Абай облысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің өңір жұртшылығымен кездесуі өтті.
Сапардың басты шарасы Абай атындағы облыстық кітапханада аймақ белсенділерімен өткен кездесу болды. Жиынға 500-ге жуық адам жиналды. Талқылауға мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, саяси партиялар, Қазақстан халқы Ассамблеясы, ардагерлер ұйымдары, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, ғылым салаларының өкілдері және жастар қауымдастығы қатысты.
Диалогтың негізгі тақырыбы – жаңа Конституция жобасы мен алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдум. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин құжатты дайындау барысындағы негізгі принциптерге егжей-тегжейлі тоқталды. Ол бұл жұмыстың ашық жүргізілгенін және қоғамның кеңінен атсалысқанын, ал азаматтардың ұсыныстары e-Otinish және eGov цифрлық платформалары арқылы қабылданғанын атап өтті.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесінің орнықтылығын нығайтуға, билік институттарының өкілеттіктері мен жауапкершілігі арасындағы теңгерімді күшейтуге, сондай-ақ елдің стратегиялық басымдықтары ретінде адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны дамытуға бағытталған.
Ерлан Қарин жаңа Конституция тек құқықтық құжат қана емес, сонымен бірге қоғамның құндылықтарын айқындайтын және мемлекеттік саясаттың «адамға бағдарлану» принципін бекітетін заманауи қоғамдық келісім екенін атап өтті.
«Жаңа Конституцияда кез-келген санаттағы, кез-келген әлеуметтік және кәсіби топта, кез-келген жастағы адам өз мүдделері қамтылғанын көре алады. Бұл не деген сөз? Бұл әрбір азамат өз құқықтарын қорғауда сенімді конституциялық кепілдіктерге ие болды деп айтуға болады. Жаңа конституцияға сәйкес барлық азаматтар жасына, әлеуметтік және өзге де жағдайына қарамастан еңбек ету және демалу құқығына, білім алуға және денсаулығын сақтауға, сөз бостандығы мен бейбіт жиындар өткізуге, жеке деректерін қорғауға қолайлы қоршаған ортаға ие бола алады», деді Мемлекеттік кеңесші.
Сапар аясында Мемлекеттік кеңесші Абай облысының шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен де кездесті. Мұнда мәдениетті дамыту, тарихи жадыны сақтау және ұлттық бірегейлікті нығайту мәселелері назарға алынды. Қатысушылар мемлекет қызметінің қағидаттары тізбесіне тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау туралы тармақтың енгізілуіне қолдау білдірді.
Референдум кезінде шалғайда жүрген азаматтар қалай дауыс береді?
Бұдан бөлек, Жалпыұлттық коалиция мүшелері белсенді жастармен, қоғамдық бірлестіктермен және өңірдегі түрлі сала өкілдерімен жеке кездесулер өткізіп, жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері мен оның ел дамуындағы маңызын талқылады. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы бойынша республикалық референдум 2026 жылғы 15 наурызда өтеді.