
Cамаурынға ұзақ қарадым. Бұл шынында бағасына лайық тауар ма? Неге тоқсан тоғыз жылқы емес? Неге жүз? Осы самаурынды қоржынына бөктеріп жатқан бай көз алдымда көлбеңдеп тұрып алды. Әне, шұрқырап жүз жылқысын саудагер айдап барады. Ал бұл болса, күмістей жалт-жұлт еткен бұйымға қолы жеткеніне қуанды ма екен? Меніңше, өкінген болар. Олай дейтінім, күніне үш уақыт ішетін шайды бағалы самаурынға қайнаттың ба, бағасыз самаурынға қайнаттың ба, бәрібір емес пе? Бай өзінің қандай бақуатты екенін баршаға дәлелдегісі келді. Ал дәлелдепті... Сонда не өзгерді? Аңыз қалды. Ол аңызды арада бір жарым ғасыр өткеннен соң, міне, біз айтып отырмыз.
Жердің шаңын аспанға көтеріп, үйір-үйір жылқы айдап бара жатқан саудагер қандай сезімде болды десеңізші... Ол өзінің айлакерлігіне сүйсінді ме екен? Бәлкім, бір жылқыға алған тауарын жүз жылқыға сатқанына масаттанған шығар. Әйтеуір, ұтылмаған адам саудагер екеніне бәс тігуге дайынмын.
Орал Қазақстанның батысы делік. Енді, 4 мың шақырым кері қайтып, Хан-Тәңірінің етегіндегі өз ауылыма келейін. Біздің елде де қызына арнап жүз жылқыға бір ішік алған Ниязбек деген бай өткен. Ел оның ұрпақтарын «Байдың ауылы» деп атайды.
Бір қызығы, түрлі кітаптарды оқығанда, ХІХ ғасырда мұндай деректердің аз болмағанына көзім жетті. Мәселен, қазақ байы құнын жүз жылқыға бағалап сатып алған сәукеле Ресейдің Кунсткамерасында әлі күнге сақталып тұр екен. Басқаны айтпасақ та, осы үш-ақ дерек бір кездері қазақ байларының арасында «байлық жарыстыру» бәсекесі болғанын айғақтайды. Бұл бәсекенің жалпы қоғамға берері болды ма? Одан қазақ ұтты ма? Ұтылды ма? Сұрақ көп, жауап жоқ.
Әрине, мақтан, атақ, даңқ, аңыз керек-ақ! Бірақ сол заманда самаурын, ішік, сәукеле деген қазақ үшін қат дүние болды деп айта алмаймыз. Бұл жай ғана біздің бабаларымыздың атақ-даңқын арттыру үшін қандай құрбандыққа болсын бара алатынын көрсетеді. Біреу мұны жомарттық-мәрттік дер, енді біреу басқаша бағалар...
Бір қызығы, сіз бен біз байдың байлығына таңдай қағамыз да, оның жүз жылқысын бір самаурынға, бір ішікке немесе бір сәукелеге айырбастап алған айлалы саудагерлерді ұмыт қалдырамыз.
Ол айлалы саудагер не істеді? Қалай сатты? Байды қалай көндірді? Негізгі тәлім аларлық аңыз осы тараптан өрбісе, біз үшін тың ақиқаттың беті ашылар ма еді? Бізге жеткен аңыздарға қарасақ саудагерлер алдымен алушының намысына тиетін сөздер айтқан. «Ей, қазақ! Әрі жүр? Бұл бұйымды сатып алуға сенің байлығың жетпейді» дейді саудагер мұрнын шүйіріп. Бұл сөз күнде мадақ-мақтау естіп жүрген адамға ауыр тиері анық. Бай ызаланып: «Ал менің байлығым жетпейтіндей, сәукелеңнің құны қанша еді?» дейді қалш-қалш етіп. «Жүз жылқы» дей салады осыны күткен саудагер. «Мына алыпсатарға жүз жылқыны айдап әкеліңдер» дейді ашуы тарқай қоймаған бай. Ол менсінбеген саудагерді затын сатып алып мұқалттым деп ойлайды. Ал қазақтың психологиясын зерттеп-біліп алған саудагер жеңілген кейіпте кешірім сұрай қояды. Бірақ бай сол бір кешірімді жүз жылқысын шығындап сатып алғанын білмейтіні өкінішті.
Мұның бәрін тереңнен қозғап, неге айтып отырмыз? Қазіргі миллионерлердің де кешегі бақуатты байлардан айырмасы шамалы. Атақ үшін ат шаптырады. Көкпар береді. Шетелден зәулім сарайлар тұрғызады, той жасайды. Өздері туралы жыр-ода жазғызады. Онысы кітап болып басылады, телеэфирлерден көрсетіледі. Бірақ жоқ-жітікке көмектеспейді, Алаш баласының білім алуына инвестиция салмайды.
Әлгі самаурынға қарап тұрған кезде жүрегім шым ете түсті. «Мұндай жүз жылқының қаншасы көрші елдерге асты екен?» деп ойладым. Сол жүз жылқы қаруға айналып, қайтадан қазақтың басына әңгіртаяқ ойнатпағанына кепілдік бере аласыз ба? Ойлаудың өзі ауыр...