
Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ұйымдастырған конференцияда филология, тарих салаларындағы ғалымдар мен түрлі сала мамандары Абай шығармашылығына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, Ұлттық құрылтай мүшесі, жазушы Бауыржан Ғұбайдуллин Абайдың рухани мұрасы жалпы адамзатқа ортақ, ал қазақ баласы үшін ең басты бағдар деген ой айтты.
Махамбет университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаев «Абай мұрасы – ұлттық құндылықтар айнасы» атты баяндамасында хакімнің қарасөздеріндегі пәлсапалық мазмұнға тоқталса, осы оқу орнының тағы бір профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Мүтиев Абай мен Фариза өлеңдеріндегі сабақтастық туралы пікір өрбітті. Әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Рита Сұлтанғалиева да Абай даналығы туралы сөз қозғады. Махамбет университетіндегі Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Әлфия Байболсынова Абай мұрасы – ұлттық идеологияның негізі екенін қадап айтты. Ардагер ұстаз, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызының «Адамзат өркениетінің толық иесі – Абай тағылымы» атты баяндамасы жас ұрпаққа бағышталды. Ал осы іс-шараны ұйымдастырған Жұбан кітапханасының директоры Шолпан Оразаева Батыс Қазақстан облысы кітапханаларында Абай мұралары қалай насихатталып жатқанына тоқталды.
Конференциядағы үздік баяндамалар жинақ ретінде жарық көреді.
Батыс Қазақстан облысы