
Биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында Президент тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік наградалар жүйесіне алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» құрметті атағы енгізілді.
«Мемлекет басшысы адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» еңбек адамының беделін арттыруды көздейді.Президент адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін атап көрсетті. Бұл – сіздердің еңбектеріңізді мемлекеттік деңгейде бағалау мен нақты қолдаудың шынайы көрінісі. Үкімет тарапынан алдағы уақытта да отандық құрылыс саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруға, қажетті инфрақұрылымды дамытуға және бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасауға басымдық беріледі. Біз жаңа технологияларды енгізу және кәсіби стандарттарды жетілдіруге жағдай жасауды жалғастырамыз», деп атап өтті О.Бектенов.
Сөз барысында Премьер-министр елдің экономикалық өсуін қамтамасыз етудегі құрылыс секторының маңыздылығын атап өтті. Бүгінде еліміздің ІЖӨ-сіндегі саланың үлесі 6%-ға жетеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 19 млн шаршы метрден астам, оның ішінде 170 мыңнан астам тұрғын үй нысандары пайдалануға берілді. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында – 120-дан астам мектеп пен балабақша, 30 денсаулық сақтау нысаны салынды. Жалпы, құрылыс жұмыстарының көлемі 2025 жылдың басынан бері 18%-ға өсті.
Президент қойған құрылыс үдерістерін жаңғырту жөніндегі міндеттерді орындау шеңберінде цифрлық шешімдерді енгізу, бюрократиялық кедергілерді жою және саланың кадрлық әлеуетін нығайту жөніндегі өзекті тәсілдерді көрсететін жаңа құрылыс кодексі әзірленді.
Жиында марапатталғандардың атынан құрылыс саласының ардагері Қайсар Омаров пен «Сapital Group st» ЖШС инженері Бауыржан Махан сөз сөйледі. Құрылыс секторының қызметкерлері Мемлекет басшысына олардың еңбегін жоғары бағалап, жұмысшы мамандықтарын дамытуға көңіл бөлгені үшін алғыс білдірді.
«Мереке қарсаңында Мемлекет басшысына «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» атағы қайтадан мемлекеттік наградаға айналғаны үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Бұл бізге, құрылысшыларға деген ерекше құрмет», деп атап өтті «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» құрметті атағымен марапатталған Қайсар Омаров.
«Бүгінгі марапат – ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі және құрылыс саласының барлық өкілдері үшін зор құрмет. Біз Мемлекет басшысының құрылыс саласына көрсеткен қолдауына ризашылығымызды білдіріп, шын жүректен алғыс айтамыз. Елімізге бейбітшілік пен тыныштық тілеймін. Құрылысшы күні құтты болсын», деп толықтырды «Сapital group st» ЖШС инженері Бауыржан Махан.
Құрылыс саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Олжас Бектенов үздік қызметкерлерге Президент атынан марапаттар табыс етті.