greenpvl» экоклубының мақ­саты – жастардың бойында эко­ло­гиялық мәдениетті артты­рып, қоршаған орта деген қамқор­лық­ты қалыптастыру. Жоба «Таза Қазақ­стан» эколо­гиялық ак­ция­сының бір тармағы ретінде өмір­шеңді­гін көрсетіп отыр. Мұнда қала жас­тары жиналып, ту­ған өлкесінің экологиясы мен қоршаған ортаны қорғау жөнін­дегі мәселелермен танысады.

– «Greenpvl» экоклубы – «Ас­самблея жастары» рес­пуб­ликалық қоғамдық бір­лес­­ті­гінің Павлодар облысында қолға алып отырған жаңа бағыт­тарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен бұған дейін елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүргізіле бастағаны мәлім. Азаматтардың санасында тазалық сезімін, қоршаған ортаға қамқорлық қасиеттерін ұялату мақсатындағы мұндай жобаларды енгізу өте маңызды. Ассамблея жастары клубқа жиналып, олар­ға экологиялық мәдениетті арт­тыруға қатысты деректі фильм­дер көрсетіледі. Соңынан туған өлкеміздің экологиялық тақы­рыптары талқыланады. Клубқа Қазақстан халқы Ассам­блеясының белсенді жастары мүше бола алады, – деп атап өтті клуб ұйым­дастырушылары.

Қазірде экоклубқа 50 жас азамат мүше болып үлгерді. Ұйым ішінде өңірімізге белгілі эколог ғалымдар дәріс оқып, танымдық сабақтар өткізеді. Мысалы, француз режиссері Ян Артюс-Бертранның «Үй» атты ғылыми-танымдық фильмі бірнеше мәрте көрсетілген. Картинада Жер ғаламшарындағы барлық сұлулық көрсетіледі. Режиссер жер бетіндегі ғажап үйлесім мен экологиялық тепе-теңдік адамзаттың әрекетімен қалайша бұзылып, апат тудырып жатқаны туралы керемет суреттеген. Қор­шаған ортаға зардабы мол өнеркәсіптер, алапат соғыстар мен экологиялық апаттар туралы кеңінен мағлұматтар қамтыл­ған. Жастар мұндай танымдық дүние­лерді көре отырып, бойларында экологиялық сана-сезім қалыптастырады деген сенім зор.

Клуб мүшелері «Таза Қа­зақ­стан» акциясына үн қо­сып, тазалық іс-шараларын үз­бей жүргізіп жатыр. Ертіс, Усол­ка өзендерінің жағалауы, «Қаз­қонақ» табиғи ескерткіші маңы, саябақтар мен гүлзарлар, бала­лар алаңдары қоқыстан тазарты­лып, жастар қоршаған орта­ның тазалығына бейжай қарамай­тындарын байқатты.

Халқымыз ежелден табиғатқа, өз үйінің, айналасының таза болуына ұқыпты қараған. Елімізде осы игі дәстүрлерді жаңғыртуға арналған «Таза Қазақстан» акциясы өтіп жатқаны қуантады. Осындай бірлескен іс-қимы­лдың нәтижесінде айналамызды үнемі мұнтаздай таза етіп ұстай аламыз.

 

Павлодар облысы