
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХА ХХХІІІ сессиясындағы тапсырмасына сәйкес Достық үйі заманауи комьюнити-орталық ретінде қызмет атқаратындай етіп өзгертілді. Осы мақсатқа орай ғимарат ішінен 200 шаршы метрді құрайтын алаңша жасақталып, соңғы үлгідегі компьютер, жылдам интернет, интерактивті тақта, өзге де қажетті техника және жиһаздармен жабдықталды.
Аталған орталық 30 тамыз – Конституция күні қарсаңында этномәдени бірлестіктер мен ҚХА жанындағы қоғамдық құрылым белсенділеріне, жалпы қала тұрғындарының игілігіне табысталады. Осы тұста бүгінде Шымкенттегі Достық үйі тек Ассамблея жанындағы қалалық құрылымдар мүшелері ғана бас қосатын орын емес, еліміздің үшінші мегаполисіндегі қоғамдық-көпшілік іс-шаралар мен маңызды жиындар, талқылаулар өтетін ауқымды диалог алаңы ретінде тұрғындарға қызмет көрсетіп келе жатқанын айта кеткен жөн.
2025 жылдың басындағы статистикалық дерек бойынша, Шымкентте 1 млн 256 мың адам тұрады делінген. Оның 71,4 пайызын қазақ халқы құрайды. Ол шамамен 898 мыңға жуық адам. Этнос өкілдерінен саны жағынан өзбектер бірінші орын алады. Олардың мегаполистегі жалпы халық санындағы үлесі 15,8 пайыз немесе 200 мыңға жуық адам.
Өзбектерден кейінгі орында орыс ұлтының өкілдері. Бұл диаспора өкілдері қала тұрғындарының 5,9 пайыз үлесін алады. Яғни шымкеттіктердің 75 мыңға жуық тұрғыны – орыстар. Ал әзербайжан, татар, корей, украин, түрік секілді өзге этнос өкілдері қала халқының қалған үлесінің ішінде.
Шымкенттегі 81 шағын аудан мен тұрғын алаптың 27-сінде этнос өкілдері жинақы қоныстанған. Ресми дерекке көз жүгіртсек, бүгінде қалалық ҚХА жанында 16 этномәдени бірлестік (славян, өзбек, әзербайжан, түрік, корей, иран, ұйғыр, шешен-ингуш, неміс, грек, грузин, армян, еврей, күрді, қырғыз, татар-башқұрт және аз этностардың басын біріктірген «Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығы) пен «Қазақстандағы өзбек этномәдени бірлестіктерінің «Дустлик» қауымдастығы жұмыс істейді.
Биылғы қаңтар-шілде айлары аралығында қалалық этномәдени бірлестіктермен бірлесіп 85 іс-шара өткізілді. Оның 38-і мәдени, қоғамдық-көпшілік мақсатында ұйымдастырылған. Атап айтқанда, олар – корейлердің Соллаль мерекесі, «Дәстүр – ұлт ұстыны» байқауы, «Алғыс айту – адамгершілік белгісі» және басқа да салтанатты жиындар. Соның ішінде, мәселен, славян этномәдени бірлестігі «Масленицаны» тойлады. Наурыз айында барша Ассамблея мүшелері «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мерекесін атап өтті. Татар-башқұрт этномәдени бірлестігі концерт қойып, «Алтын көпірге» халықты жинап, «Аналар дастарқанын» жайды. Өзбек этномәдени бірлестігі «Бірлігіміз жарасқан» атты концертін берді. Көктемнің шуақты мезгілінде Ассамблея өкілдері «Мәртөбе» тарихи кешеніндегі «Мәдени мұра» экологиялық акциясында айналаны қоқыстан тазартты. ҚХА шығармашылық ұжымдарының өңірлік фестивалі, әзербайжан этномәдени бірлестігінің концерті, ҚХА-ның 30 жылдығына орай «Ардагер» халық хорының шығармашылық кеші, «Бірлік – береке бастауы» атты экологиялық бастамасы қолға алынды. Жұрт күрді этномәдени бірлестігінің футболдан достық кездесуін, осы ұлт өкілінің мәдениеті, тілі, салт-дәстүрі күніне арналған мерекелік қойылымды тамашалады.
Мамырда шымкенттіктер жаппай 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтті. Өз кезегінде түрлі ұлт өкілдерінің жастары «Мемлекеттік тіл – халықтар достығының дәнекері» байқауында қазақ тілін кім қаншалықты меңгергені жағынан жарысты. «Достық дастарқаны» халықаралық фестивалі де көптеген қатысушыны жинады. Оның арасында славян этномәдени бірлестігі арнайы концерт ұйымдастырды. Мемлекеттік рәміздер күніне орай барша диаспора өкілдері «Көк ту, көк аспан – бірлігіміз жарасқан» мерекелік жиынында көк байрағымызға құрмет көрсетті.
Одан бөлек, еліміз атап өтетін арнайы даталық күндерге байланысты Ассамблея мүшелері «Ана мен бала» ескерткішіне және «Мемориалдық тақтаға» гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ биыл қолға алынған «Достық әуендері» заманауи ұлттық-музыкалық байқауында сынға түсті. Бұдан басқа Ассамблея қалалық ҚХА-ның VІ сессиясын да ұйымдастырып үлгерді.
Сонымен бірге қалалық Достық үйі 22 қайырымдылық іс-шарасының өтуіне ұйытқы болды. Мәселен, «ЖИТС-тен балаларды қорғау» қорының ғимаратын жөндеу, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған 50 отбасына азық-түлік себетін тарату, ерекше қажеттіліктері бар балаларға сыйлықтар табыстау, 100 адамға ауызашар беру, «Ардагерлерді ардақтау», 30 балаға арналған сүндет той секілді сауапты істерді атап өтуге болады.
Мұнымен қоса «Қазақстан – татулық мекені», «Ел бірлігі – тәуелсіздік кепілі», «Ұлтаралық татулық пен ынтымақ – негізгі құндылығымыз», «ҚХА – татулық пен бірліктің кепілі», «Ел бірлігі – ұрпаққа аманат» секілді конференциялар мен ғылыми басқосулар ұйымдастырылды. Жоғарыда аталған іс-шаралар барысында этнос өкілдеріне, жастарға, қоғамдық келісімді сақтау, жалпыұлттық бірлікті нығайту және бірлік, достық, татулық, патриотизм сынды құндылықтарды сіңіру арқылы «Бірлігіміз – әралуандылықта», «Біз – әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз» қағидаттары дәріптелді.
Жыл басынан бері қаладағы Ассамблея өкілдері 3 рет кеңестік отырыста бас қосты. Ал этносаралық ахуалды жақсартып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті бекемдеуді көздеген іс-шараларға 16 мыңнан астам адам қатысқан.
Ассамблея жанында мемлекет және қоғам қайраткері Орынбай Рахманбердиев басқаратын Ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Кеңестің атқарған қызметіне тоқталсақ, оның мүшелері жыл басынан бері Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының курсанттарымен, Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының студенттерімен кездесті. «Ел бірлігі – ұрпаққа аманат» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына, «Ел бірлігі – тәуелсіздік кепілі» тақырыбындағы семинарға, «Ұлтаралық татулық пен ынтымақтастық – негізгі құндылығымыз» атты дөңгелек үстел мәжілісіне, Шымкент көлiк колледжiндегі, Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетіндегі жиындарға, «Ақсақалдар – ұлттық құндылықтар мен ұрпақтар сабақтастығының басты жанашыры» деген тақырыптағы басқосуларға қатысып, халықты ынтымақ пен бірлікке үндеді. Жастарға аталық өсиеттерін айтып, тура жол нұсқады.
Ұйым жанынан Аналар кеңесі де ашылған. Оны Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ ректорының міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева басқарады. Кеңес биыл өткен «Шындықты ана айтады», «Ел бірлігі – ұрпаққа аманат», «Ысырапшылдық ырысты қашырады», «Сыйластық пен қамқорлық – ана жүрегінде», «Әйелмен әлем әдемі», «Жаңа өмірдің жарқын бастамасы» сияқты іс-шаралардың бастамашысына айналды.
Сонымен бірге қалалық Ассамблеяда ғылыми-сарапшылық топ құрылған. Оған 13 ғалым мен практик маман мүше. Топқа Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың департамент басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев жетекшілік етеді. Топ мүшелерінің қатысуымен қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік мәселелері бойынша сараптамалық 5 материал жарияланды. Сондай-ақ С.Сұлтанованың «Орталық Азиядағы интеграциялық үрдістер» атты маңызды еңбегі жарық көрді. Ғылыми-сарапшылық топпен қоса ұйымда Жас ғалымдар клубы да бар. Оған 28 ғалым мүше. М.Әуезов атындағы ОҚЗУ «Тарих және этнология» ғылыми орталығының басшысы, «Қазақтану» ғылыми журналының жауапты редакторы Шолпан Торғаутова осы клубтың жетекшісі. Жас ғалымдар ізденісінің арқасында осы күнде «Наша сила в единстве», «Шохану Уалиханову 190 лет», «Қазақстан халқы Ассамблеясының қалыптасуы және қызметінің тарихы: жетістіктері және болашақ перспективалары», «Келісім дауылға төтеп беретін үй секілді», «Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы: тәжірибе және әлемдік тенденциялар» атты еңбектер жарық көрді.
Ассамблеяның этномедиация кеңесі де жақсы қызмет атқарып келеді. Оның мақсаты – дауласқан қос тарапты татуластыру. Әртүрлі кикілжіңнің әрі қарай лаулап, өршіп кетуіне жол бермеу. Дана Кенжеқұлова Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілер қауымдастығының жетекшісі, заңгер, кәсіби медиатор ретінде кеңеске жетекшілік қызмет атқарады. Медиаторлардың деректері қала құрамындағы 5 аудан әкімдігінің реестріне енген.
Жалпы, қалада кәсіби келіссөз жүргізушілер қауымдастықтары құрылып, ол сот органдарымен, жергілікті атқарушы билікпен, құқық қорғау құрылымдарымен және азаматтық қоғам институттарымен өзара әріптестік байланыста жұмыс жүргізеді. Кеңес сапындағы медиаторлардың атсалысуымен 12 қылмыстық, 548 азаматтық іс өзара келісумен шешілді. Этномедиация ұғымын кеңейту, оны адамдардың санасына орнықтыру мақсатында жыл басынан бері түрлі танымдық, құқықтық жиындар өтті. Олардың ішінде медиация институтын дамытуға арналған дөңгелек үстел мәжілісін, Этномедиация кеңесінің Арбат алаңындағы ақпараттық акциясын, медиация туралы тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама мен «Қазақстан – бейбітшілік пен достықтың бесігі» атты кездесуді атап өте аламыз.