Абай • Бүгін, 11:00

Абай жолы әр жанның көкейінде қалыптасады

100 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әдебиет тарихында ең ықпалды шығарманың бірі болып саналатын Марсель Прусттың «Жоғалтқан уақытты іздеу» (өкінішке қарай, қазақшаға аударылмаған) атты шығармасы жайында «Не туралы?», «Оның мағынасы не?» деген сұрақтарға берілген жауаптарды әдебиеттанушылар бірнеше топқа бөлген екен. Оның бірі: «Бұл өткен шақ пен болашақ, олардың арасындағы байланыс туралы», енді бір тобы: «Бұл қоғамның айнасы, жазушының қоғамға көзқарасы», деп топшылаған. Тағы бір тобы: «Бұл өмір мен өлім туралы» десе, келесі тобы «Шағын құбылыстар арқылы тұтас әлемді көру» деген пікірлер айтқан. «Жоқ, бұл оқырман туралы, осы романды қолына алып, оқып тұрған адам туралы» деушілер де бар.

Абай жолы әр жанның көкейінде қалыптасады

Расымен, шынайы көркем шығарманы оқыған адам қиялына ерік беріп, өресіне, біліміне, құндылығына, дайын­дығына сай көз алдына өз әлемін елестетіп, керегін алады. Екін­ші жағынан, таяуда ғана бір әдебиеттанушы қарапайым болып көрінетін екі шумақтан тұратын өлеңді 11 тәсілмен талдап, оның әрқайсысын қолдана отырып, түйін­делген тұжырым сол екі шумақ­ты жаңа қырынан ашып, өзгеше ой қорытуға жетелейтінін көрсетті.

Оқырман ретінде мен мұны әдебиеттің ғажайыбы дер едім. Әдебиеттің ғасырлар бойы адам баласына тартымды болуы да, мүм­кін, оқырманды жетелей, талға­мын жетілдіре, бойында құн­ды­лық қалыптастыра келе, соны­мен қатар оған белгілі бір дең­гейде еркіндік беріп, қиялын шарық­татуында болар. Осы күндері ұлт және мемлекет болып 180 жыл­дық мерейтойын ұлықтап жат­қан кемеңгер Абайдың мұра­сы жоғарыдағы сипаттар тән маз­мұн­ды көркем шығармалар мен тұң­ғиық дүниетанымдық, фи­ло­софиялық толғауларды ұштастыра бүгінгі қоғам, ұлт және азамат пен адам алдында тұрған өзекті сұрақтарға жауап іздерде бағдар беретін темірқазық болатынына оқыған сайын көзіміз жетеді. Абайды оқыған әр адам одан өзіне керегін табады. Ақын шығармалары арқылы әр оқырман өзін көреді, өзін түсіне алады. Абайды оқыған әр адам ұлы ойшылдың ұстанымдарымен, бағамдарымен өз ұстанымын салыстырып, өзінің бағалау жүйесін жетілдіре алады. Абайды оқыған әр адам өзінің сынын берер айна табады. Сонымен қатар әр адамның Абайға қайта оралған сайын оны жаңаша, тереңірек түсінетіні де – басы ашық дүние.

Бұл, әрине, Абай шығармала­рының тұңғиық тереңдігі мен асқақ биіктігі және ұлттың дүние­таным көкжиегін кеңейткен ғажап ықпалының көріністері. Ұлт тари­хындағы ең күйзелісті заманда – бодандықтың қамытын киіп, тізгіннен айырылып, ел жақсылары сыртқа жүгінуге мәжбүр болған тұста – ақын Жаратқанның қазаққа жіберген сыйы секілді еді. Хакім көкжиегімізді кеңейтті. Абай ұлтты жаңа кезеңге дайындады. Сол себептен де, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы Абайды «Қазақтың бас ақыны» деді.

Абай жолы әр жанның көкейінде қалыптасады. Ендеше, «Абай шығармалары не туралы? Абай шығармаларының мағынасы не?» деген сұрақтарға жауап іздеушілер Марсель Пруст­тың әйгілі шығармасын талда­ған­дай, алуан түрлі жауаптар топтамасын қалыптастыра алады. Шығармаларын адам мен әлем, әлемдегі және адамзат тари­хындағы біздің орнымыз, ұрпақтар арасындағы сабақтастық тамырлары, махаббат пен ғадауат, өмір мен өлім, өткен мен болашақ туралы деп шексіз жалғастыруымызға болады. Оны оқығанда әркім өзіне керегін табады, өз өресіне сай өз жолын салады. Абай жолы әркімнің көкірегінде бөлек қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясындағы іс-шаралардың тұтас кешенді тұжырымдама аясында тоғысып, әркімнің өз керегін іздеуге мүмкіндік беретіні қуантады.

«Абай академиясы» энци­клопедиялық порталының ашылуынан бастап, «Желсіз түнде Жарық ай» гала-концертіне дейін; «Абай әлемі» рухани кеші мен «Өлең сөздің патшасы» мүшәйрасы «Адамзаттың бәрін сүй, бауы­рым» деп аталатын ақындар фес­тивалі және «Адамзаттың Абайы» ақындар айтысы; Семей – Қа­рауыл марафоны мен «Жеті қа­зына» байқауы және басқа да ғылыми, мәдени, дүниетанымдық, әдеби іс-шаралардың барлығы ақын тұлғасының жан-жақтылығын, мұрасының тереңдігін және күрде­лілігін көрсете отырып, әрбір жан­ға Абай арқылы өзін тануға мүм­кіндік беретін жан-жақты кешенді бағдарламаны құрап тұр.

«Жеті қазына» бағдарламасында тоғыз­құмалақтың болуы, жеңім­паз ойын­­шыға көлік тігілуі Тоғыз­құ­малақ қауымдастығына да бір сер­­піліс беріп отыр. Абайдың тоғыз­­құмалақты өзі ғана ойнап қой­май, маңайындағы жастар­ды топтастырып, жарыстар ұйым­дас­тырып, мектеп қалыптас­тырғаны да белгілі. Бұл туралы Әрхам Кәкі­тайұлының естеліктерінен, Мұхтар Әуезов жазбаларынан деректер табуға болады. Тағы бір оң үдеріс – онкүндіктің негізгі бағдарламасы Абай облысында, Абай ауданында, Семейде жос­парланғанымен, осы күндері мем­лекетіміздің барлық өңірінде Абайға, Абай тағылымына арналған көптеген іс-шаралардың өтуі. Біздің тоғызқұ­ма­лақ қауымдастығы да APEMS ака­демия­­сымен бірлесіп, тұң­ғыш рет жасанды интеллект пен үздік ойыншылар арасында сайыс өткіз­бекші. Бұл да тікелей Абай­дан бастау алатын үдеріс. Себе­бі хакім ұлттық дәстүрімізді, ділімізді, дінімізді, тілімізді көзінің қара­шығындай сақтап, дамыта келіп, сонымен бір­ге әрдайым оны білім­мен, озық технологиямен ұштастыруға үндеді.

Ұлы ақын рухына тағзым ете отырып, бәріміз де осы күндері Абай алдында іштей есеп береміз. Осы сы­нақтан әрдайым абыроймен өтуді нәсіп етсін.

 

Әлихан БАЙМЕНОВ,

Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы