
10 тамыз — қазақтың ұлы ағартушысы және ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні. Биыл хакімнің туғанына 180 жыл толады. Осы айтулы датаға орай Яндекс Кітап қызметі қазақстандықтарды ақын мұрасымен қайта қауыштырып, ерекше форматта құттықтауды жөн көрді.
Абайдың кеңінен танымал туындыларының бірі – «Қара сөздерінен» алынған нақыл сөздер Қазақстанның алты қаласындағы қоғамдық кеңістіктерде пайда болды. Атап айтқанда, ол қалалар – Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Өскемен және Тараз.
Классиктің нақыл сөздері мектептер мен университеттердің маңайында, спорт алаңдары мен мәдени нысандар жанында орналастырылған. Бұл локациялар – Абай есімімен аталатын көшелер мен даңғылдар бойында. Мұндай таңдау ақын сөздерінің мән-мағынасы қалалық өмірге үйлесімді кірігіп, заманауи кеңістікте жаңаша тыныс алуына жол ашады.
Мәселен, оқу орындарының жанында білім мен ғылым туралы ойлары, спорт кешендерінің маңында рух пен жігер, қайрат жайында айтқан нақылдары қойылған. Әрбір сөз айналадағы ортамен үндесе отырып, Абай мұрасын күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдырады.
Әр нақыл сөздің жанына QR-код орнатылған. Оны сканерлеу арқылы пайдаланушылар Яндекс Кітаптардағы арнайы сөреге өтіп, ұлы ойшылдың ең үздік шығармаларымен таныса алады. Осылайша, бұл жоба қалалық ортаға көрік беріп қана қоймай, Абай философиясын кез келген адамға бір ғана қадаммен қолжетімді етеді.
«Абай — тек қазақ әдебиетінің классигі емес, бүгінгі күнге дейін өзекті ойлар қалдырған ғұлама. Біз оның сөздері тек кітаптарда емес, адамдар күнде жүріп өтетін жолдарда, қаланың дәл ортасында болғанын қаладық», — дейді Яндекс Кітап өкілдері.
Сонымен қатар сервис Абайдың басты шығармалары — «Әсемпаз болма әрнеге», «Ғылым таппай мақтанба», «Жазғытұры», «Қыс» және тағы басқа туындыларына арналған мұқабалар әзірледі. Әрбір мұқаба шығарма мазмұны мен көңіл-күйіне сай жасалған. Бұл мұқабаларды да Яндекс Кітаптағы арнайы сөреден көруге болады.
Айтпақшы, Абайдың өмірбаяны жайлы толығырақ білгіңіз келсе, Алисасы бар Яндекс Станцияны пайдалана аласыз. «Алиса, Абай туралы айтып берші» деп сұрасаңыз, ол қуана жауап береді.