
Кейіннен Абай мұрасын жинақтап, саралап, жүйелеп басып шығарудағы өз кезіндегі белесті көптомдық еңбек 1995 жылы академик С.Қирабаевтың үйлестіруімен, Қ.Мұхамедханов, З.Ахметов, Ж.Ысмағұлов, т.б. ғалымдардың құрастыруымен жарық көрген. Араға ширек ғасыр салып, 2020 жылы ақынның туғанына 175 жыл толуына орай М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары, абайтанушы мамандар ақын шығармаларының үш томдық академиялық толық жинағын дайындап шығарды. Дегенмен соңғы жинақта ұлы Абай мұрасын академиялық сипатқа сай даярлауға карантиндік шектеулер мүмкіндік бермеген еді. Сондай-ақ әр басылым сайын толығып, текстологиялық түзетулер енгізіліп келе жатқан Абай мұрасында әлі де түп-тиянағын таппаған сауалдар, заманның ырқымен қалтарыста қалған немесе өзгеріске түскен ақын сөздері, көшірмелерді түрліше оқудан кеткен жаңсақтықтар, жазбаға түсіру, басып шығару кезінде кеткен техникалық қателер жоқ емес. Институт ғалымдары осы олқылықтың орнын толтырып, биыл ұлы Абайдың 180 жылдық тойына арнап, ақынның үш томдық академиялық басылымын текстологиялық тұрғыдан жан-жақты саралап, толықтырып, қайта даярлаған еді. Бұл жаңа академиялық жинақ «Атамұра» корпорациясы ЖШС қолдауымен жарық көріп отыр.
Кез келген өркениетті елдерде классик қаламгердің академиялық шығармалар жинағының жарық көруі сол ұлттың рухани өміріндегі аса маңызды мәдени құбылыс болып саналады. Себебі мәтінтану ғылымы тұрғысынан жете сарапталған, дәйекті деректермен, ғылыми-анықтамалық түсініктермен толықтырылған академиялық басылым қалың оқырман қауымнан бастап, мектеп бағдарламалары мен оқулықтарын дайындаушыларға, автор шығармашылығын насихаттаушылар мен зерттеушілерге бағдар ретінде ұстанатын түпмәтінге баланады. Осы тұрғыдан алғанда, Абай шығармаларының академиялық басылымын шығару – жай ғана әдеби мұраны сақтау әрекеті емес, ақын шығармашылығын қазақ ұлтының мәдени коды, жаһандық гуманистік ойдың маңызды элементі ретінде ғылыми тұрғыдан түсіну, түсіндіру және насихаттаудағы үлкен қадам десек болады. Демек Абай шығармаларының академиялық толық жинағын жариялау тек көркем мәтіннің басылымы емес, бұл, ең алдымен, ғылыми, мәдени және рухани жауапкершіліктің көрінісі болса, екіншіден, ұлттық гуманитарлық білімді дамытудың, қазақ классикасын әлемдік интеллектуалдық кеңістікке енгізудің құралы болып табылады. Сондай-ақ Абай – ұлттың ар-ожданы, рухани көсемі десек, ақын шығармаларының жүйелі әрі терең зерттеліп, жарық көруі ұлттық сананы қалыптастырудың, қазақ халқының тілдік және философиялық дәстүрін сақтау мен дамытудың, сонымен бірге ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты нығайтудың бағдарын анықтайды.
Аталған жинақты даярлау барысында абайтану тарихындағы мәтіннамалық тәжірибе барынша ескерілді. Ең алдымен, осы уақытқа дейін жарық көрген басылымдар салыстырылып, қайта қаралды. Әсіресе 1933, 1957, 1961 жылдардағы жинақтарға бас абайтанушы М.Әуезов енгізген жаңа шығармалар мен түсініктер пайдаланылды. Абайтану саласына сүбелі үлес қосқан Қ.Мұхамедханов, Б.Байғалиев, З.Ахметов, Ж.Ысмағұлов, М.Мырзахметұлы сынды көрнекті абайтанушы-ғалымдардың ғылыми ой-пайымдары назарға алынды. Әрине, кеңейтілген текстологиялық салыстырулар негізінде шығармалардағы қарасөздердің М.Әуезов түзген жүйесі сақталды. Түсініктер түгелге жуық қайта жазылды.
Бұл жаңа басылымда Абай мұрасының жариялану тәжірибесінде алғаш рет тыныс белгілері бойынша арнайы, түбегейлі түзетулер жасалды. Мысалы, «Тайға міндік» өлеңінің екінші шумағының төртінші, бесінші тармақтары:
«Арт жағында,
Біз соған зар,
Боламыз деп білмедік»,
болып алдыңғы басылымдарда әрбір өлең жолы үтірмен бөлініп жазылады. Осы сияқты «Әбдірахманның әйелі Мағышқа Абай шығарып берген жоқтау» туындысындағы:
«Жүректегі жазылмас,
Тағдырдың салдың сызығын»,
дейтін қос тармақ та үтірмен беріліп келеді. Бұл жинақта осындай бір деммен (интонациямен) айтылып, бір ғана ойды білдіретін синтаксистік оралымдар өлеңнің мағыналық-құрылымдық тұтастығына сәйкес тыныс белгілері бойынша төмендегідей түзетілді:
«Арт жағында
Біз соған зар
Боламыз деп білмедік».
«Жүректегі жазылмас
Тағдырдың салдың сызығын».
Бұл жаңа жинақта Абай шығармаларының барлығына дерлік осындай пунктуациялық түзетулер жасалды.
Осы орайда, атап айта кетерлік тағы бір жаңалық ‒ Абай шығармаларының бұл басылымын дайындау барысында текстологиялық тұрғыдан әзірге бір ізге түсе қоймаған немесе әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелерге де назар аударылды. Айталық, Абайдың 1945 жылғы жинағында алғаш басылған «Ойға түстім, толғандым» өлеңінде сол жарияланған кезінен бастап мағынасы мен қолданылуына М.Әуезовтің өзі де күмән келтірген «наз» деген сөз бар («Бәрі болды өзімнен// Тәңірім салған наз емес»). Сол басылымда шығарушылар тарапынан: «Мұны Қайым (Мұхамедханов ‒ ред.)» «наз» ба екен, жоқ, «аза» ма екен» деп жазады. Мұхтар Әуезов «аза» болмас па деп белгі қояды, әзірге «наз» деп жібердік» деген түсінік берілген. Содан бергі басылымдардың бәрінде бұл сөз сол түзетілмеген қалпында «наз» болып басылып келеді. Осы сөздің орнында тұруға тиіс болжалды нұсқаларды шығарманың жалпы контексімен байланыстыра екшей келіп әрі олардың лексикалық мағынасы мен стилистикалық қолданылу ыңғайына, қала берді, айтушының аузынан жазып алынған мәтіндегі сөздердің орфоэпиялық тұрғыда өзара тіркесу жосынына да сүйене отырып (наз(а) емес), редакция алқасы абайтанушы Т.Шапай ұсынған «наза» нұсқасын қабылдады. Яғни бұдан былай жоғарыдағы тармақ «Тәңірім салған наза емес» деп оқылуға тиіс. Нақты қолжазба, көшірмесі жоқ бұл өлең мәтіні, жарияланған кезінен бері, алғаш рет түзету көріп отыр.
Тағы бір мысал: көп жылдардан бері, ақынның қайсыбір басылымдарында, тіпті 1995 жылғы екі томдық академиялық толық жинағында да Абайдың Лермонтовтан аударған «Шайтан» деген өлеңінің «Түгел білем қайда бар деп іздеген», сондай-ақ «Онегин сөзінің» (Пушкиннен тәржімалаған) «Жамандығым жақсымнан екі еседен» деп басылып келген тармақтарындағы қате тіркестер («түгел білем», «екі еседен») осы басылымда жоғарыдағы ұстанымдарға және ертеректе шыққан (мыс., 1945) кейбір басылымдарға сүйеніп, түзетілді: «түгел білім» және «екі есе ден». Яғни алдыңғы тіркес еуропа, орыс романтикалық әдебиетінің біраз үлгілерінен белгілі шайтан бейнесінің бір оқшау белгісіне нұсқаса, екіншісі Онегиннің өзіне-өзі берген мінездемесіне қатысты сөз ‒ кейіпкер өз бойындағы жамандықтың жақсылығынан екі есе ден (басым, көп, артық деген мағынада) екенін айтып отыр. Аталған өлең жолдары бұл басылымда «Түгел білім қайда бар деп іздеген» және «Жамандығым жақсымнан екі есе ден» деп түзетілді. Тағы осындай бірқатар мәтіндік түзетулер мен реттеулер осы жинақтың өзіндік және бір ерекшелігі десек болады.
Ал академиялық басылымның екінші томында берілген Абайдың «Қара сөздер» аталып кеткен ғақлиялық шығармалары да бұрын әр жерде жарық көрген нұсқаларымен салыстырылып, қайта қаралды. Жиі ұшырасатын араб-парсы сөздері мен діни терминдердің түсініктері беріліп, транскрипциялық, транслитерациялық сөздіктері жасалды. Әсіресе Абай қарасөздерінің ішіндегі ең күрделісі саналатын 38-қарасөзі («Китаби тасдиқ» – «Иман кітабы») қайта аударылып, түпнұсқа транслитерациясымен қоса беріліп, ауқымды түсінік жазылды. Абайдың поэмалары да осы томға енді.
Сондай-ақ жинақ құрылымы музыка зерттеушісі, әнші Е.Шүкіман мұқият саралап, ғылыми түсініктерімен дайындаған Абайдың музыкалық мұрасымен толықтырылды. Әсіресе Абайдың музыкалық мұрасына қатысты соңғы үш жылдағы тың деректер, мәселен, кеңестік кезеңде орыс әнінен алынған делінетін «Қор болды жаным» және «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Көзімнің қарасы» әндері жөніндегі бұрын-соңды айтылмаған мағлұматтар мен олардың басқа мәтінмен берілген нұсқалары, ондағы ноталық үлгілер, сонымен бірге оркестрлік үлгіде халық арасына кең тараған «Айттым сәлем, қалам қас», «Желсіз түнде жарық ай» секілді әндердің дәстүрлі орындаушыларға арналған нұсқасы енгізілді.
Сонымен қатар осы екінші томға «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы», «Сенатқа хат», Абай белсенді қатысып, қолын қойған «Қарамола съезінде қабылданған Ереже» мен ақынның туысқандарына жолдаған бірер хаты түпнұсқаларымен салыстырылып, факсимилесімен қоса берілді.
Академиялық толық шығармалар жинағының үшінші томына ақынның тұңғыш басылымының (1909) литографиялық көшірмесі мен қазіргі қазақ жазуына түсірілген нұсқасы, он екі көшірме қолжазбаның кеңейтілген сипаттамасы берілді.
Жинақ ауқымына сыймай қалған материалдар толығымен институт сайтындағы «Абайтанудың көптомдық электрондық кітапханасына» жинақталды.
Түйіндеп айтқанда, ұлттық сананың реформаторы болған Абай шығармаларының академиялық толық жинағының жарық көруі ғылыми-танымдық тұрғыдан ғана емес, мәдени маңызы зор, ұлттық руханиятқа қосылған өлшеусіз үлес деп санаймыз. Бұл – ұлы ойшылдың адамзаттық идеяларын түсіну, сақтау, тереңдету және болашақ ұрпаққа жеткізудегі ғылыми дәлдік пен интеллектуалдық шынайылықты қамтамасыз етері сөзсіз.
Кенжехан МАТЫЖАНОВ,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры