Абай • Бүгін, 10:00

Абай арқылы адамзатты танимыз

60 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Алдымен қазақ қоғамына, сосын адамзатқа асыл ой айтып, ар мен ұят, ақыл мен жүректің тазалығын сақтауға үн қатқан Абай Құнанбайұлының есімі жер жүзін шарлап кетті. Абайды біз ғана емес, әлем оқырманы мен жұртшылығы білуі керек. Осы орайда туысқан халық өкілдерінен хакім туралы сұраған едік.

Абай арқылы адамзатты танимыз

Сурет: abaialemi.kz

сұлтан

Сұлтан Раев,

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы:

– Биыл біз тек бір ақынның ғана емес, бүтін бір ұлттың рухани көсемінің, дана­лық биігіне айнал­ған ұлы тұлғаның мұрасын ұлықта­мақ­пыз. Абай – ұлттың ары, ұжданы, рухы. Ол – қазақтың ғана емес, күллі түркінің ортақ мұрасы. Абай арқылы біз тек қазақты емес, адамзатты танимыз.

Абай – өркениеттік ой биігі. Ол поэ­зиясымен ғана емес, терең филосо­фиясымен, рухани кемел көзқарасымен, адамзатқа ортақ ой кешумен дараланған. Ол: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» айтып, бүкіл адамзатты бауыр тұтқан гуманист. Бұл – әлемдік өркениет деңгейіндегі ой. Тіпті әлемдік деңгейдегі ойшылдарда да кездесе бермейтін аса терең түсінік. Абай осы ойды қазақы санамен, қазаққа ғана тән пәк пейіл, кең жүрекпен дала философиясының мәйегіне айналдырды. 

Абай – аударылуы ауыр, ұғынылуы қиын тұлға. Егер біз ақын шығармаларын әлем тілдеріне аударып қана қоймай, оның рухын, маңызын, ой ағысын өз деңгейінде өзге тілге жеткізе алсақ, онда ол Пушкиннен де, Гетеден де, Байроннан да асып кеткен болар еді. Олармен терезесі тең тұрып, адамзат рухының үлкен биігі ретінде танылар еді.

«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, 

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған?» дейді.

Ол артында өлмейтұғын сөз қалдыр­ды. Бұл сөз – ұлттың, түркі дүниесінің рухани тірегі. Біз осы мұраны сақтап қана қоймай, оны дамытуымыз, таратуымыз, әлемге танытуымыз керек. ТҮРКСОЙ ұйымы ретінде Абайды тек қазақ халқына ғана тән тұлға емес, бүкіл түркі жұртының ортақ рухани асылына айналдыруды мақсат етеміз. Абай – тек ақын емес, тәрбиеші. Оның қара сөздері – бір ұлттың өзін-өзі тануының, рухани кемелденуінің көрінісі. Ол жүректі тәрбиелейді, санаға сәуле береді, рухты шыңдайды. Ол:

«Қайрат пен ақыл жол табар, 

Қашқанға да, қуғанға. 

Әділет, шафқат кімде бар, 

Сол жарасар туғанға» деп, нағыз адам болудың өлшемін беріп кеткен.

Шыңғыс Айтматов «бір кезеңдерде Абай қазақ мәдениеті мен қазақ тілі үшін қорған болып, алдағы келе жатқан тілдік ассимиляция мен біржақты мәдени ықпалға қарсы ұлттық болмысты сақтап қалудың тірегі, құралы болды. Бірақ сол кездің өзінде ешкім Абайға қол көтеруге дәті бармады, ал бұл факт қазақ сөзін және ұлттық өзіндік сананы сақтап қалуға себеп болды», деп жазды. 

Ұлы жырларымен, терең ойларымен Абай рухтың рәмізіне, болашақ­тың жарқын шамшырағына айналды. Ұлы тұлғалар адамзат өркениетін қалыптастырды, ал осы дүниетаным аясында Құнанбайұлына ерекше орын берілгенін нық сеніммен айта аламын. Демек, ол қазақ және әлемдік гума­нитарлық эволюцияның ұстазы әрі негізін қалаушылардың бірі болды.  Абайдың баламасы жоқ, ол – ұлттық болмыстың, рухани оянудың символы. Егер біз өзімізді рухы мықты ұлт деп есептесек, бұл ең алдымен хакімнің арқасы. Оның рухы, идеялары әрбір қазақ­тың, әрбір түркі баласының, әрбір жер бетіндегі адамның жүрегінде жатыр. Ол адам бойындағы адамшылықты жырлады, бұл – асқан гуманизмнің шыңы! Абай артында өшпес тарихи жады мен ой­дың ескерткішін қалдырды. Нағыз қазақ, нағыз адам болуды Абайдан үйренейік!

 

ораз

Оразхан Ахмет,

Қытай мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

– Қазіргідей есім­де, 1949 жыл­дың жазы бола­тын. Әжеме еріп бізден мойыны қашықтау жер­де тұратын әп­кем­­нің үйіне бар­дық. Жайдан-жай қыдырумен емес, жалғыз ұлы (біздің әкеміз) дүние салып, үнемі жылап-сықтаумен күн өткізген әжемді көңіл шайына шақыру себебімен бардық. Елдің аты ел емес пе, сол үйдің дәмінен ғана ауыз тиіп қайта алмадық, айналадағы көңіл жетер құда-жегжат, бауыр-туыс кезек-кезегімен жағалата қонаққа шақырды. Әжемнің қабағына қатқан қайғы мұзын ерітпек үшін бәрі де жігі-жапар болып көңіл айтып жатты. Міне, сондай күндердің бірінде бір құдамыздың үйінің уық қарына қыстырулы тұрған бір қатты мұқабалы қалың кітапқа көзім түсті. Бұл менің 2-сынып оқып жүрген кезім, оның үстіне, әкем қайтыс болып бір жыл оқымай қалған жайым бар. Былайша айтқанда, хат тани аламын.  Сондықтан үлкендерден көз жаздырып барып, әлгі кітапты ақырын ғана қолыма алдым. Көзім ең алдымен мұқабаның сыртындағы «Абай» деген жазуға түсті. Одан соң кітаптың бетін ашқанымда, қасқа маңдайлы, келбетті кісі маған сынай қарап тұрғандай көрінді. Бұл бейне − менің өмірлік арманыма жол ашқан Мұхтар Әуезов еді. Содан кітапты оқи жөнелдім: «Үш күндік жолдың соңғы күніне бала шәкірт барын салды», деп басталып та кетті.

Мен бұрын қолжазба бәйіттерді мәнерлеп оқушы едім, енді мына кітап­тың сөздері де құдды сол бәйіттердей екпін, ырғақ тауып, өз-өзінен төгіліп тұр. Іштей болса да, сол екпін, сол ырғақпен оқыдым-ау кеп. Үй іші ала көлеңке тартқан кешкі мезгілде далаға шығып оқыдым. Бірақ, аяғына жету қайда, кітаптың бір бетінен бір беті қызық. Сол түні «Абайды» басыма жас­тап ұйықтадым. Ертесі әжеме «осы кітапты сұрап алып бер, үйге барған соң сізге оқып беремін», деп өтініш айттым. Әжем бұл өтінішімді жерге тастаған жоқ, аттанарда үй иесі бұйымтай сұрағанда, әжем: «Әй, құда, маған ат-атаныңның керегі жоқ, балама анау кітапты берсең болды», дегені. Міне, «Абай» романын осылай құдадан қалап-сұрап үйге алып қайттым. Үйге келгеннің ертесі-ақ уәдемді орындап, аталған кітапты бетін ашып, мәнерлі да­уыспен әжеме арнап оқи бастадым. Әжем бар уайым-қайғыны ұмытқандай болып, кітапты зейін қоя тыңдады. Әсіресе, Абай әжесінің құлағына үшкірген жеріне келгенде көңілдене күлді. Ертесі таңертең ол кісінің:

«Ұшады бозша торғай көдені ықтап,

Басасың аяғыңды нықтап-нықтап.

Кәрі әжем естімейді, нана берсін,

Берейін өлеңіммен шын ұшықтап»,  деп ақырын ыңылдап жүргенін көріп, қуанғаннан жылап жіберіппін. Осыдан кейін «Абай» романы рухани өмірімнің бағдаршамы болды. Мәңгі бола бермек. 

 

ашур

Ашур Өздемір,

түрік аудармашысы:

– Aбaйды жaлпы түрiк әлемiнiң дaнышпaны деп қaбылдaған абзал. Шығaрмaлaры, әсiресе, «Қaрa сөздері» бүкiл түрiк­тердiң ортaқ мәтiн­дерi­нiң бiреуiне aй­нaлу керек. Aқын­­ның кейбiр өлең­дерi мен қaрa сөздерi түрiк тiлiне aудaрылғaн. Тaң­­дa­мaлы шы­ғaр­­малaры 175 жыл­дығынa орaй aудa­рылып, 2025 жы­лы Ыстaн­бұлдa жa­рық көрген. Бiрaқ aудaрмa сын көтермейдi. Менiң бiлуiмше, «Қaрa сөздері» төрт рет aудaрылды, төртiншiсiн мен тәржімаладым.

Aбaй турaлы көптеген ғылыми шығaрмa жaзылғaнын, қaзaқ ғaлымдaры шығaрмалaрының aудaрылғaнын дa бiлемiз. Дaнышпaн турaлы бiрнеше диссертация дa қорғaлғaн. Осығaн қaрaмaстaн, Aбaй Түркиядa бiр лaйықты деңгейде және қaлың оқырмaн тaрaпынaн тaнылды деп aйтa aлмaймыз. Әрине, ғылыми ортaдa, әсiресе Түрiк әлемiне қызығушылығы бaр ғaлымдaр aрaсындa көбiрек бiлiнедi. Сондa дa Aбaйды жaқсы түсiндi десек, өтiрiк айтқанымыз.

Aбaйдың тaңдaмaлы шығaрмaлaры қарапайым оқырмaн түсiнетiндей aудaрылып, бaстырылуы керек. Мұндaй бaсылымдaрды әр деңгейдегi оқырмaн­ғa, тiптi бaлaлaрғa сәйкестендiрiп шығaр­ғaн жөн. Шығaрмaлaрын әр жерде, әр деңгейде нaсиxaттaу шарт. Ең бaстысы, нaуқaндық жұмысты қойып, шын көңiлмен жұмыс iстеген жөн.   

Екi елден де бaрлық iс-шaрaғa қaты­сып жүрген он шaқты aдaм бaр, болды. Бaрлығын солaр тындырaды, бaрлығын солaр шешедi, бaрлығын солaр бiледi. Осы жaмaн әдеттi тыймaсaқ, ешқaйдa бaрa aлмaспыз. Түркиядa әр жылы тойы өтсе де, ол туралы том-том кiтaптaр шықсa дa, Aбaйдың шығaрмaлaры мыңдaғaн данамен бaсылсa дa, хaкiм тaнылмaйды, оқылмaйды.

 

Әзірлеген –

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan»