Ұстаз • Бүгін, 09:35

Ұстаз өнегесі

70 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биыл ардақты ұстаз, танымал философ-ғалым Төлеуғазы Әбжановтың туғанына – 90 жыл. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген халқымыз, әр адам өзіне тиесілі маңдайға жазылған ғұмырды сүретіні заңдылық. Өзі өлгенмен сөзі өлмейтін, ғалымдық, ұстаздық жолда атқарған еңбегі мен ізгі істері, ұлағатты өмір жолы шәкірттері біздер үшін ешқашан ұмытылмақ емес.

Ұстаз өнегесі

Уақыт өткен сайын ұстаздың жар­қын бейнесі санамызда қайта жаң­ғы­­рып, оның фәни ғұмыры бізден алыста­ған сайын рухани үлгісі, мейірімге толы жарқын бейнесі, адамшылық істері жаңғыра түсуде. Ғалымның нұсқаған жолы, көрсеткен адамшылық үлгі-өнегесі дәріс алған шәкірттерінің өмір жолында шамшырақтай жарқырап жарық түсіре берері сөзсіз.

Философия ғылымындағы Төкеңнің орыны ойсырап тұр. Оның ғылымға деген адалдығы, тазалығы, әуелі өзі біліп алмай сөйлемейтіндігі, ғылым әлеміне бет бұрған жастарға деген ұстаздық үлгі-өнегесі, бәрі де ғалымның ғибратты ғұмырының бір белгісіндей жадымызда. Елімізде әлемдік философиялық ойды жетік меңгерген екі ғалым болса, соның бірі Төлеуғазы Әбжанов еді. Ол бізге даналық ойдың жүйрігі әрі шырақшысы сынды болатын.

Төлеуғазы Ысқақұлы – елеулі ғы­лыми еңбектердің авторы. Соның ішін­де республикаға танымал, қазіргі жо­ғар­ғы оқу орындарында жиі қолданыс­та жүрген «Адамға қарай бет бұрсақ», «Философия тарихындағы таным теориясы мен метод проблемасы», «Ойлау тарихының белестері», «Қысқаша философия тарихы» атты зерттеулерінің ­орны бөлек. Бұлар – қазіргі қазақ тілін­де білім алушы болашақ мамандар күн­делікті пайдаланып жүрген танымал еңбектер. Өмірінің соңғы жылдары Төкең шәкірттерімен бірге «қазақ рухының философиясын» зерттеуді қол­ға алып, қазақ ойшылдарының дана­лық дүниетанымын зерттеуді сара жолға ­салып кетті.

Төкеңнің ұстаз ретіндегі ерекшелігі, ол философия мен әдебиетті ғылым деп қарау адасушылық дегенді жиі айтатын. Бұл екеуі де ғылымнан әлдеқайда биік, адамның ішкі жан дүниесімен, рухының тұңғиығымен ұштасып жатыр деп отыратын. Оларға өмір деп қарау керек дейтін. Төкең философияға ғылымнан гөрі өмір деп қарады. Оның өмірі ойға, ойы өмірге айналып кетуінің бір сыры осында. Төлеуғазы Ысқақұлы – ұстаз ретінде Сократтың философтарға қойған үддесінен шыға білген тұлға.

Бірде Сократтан «философ деген кім?» деп сұраған көрінеді. Сонда даныш­­пан білгіштікке салынып, бәлсіне жөнел­мей, ойланыпты. Аң-таң болған жұрт сізді Эллиндер елі «философ Сократ» деп жүр, философтың кім екенін сіз білмесеңіз, кім біледі деген сыңай танытқанда, негізгі кәсібі мүсіншілік болса да, жаратылысынан философ болып туған Сократ «Менің анам өмір бақи дәрігерлік қыз­мет атқарып келеді, оның міндеті – дүниеге бала әкелуге көмектесу. ­Ал мен жай ғана мүсіншімін, менің анам­нан айырмашылығым адамдарға ойдың ­тууына көмектесіп келе жатырмын» деп жауап берген екен. Сократ ойдың тууын, жаңа идея әкелуді дүниеге бала әкелумен пара-пар құбылыс санаған. Жоғарыда айтқан Сократтың ғалымдар мен философтарға қойған үддесінен шығу дегеніміз осы.

Төлеуғазы ұстазымыз қай ортада жүрсе де өзінің жоғары танымы мен сана биігінен адамдарды ойландырып, терең ойдың жетегіне телміртіп қоюшы еді. 

Ол әрбір дәрісін оқуға толғататын. Сөйтіп, аудиторияда жалғанның жары­ғына жаңа идея тудырып, ол кісінің дәрісін тыңдау бақытына ие болған жұрт күні бойы ойланып жүруші еді. Біз ұстазымыздың осы бір қасиетін ерекше құрметтейміз.

Қазіргі ғылымдағы ең үлкен проб­лемалардың бірі – жаңа идея, жаңа ой әкеле алмау. Дәрістерде ақпарат қана беру деңгейінен аса алмау. Ал ақпарат үнемі өзгеруде, уақыт өте келе ұмытылып кете береді. Сонда шәкірттердің санасында не қалуы мүмкін? Осыны ойлап жатырмыз ба?

Төлеуғазы Ысқақұлының ұстаз ретін­дегі бір ерекшелігі сол, бұл адамда ізденіс жолында тоқтау деген болмайтын. Кешкілік әңгіме құрып, жаздың қоңыр салқын кештерінде талай серуендеп жүретінбіз. Ағамыз ертесі дәрісі бар кездерде үйге асығатын. Ертеңгі дәріске дайындалуым керек деп. «Қырық жылдан астам философия тарихынан дәріс оқып келесіз, ертең сол жеткілікті тәжірибемен оқып шығуға болмай ма дегенде, жоқ, қарастыратын сұрақтарым бар» деп дәріс оқитын ойшылының еңбегін міндетті түрде қайта ақтарып отыратын.  Төкеңнің бұл жанкештілігіне талай рет куә болып, аң-таң болушы едік. Ол кісі бір оқыған дәрісін қайта оқымайтын, оның әр дәрісі жаңа ой, тың идеяға толы болып, тыңдаушыны ерекше ой әлеміне ала жөнелетін. Төкеңнің ұстаз ретіндегі бір ерекшелігі, философия тарихынан дәріс оқығанда ешқашан қолына қағаз ұстамайтын. Сөйте тұра оның дәрістері ешқашан қайталанбайтын. Ол дәріс оқудың ерекше мәдениетін қалыптастырды. Ол дәріске  шығармашылық ретінде қарады. Қайталана беретін қағазға түскен өлі ойлар емес, дәріс оқып тұрып туатын тірі ойларды алға тартатын. Маған барлық ой дәріс оқып тұрғанда келеді дейтін. Төкеңде қайталанбайтын жады мәдениеті болушы еді. Қаншама ойды сол жадынан алатын.

Төкең ойшыл ретінде өмірінің соңғы жылдары үлкен келелі мәселелерді көтерді. Солардың бірі «мектеп ойлауға үйрете ме?» деген идеясы болды. Оның ойынша орта мектепте адамның ойлау қабілетін дамытатын пәндер жоқтың қасы. Егер адамды мектеп жасынан ойлауға баулымаса, ойлау мәдениетінің қалыптасуына жол ашпаса, ол баладан жақсы ғалым, дарынды  әдебиетші немесе дұрыс азамат шықпайды дейтін. Төкеңнің мектеп бағдарламаларына ойлауға баулитын пәндер кіргізу туралы көтерген идеясы болашақ үшін маңызы зор. Ол осы идеяның басын бастап кетті. Шынында да бұл ойланатын шаруа.

Төлеуғазы Ысқақұлының тағы бір ерекшелігі, адамды ойландыруда әр түрлі тәсілді қолдануы болатын. Ол дәріс оқып тұрып кейде аудиторияның шаршай бастаға­нын аңғарса, өмірден алынған әртүрлі оқиғаларды, ойшыл­дардың өмірінен мысал келтіріп,  ойлы қалжыңдарға көшетін. Сөйтіп, аудиторияның қызы­ғу­шылығын қайта туғызып, әдемі қал­жыңдарымен бір сергітіп алатын. Ол қалжыңдардың ар жағында да үлкен ойлар жатушы еді. Осындай сәттерде Сократты жиі мысалға алатын. Көне гректерде Сократ деген ойшыл болған деп бастаушы еді, әзіл-қалжыңы аралас әңгімесін ағамыз. «Сол Сократ өзінің  ең жақын шәкіртіне үнемі саған үйлену керек деп жиі айтатын көрнеді. Бір күні әлгі шәкіртімен әңгіме құрып тұрғанда Сократтың қыршаңқы мінезді әйелі оның басына жуындыны әкеліп құйып жіберсе керек. Сонда Сократқа шәкірті «осыдан кейін үйленуге бола ма?» деп сұрақ қойған. Сонда Сократ «міндетті түрде үйлену керек, әйелің жақсы болса ештеңе жоғалтпайсың, бақытты ғұмыр кешесің, ал әйелің жаман болса онда да ештеңе жоғалтпайсың, философ боласың» деген екен, бірақ сендер енді мына Әбжановтың философ болып жүргені түсінікті болды деп ойлап қалмаңдар, үйдегі жеңгелерің құдайға шүкір жақсы адам» – деп аудиторияны ду күлдіруші еді. Сөйтіп, бір сергітіп алып, дәрісін әрі қарай жалғастыратын. Жеңгелерің дегеннен шығады, Төлеуғазы аға мен оның жұбайының арасындағы жарасымдылықтың өзі бір үлгі боларлық ғұмыр деуге болады. Дәмежан тәтенің Төлеуғазы аға үшін жасаған жанкешті еңбегіне, үлгі боларлық харекеттеріне, бұл адамдардың жанұясында қай жағы­нан да үлгі аларлық өнеге мол екендігінің талай куәсі болдық. Ол өз алдына бөлек әңгіме.

Төкеңнің қайраткерлігіне де талай рет куә болдық. Ол үнемі университеттің ғылыми кеңестерінде қазақ тілінің мәселесін қойып, оның мәртебесін көтеру жолындағы бастамалар көтеретін. Ағамыздың тұлғалық қасиеттерінің бірі ұлтымыздың тілін ұлықтауда жүргізген күрескерлігі деу керек. Бұл жолда өз басыма зияны тиер деп жан аяп қалған кезі жоқ. Өзім өлсем де сөзім өлмесін деген ұстаныммен әрқашан ойын ортаға салып, небір келелі кеңестерде қоғамдық пікір тудырып отыратын. «Кім орыс радиосын тыңдамайды, сол ақымақ»- деген жарнаманы жиі естіп жүрмін, бұл дегенің нағыз көрсоқырлық, қазаққа жасалынып жатқан қиянат» деп шыр-пыр болатын.

90-жылдардың екінші жартысында қазақ мәдениеті мен философиясына, ұлттық ойлауға деген көзқарас өзгеше еді. Кеңес заманындағы санаға сіңіп қалған ұлтқа деген көзқарастың салқын лебі еуропацентристік көзқарастағы ғалымдардың тарапынан айқын аңға­рылып тұратын. Сол кездерде «қазақта философия бар ма, жоқ па?» деген мәселелер көтеріліп, ұлтқа деген сыңар­жақ көзқарас байқалған тұста Төкеңнің ұлт мүддесін қорғап, талай рет әлемдік философия тәжірибесінен мәйекті мәселелер көтеріп, өршіп келе жатқан өртті су сепкендей басқанын сан көрдік. Оның қоғамдық пікір тудырған осындай ойлары әлі күнге маңызын жойған жоқ.

Егер тірі жүрсе, өзі бастаған үлкен жолда шәкірттері мен қаламгер бауырларын әлі де талай ой маржанынан сусындатып,  даналық зейнетін көрер еді.

Ұстаздың дүниеден озғанына он үш жыл өтсе де, үлгі-өнегесі мен тағылымды идея­лары әлі ескірген жоқ. Бәлкім, ешқа­шан ескірмейді де. 

Төлеуғазы Ысқақұлының ғибратты ғұмыры, тазалықпен өткерген ғылым жолы, қайраткерлігі, ұстаздық мәдениеті, ойшылдық  тұлғасы ешқашан естен кетпек емес. Ол бастаған ізгі істер, ол дәнін сепкен жақсы бастамалар жалғасын таба бермек.

 

Бақытжан ҚАДЫРҰЛЫ,

философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор