
Бұланты-Білеуті шайқасы – Аңырақайдағы ұлы жеңістің жолбасшысы, елдік намыстың қайта тұтанған алауы. Бұланты шайқасы өткен жер бүгінгі күнге дейін «Қалмаққырылған» деп аталуы соның айғағы. Қалмаққырылған жазық, Қалмаққырылған төбе, Қалмаққырылған сай деген секілді жер атаулары – ұлт тарихының жанды куәсі. Бұл өңірде болған ұлы шайқас – әскери тұрғыдан ғана емес, рухани тұрғыдан да қазақ халқы үшін ерекше маңызға ие. Сондықтан да осынау тарихи қанды шайқаста қолына қару алып, қан кешкен Сәмеке, Әбілмәмбет, Көкжал Барақ, Саңырық, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Тайлақ, Малайсары бастаған сұлтандар мен батырлардың ерлігін бүгінгі ұрпаққа насихаттамақ ләзім.
Бұл майданда ерлермен қатар ару аналарымыз да ерен ерлік көрсетіп, тарихта қалды. Бұланты-Білеуті шайқасында ұлтымыздың қайсар қыздары да қол бастап, ел намысы үшін арпалысты. Абылай ханның қызы Айтолқын, үйсін Қаратай батырдың қызы, Олжабай батырдың анасы Есенбике, Қабанбай батырдың жары Гауһар ана мен қаһарман қызы Назым, атақты Бұланбай батырдың жары, барлаушы топтың жетекшісі Айбике, Алшыннан шыққан батыр қыз Ақбикеш, найман Жандәлі, Есет батырдың қызы Ботагөз сынды арулар – қазақ қызының қайсар рухы мен елдікті қорғаудағы ерлігінің мәңгі үлгісі. Бұл қол бастаған арулар жай батыр ғана емес, бүкіл қазақ қызының намысы мен қайсарлығының жарқын үлгісі болды.
Қазақтан 100 мың жасақ қол қатысып, ұлт тағдырын шешкен жеңістің алғышарты Ордабасыда өткен ұлы жиында қаланды. Бүкіл қазақ жасағының бас қолбасшысы болып Әбілқайыр сайланды. 1718 жылы Тәуке хан дүние салған соң, қазақ хандығының ішкі бірлігі әлсіреп, үш жүзге ыдырап кеткенін тиімді пайдаланған жоңғарлар 1723 жылы жеті бағыттан соғыс ашты. Олар Іле өзенінен бастап Шу бойына дейін шеру тартты. Қазақ даласында халықтың қаны судай төгілді. Бұл апаттың бетін Бұланты шайқасы қайырды. Қазақ жасақтары 1727 жылы жоңғарлармен Шұбартеңіз көлінің жағасында, Ұлытауға барар жолда Бұланты, Білеуті өзендерінің бойында, Қарасүйір жазығында, Білеуті шатқалдарында шешуші ұрыстарға кіріп, жау әскерін талқандап, беталысын тоқтатты.
Иірімдері көп өзендер мен жер жағдайы жауға күтпеген тұстан шабуыл жасауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар әскери әдістің алуан түрлі тәсілдері пайдаланылды. Қазақтар жасанып келе жатқан жау жасағына қарай сай-саладан үйір-үйір жылқы қуып, қалың қолды топ-топқа бөліп, тіс-тіс қылып бөлшектеді. Жан алысып жан беріскен бабаларымыз асқан ерлік көрсетті. Жауды Бетпақдала мен құмға қуып, бір қатары шөлден қаталап, ажал құшты. Сөйтіп, жоңғарларды Ұлытауға жеткізбей тоқтатты.
Бұл жеңіс қазақ халқының ұлт ретінде қайта түлеуіне себеп болды. Тарихтың қатпарлы беттеріне сүйенсек, Ұлытау – Жошы ұлысының орталығы, Шыңғыс хан ұрпақтарының кіндік қаны тамған мекен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ – даңқты тарихын ат тұяғымен жазған халық» деген сөзі бұл даланың қасиетін тағы бір мәрте айқындайды.
Ұлытаудың тарихы мен табиғатын алғаш ғылыми тұрғыдан жүйелеп зерттеген Қаныш Сәтбаевтың еңбегі ерекше. Ол Жезқазған – Ұлытау өңірін зерттей отырып, Бұланты, Қалмаққырылған сынды тарихи жер атауларының мән-маңызына арнайы тоқталған. Бұл ғылыми мұра қазақ халқының тарихи картасын нақтылауда, ұлттық сана-сезім мен тарихи жадыны жаңғыртуда айрықша рөл атқарды. Қаныш Сәтбаевтың «Ресей үшін Кремль қандай қадірлі болса, меніңше қазақ елі үшін Ұлытау да сондай қастерлі» деген сөзі – Ұлытаудың қазақ үшін орны бөлек екенін білдірсе керек.
Кейіннен Бұлантыда жергілікті азаматтар белсенділік көрсетіп, ұлы шайқас болған жерді қоршап, бірінші қатарға хандар мен билерге арналған ескерткіштер мен белгі тастар қойды. 2015 жылы қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров келіп осы кешенді ашты. Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында Ұлытаудағы «Бұланты шайқасы» стеласы бой көтерді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі. Үш жүздің басын қосқан Ұлытауда бабаларымыз ұлттың келешегін ойлап, бірліктің туын желбіреткен. Халық бұл жерге Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелерін, Хан ордасы, Әулиетаудай киелі орындарды көру үшін келеді. Ұлытау аңыздарында ұлттың ұйысуы, жұрттың жұмылуы айқын көрініс тапқан. Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз», деген сөзі бар. Бұл сөз де бүгінгі Ұлытаудың тарихи, рухани һәм табиғи тұрғыда ел үшін алтын бесік екенін білдіреді. Яғни Ұлытаудың ұлттық тарихтағы орны – халықтың рухани тұтастығының рәмізі десек болады. Сондықтан 2027 жылы Бұланты-Білеуті шайқасының 300 жылдығын атап өту – тарихи әділеттілік пен ұрпақ алдындағы қасиетті парыз деп білеміз. Бұл орайда бұл шайқасқа қатысқан батырлар туралы бүгінгі ұрпақ білетін мәліметтердің мардымсыз екенін, оқиғаның тарихи маңызы әлі күнге жеткілікті зерттелмегенін қаперде ұстағанымыз жөн. Сондықтан да осы олқылықтың орнын толтыру үшін төмендегідей ұсыныс жасағымыз келеді:
- Дүниенің көптеген дамыған елдерінде өз тарихына қатысты мұқият көзқарас қалыптасқан. Ресей үшін – Бородино, Франция үшін – Ватерлоо, Түрік үшін – Чанаккале шайқастары қандай маңызға ие болса, қазақ үшін Бұланты – сондай деңгейдегі шайқас деп танылуы керек. Бұл орайда мемлекет тарапынан тарихи-танымдық экспедициялар ұйымдастырылып, Бұланты-Білеуті шайқасының шынайы тарихын жазуға тарихшылар жұмылдырылуы қажет.
- Осы ұлы тарихи оқиғаға байланысты республикалық, облыстық деңгейдегі ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізіліп, тарихи орынға инфрақұрылымдық нысандар салынып, ұлы шайқас туралы кинофильм түсірілуі қажет.
Ұлытау – мемлекеттіліктің алтын бесігі, Бұланты – елдіктің сын сағаты, Аңырақай – азаттықтың мәресі. Осы үш тарихи белесті ұмытпау – болашақ үшін міндет. Тарих – өткеннің сабағы ғана емес, келешекке бағдар беретін шамшырақ. Бұланты шайқасы бізге бөлінген елдің жеңілетінін, біріккен елдің жеңетінін үйретті.
Бұланты – өткеннің ғана емес, ертеңгі күніміздің алтын темірқазығы. Бұланты – намыстың тұғыры, бірліктің жеңісі. Оны ұлықтау – бәрімізге ортақ парыз.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор