
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жас ғалымдарды жан-жақты қолдау – мемлекет үшін басымдықтың бірі болуы қажет. Олар – біздің интеллектуалдық капиталымыздың негізі» деген сөзі мемлекеттік саясаттың өзегіне айналды. Бүгінгі таңда жас ғалымдарды жан-жақты қолдауға мән беріліп отыр. Ғылым комитетінде өткен кездесуде 2025 жылға арналған басым бағыттар айқындалды. Атап айтқанда, кеңестің ғылым саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге қатысуы, жастардың ғылыми бастамаларын қолдау және жас зерттеушілерді ғылыми үдерістерге белсенді тарту мәселелері талқыланды. Кездесу барысында Ғылым комитетінің төрағасы жас ғалымдардың ұлттық ғылымды дамытудағы рөлін ерекше атап өтті.
– Сіздер ғылымның болашағы ғана емес, оның бүгініне серпін беруші күшсіздер. Сіздердің бойларыңызда қуат, тың көзқарас, батыл идеялар мен нәтижеге ұмтылыс сияқты өзгеріс енгізуге қажетті нәрсенің бәрі бар. Біз сіздердің еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз және әр қадамдарыңызға қолдау көрсетуге дайынбыз. Ғылымдағы армандарыңызды іске асыру үшін қажетті жағдайларды жасау – біздің ортақ мақсатымыз, – деді ол.
Кеңес жас ғалымдардың бастамаларын ұсынатын және ілгерілететін тиімді алаңға айналуды көздейді. Сонымен қатар ол ғылыми жастар мен мемлекеттік институттар арасында кері байланысты қамтамасыз етудің маңызды тетігі болмақ. Ғылым комитеті ашық диалог пен сындарлы ынтымақтастыққа дайын екендігін білдіріп, жас ғалымдарды ғылыми орта дамуына қатысты шешімдер қабылдау үдерісіне белсенді қатысуға шақырды.
Айта кетейік, 2023 жылдан бастап елімізде ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемі екі есе артты. Бөлінген қаражаттың 30 пайызы тікелей 40 жасқа дейінгі жас зерттеушілердің жобаларын қолдауға бағытталған. Бұл өз кезегінде жастардың ғылымда тұрақтап қалуына, идеяларын іске асыруына мүмкіндік беріп отыр.
Сондай-ақ үш жылдық гранттар арқылы жүзеге асырылатын ірі бастама «Жас ғалым» бағдарламасы іске қосылды. Оның шеңберінде жас зерттеушілерге тұрақты түрде қаржылай қолдау көрсетіліп, ғылыми зерттеулерін жүйелі түрде жалғастыруға жағдай жасалған.
Ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының жанынан жаңа зертханалар да ашылып жатыр. Онда шетелде білім алып, тәжірибе жинап келген жас мамандарды тартуға басымдық беріліп отыр.