Аймақтар • Бүгін, 09:30

Ертіс-Баян өңіріндегі «Келешек мектептері»

40 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Шаһар халқының өсе түсуі Ертіс-Баян өңірінде мектеп тапшылығын тудырып келгені мәлім. Әсіресе облыс орталығында бұл түйткіл айқын сезіліп отыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бұл мәселені түпкілікті шешуге ықпал еткелі тұр.

Ертіс-Баян өңіріндегі «Келешек мектептері»

Жаңа бес мектеп ашылады

Кейінгі жылдары Павлодар қала­сының «Усолка», «Достық» шағын аудан­дарында көпқабатты тұрғын үйлер үсті-үстіне салынып, бұл аумақ­тар­дағы мектеп оқушылары үшін орын тапшылығы қалыптасқан. Бұдан бірнеше жыл бұрын өңірдің білім беру басқармасы жетіспеушілікті азайту үшін кейбір мектептерді кеңейту, енді бірін жаңадан салу жобалары жос­парда тұрғанын хабарлаған болатын. Қаладағы мектептерде бала саны тым көп, ал жаңасын салуға қаражат жоқ. Оның үстіне жыл сайын мектепке барушылар саны тұрақты түрде өсіп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласына қатысты берген тапсырмаларының нәтижесінде бұл салада сең қозғалып, мәселе шешіле бастады. 2023–2025 жылдары елімізде 400-ден астам заманауи мектеп салу жоспарланғаны белгілі. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мектеп құры­лыстарының бірыңғай тапсырыс беру­шісі ретінде белгіленді.

 – «Келешек мектептері», әсіресе Пав­­лодар қаласының оқушыларын жа­­рыл­­қайын деп тұр. Биыл мемлекеттік бағдарламалар аясында өңірімізде бес мектеп ашылса, соның екеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша Павлодарда тұсауын кеседі. Сондай-ақ Аққулы ауда­нының Тілектес ауылында, Ертіс ауданының Бұланбай ауылында, Павлодар ауданының Бірлік ауылында жаңа білім ғимараттары оқушылар игілігіне тапсырылады. Бес мектептің құрылысына жалпы сомасы 12,3 млрд теңге бөлініп отыр. Оның ішінде екі «Келешек мектептері» құрылысына – 10,8 млрд теңге, 3 ауылдық мектептің құры­лысына  1,5 млрд теңге жұмсалды, – дейді облыстық білім беру басқармасы бас­шы­сының орынбасары Гүлмира Баширова.

Оқушы орындарының тапшылық мәселесін шешуге бағытталған жаңа білім ұяларының құрылысына кеңірек тоқ­тала кетсек. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша бой көтеретін қос мектеп жалпы саны 1,8 мың оқу­шыны қабылдайды. Оның бірі 1 200 оқушыға арналып (№48 мектеп) «Достық» шағын ауданында салынған зәулім білім беру ғимараты болса, екіншісі – Гагарин көшесінде тұрғызылып жатқан 600 оқушыға лайықталған №47 мектеп құрылысы. «Достық» шағын ауданындағы 1 200 орындық мектепті «Ай-Су Мелиорация» ЖШС сапалы түрде салып шықты. Ал Гагарин көше­сін­дегі құрылысқа мердігерлік ұйым «VentKarkaraServis» ЖШС жауапты.

Атап өтерлігі, «Достық» шағын ауда­нын­дағы заманға сай жаңа білім ошағы «Келешек мектептері» мемлекеттік бағдарламасына енген. Оның құрылысы бү­гінде толық аяқталып, ашылуын күтіп тұр. Оқу ғимараты инклюзивті оқыту мен цифрландыру талаптарына сай салынған. Ерекше қажеттілігі бар бала­ларға жедел­саты, пандус пен тактильді жо­лақ­­тар жасалған. Мұнда IT және STEM кабинеттері, өнер сыныптары, түрлі шеберхана мен екі спорт залы бар.

«Мектеп кең, жайлы, ең бастысы, оқушы­лардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіл­ген. Бұл мектеп 10 блоктан тұ­рады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары екі түрлі блоктан жеке кіре алады. Келешекте мұнда білім алатын балалар үзіліс уақытында кітап оқып, тыныға алады, ұлттық ойындар ойнайды. Мектеп жанында тұтастай спорт қалашығы тұрғызылған. Онда футбол және баскетбол алаңдары, хоккей корты, ойын алаңдары орналасқан.

Кейінгі жылы Павлодар қаласында «Достық» шағын ауданы қарқынды дамып келеді. Мұнда қазір жұмыс істеп тұрған бір ғана мектеп бар. Жаңа білім шаңырағы орын тапшылығын болдырмау мақсатында, оқушыларды толықтай біліммен қамтамасыз ету мақсатында салынды», дейді №48 мектеп директорының міндетін атқарушы Айнұр Бекбаева.

 

Ауылдар да ескерусіз қалған жоқ

Павлодар ауданының Бірлік ауылында тұрғызылып жатқан 120 орын­дық мектеп құрылысы да оқушы орын­­­­дарының тапшылығын шешуге ба­ғыт­­талған. Анықтама ретінде айтып өтейік, Бірлік ауылында тұратын ере­­сектер саны – 422 адам, ал балалар саны – 130 адам. Мұнда мектеп жасындағы балалар саны жыл сайын өсу үстінде. 2022–2023 оқу жылында – 97, 2023–2024 оқу жылында – 99, ал былтыр 104 оқушы болған. Бірақ ауылда мектеп жоқ. Сондықтан Бірлік ауылынан 94 бала және Жертұмсық ауы­лынан 45 бала күн сайын Заря орта мектебіне жеткізіліп оқытылып кел­ді. 120 орындық жаңа мектеп ашылса, бұл мәселе түбірімен шешіледі. «FirstNationalConstruction» ЖШС жауап­­ты құрылыс жұмыс­­тары 1 қыр­­күйекке дейін толық аяқта­лады деп күтіліп отыр.

Ал аядай ғана Тілектес ауылындағы ескі мектептің мәселесін «Egemen Qazaqstan» газеті көтермесе, жабулы күйінде қала берер ме еді? Жергілікті білім бөліміндегілер өткен ғасырдың жет­пісінші жылдары қамыстан салын­ған ғимаратты бастапқыда апатты жағ­дайда деп танығысы келмеген-ді. Белсенді азаматтардың талап етуінің арқасында былтыр сараптама қай­та тағайын­далып, мектептің әбден қау­­сап тұрғаны дәлелденді. Бұл істі өңір басшысы Асайын Байханов наза­рына алып, жаңа білім беру ұясын салып беруге уәде еткен. Осылайша, 90 оқушыға, оның ішінде 20 орындық шағын орталығы бар заманға сай білім ғимаратының құрылысы жедел қолға алынған. Бұйырса, биыл қыркүйекте жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Соңғысы, Бұланбай ауылындағы жаңа мектеп өртеніп кеткен бұрынғы мектеп ғимаратының орнына салынып жатыр. Мердігер – «FirstNationalConstruction» ЖШС.

Білім беру басқармасының мәлі­ме­тінше, білім беру инфра­құ­ры­лымын қолдау қорының есебінен қазір­гі уақыт­та жоғарыдағыларға қоса Пав­ло­дар қаласындағы А.Байтұрсынұлы атын­дағы орта мектепке 288 орындық қосым­ша ғимарат құрылысы салынып жатыр.

 

Орын тапшылығының 70 пайызы шешіледі

Гүлмира Башированың айтуынша, қазір Павлодарда 6 308 оқушы орны­ның тапшылығы бар үш ауысымды 6 мектеп жұмыс істейді. Биыл «Келешек мектептері» жобасы аясында іске қосылатын екі жаңа мектеп есе­бінен шаһарда 4 416 жаңа оқушы орнын ашу (кейбір мектептердегі 2 ауы­сымдық оқыту ерекшелігін ескерсек) жоспарланған. Нәтижесінде, орын тапшылығы мәселесі 70 пайызға ше­шіледі екен. Бұл қуантарлық көр­сеткіш. Иә, қос мектептің ашылатынына қарамастан шаһардағы оқушы орын­дарының тапшылығы биыл да сақталып қалатыны анық. Дей тұр­ғанмен мәселені түпкілікті жою үшін 2026–2027 жылдары Усолка шағын ауда­нында жаңадан 1 200 орындық мектеп салу жоспарланған. Қазір облыста 166 мектеп 2 ауысымда жұмыс істейтінін де айтып өтуіміз керек.

 – Жаңадан ашылатын мектептерге педагогикалық кадрлар жасақталып жатыр. Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы №57 және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы №96 «Мемлекеттік білім беру ұйым­да­рының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымынан босату қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына сәйкес, бос орындар туралы ақпараттар жарияланады. 2025–2026 оқу жылының басталуына дейін бос орындар толық жабылуы жоспарланған. Жоғарыда аталған бұйрықтың 96-тармағы кейбір жағдайда педагогтерді конкурстық рәсімнен өтпей-ақ ауыстыруға мүм­кін­дік беретінін айтуымыз керек. Яғни оқушылардың белгілі бір контингенті жаңа білім беру ұйымына көшкенде әлгі сыныптарда сабақ берген, сынып жетекшілігін жүзеге асырған педагогтер бұл мүмкіндікті пайдалана алады. Сондықтан жаңа білім ұяларын маманмен қамтамасыз етуде мәселелер болмауы керек, –дейді Гүлмира Қайырбергенқызы.

Қазіргі уақытта өңір бойынша орта білім беретін педагогтердің саны – 13 324 адам, оқушылар саны – 116 187 бала. Мектеп директорларының орташа жасы 43-те. Педагогтер арасында жаратылыстану-математикалық бағыттағы педагогтерге тапшылық бар. Өткен оқу жылында облысқа 229 жас педагог келген. Биыл келетін жас мамандардың толық саны қыркүйек айында белгілі болмақ.

 

Қазақ тілін қуаттандырған «Достық»

Бұған дейін Павлодар қаласының билігі «Достық» шағын ауданында салынып бітіп қалған жаңа «Келешек мектептерде» оқыту қазақ тілінде жүргізілетінін хабарлаған. Жалпы, бұл жаңа аудан әрі оған қоныстанғандардың дені – өзіміздің қаракөздер. Кейінгі жылдары зәулім үйлер үстіне-үстіне салынып, баспана кезегінде тұрғандар пәтер кілтіне ие болып қуанышқа кенеліп жатыр. Алайда осы уақытқа дейін мұнда заманға сай қазақ мектебін ашу мұңға айналып келді. Бұл мәселені шешуге «Келешек мектептері» ұлттық жобасы мүмкіндік беріп отыр.

«Қазіргі таңда қарқынды түрде дамып жатқан «Достық» шағын ауда­нында мектеп жасындағы 747 бала тұрады. Олардың 80 пайыздан астамы мемлекеттік тілде білім алады, бірақ көрші №21 орта мектепте, Ж.Тәшенов, Б.Момышұлы мектептерінде, Ә.Бөкей­хан атындағы лицейде, сондай-ақ шағын ауданнан тыс өзге жерлерде оқуға мәжбүр. Жаңа «Келешек мек­теп­тері» бұл балаларға өз үйлеріне жақын жерде білім алуға мүмкіндік беріп, болашақта «Достықтың» жас тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасайды», деп мәлімдеді қалалық білім беру бөлімінен.

Былтыр бұл аумақта бірнеше жүз пәтер пайдалануға берілді. Ал биыл 200-ден астам пәтерден тұратын тағы үш тұрғын үй салынып жатыр. Яғни аумақтағы балалардың саны жоғарыда аталған цирфдан да еселене түсетіні анық. Жаңа мектеп есебінен көршілес қазақ сыныптары бар мектептердің жүктемесін азайту жоспарланып отыр. Мәселен, «Дачный» шағын ауданындағы 1 200 орынға арналған №21 мектепте қазір 2 134 оқушы білім алып жүр. «Достықтың» балалары қатынап оқитын Кенжекөл орта мектебінде 1 020 орынның орнына шамамен 1 500 оқушы білім алуда, олардың 917-сі қазақ тілінде оқиды.

Білім саласындағы сарапшылардың болжамына сүйенсек, өңір мен облыс орталығында қазақ тілінде оқы­туға сұраныс тұрақты түрде арта бермек. Кейінгі бес жылда екі жаңа мек­теп пен үш қосымша ғимарат салын­ғанымен, жаңа білім беру нысандары бұл тапшылықты толық жоя алмаған. Олардың ішінде тек бір мектепте (Ә.Бөкейхан атындағы) білім беру мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қаладағы 43 мектептің тек 10-ы ғана қазақ тілінде оқытатынын да айтуымыз керек. 2018 жылдан бері Павлодардағы 15 орыстілді мектепте алғаш рет қазақ сыныптары ашылды, бірақ бұл мәселені шешуге жеткіліксіз болды. Сондықтан ашыл­ғалы отырған «Келешек мек­теп­те­рі» тек тұрғындардың сұра­ны­сын қана­ғат­тан­дырып қана қоймай, жас ұр­паққа мемлекеттік тілде білім алуды қол­же­тім­ді етуде маңызды қадам бол­ғалы тұр.

Атап өтерлігі, 2023 жылы облыс бо­йынша мектеп табалдырығын ат­таған 23,5 мың оқушының 43 пайызы қазақ сыныбын таңдаған. Ал 2024 жылы 11 мыңға жуық баланың 45 пайызының таңдауы қазақ мектептеріне түскен. Бұл сәл де болса алға жылжудың бар екенін көр­сетеді.

Өңірдің білім саласындағы статис­тикалық деректерге сөз салып көрейік. 2024–2025 оқу жылында Пав­лодар облысында 360 жалпы білім беру мектебі жұмыс істесе, оның ішінде 137-сі – қазақ тілінде оқытатын мектеп (мектептердің саны, арасалмағы бойынша 2022 жылғы статистика өзгермеген). Оларда жалпы саны 118 мыңға жуық оқушы оқыса, 50 мыңнан астамы немесе 43 пайызы ғана қазақ тілінде білім аған. Негізінен өңір­де аралас мектептерге қатысты мәселе баршылық. Себебі 100 пайыз қазақ тілінде білім беретін мектептерде жаңа оқу жылында 33 мың оқушы білім алса, аралас мектептердегі қазақ сыныптарында оқитын оқушылар саны – небәрі 17,5 мың бала. Ал аралас мектептерде орысша білім алатындар саны – 60 мың оқушы. Яғни аралас мектептердегі әр үш сыныптың екеуі – орысша. Бұл жерде таза орысша оқытатын мектептерді санатқа қосқан жоқпыз. Сондықтан қазақ мектептерінің санын көбейту өте құптарлық қадам.

Биыл Павлодар облысында қол­да­­ныстағы мектептерді жөндеу бағдар­ла­масы да өз орнымен орындалып отыр. Алғашқы қоңырауға дейін 31 білім ұясында жөндеу жұмысын аяқтау жоспарланған. Жүргізіліп жатқан күрделі жөндеулерге бюджеттен 8 млрд теңгеден астам қаржат қарастырылған. Қазірдің өзінде 7 білім беру ұйымы оқу­шы­ларды қабылдауға дайын. Жөн­деліп жатқан мектептер облыс орталығынан бөлек, Екібастұз бен Ақсу қалаларында, Баянауыл, Ертіс, Май, Аққулы, Ақтоғай, Тереңкөл, Шарбақты, Павлодар, Успен, Железин аудандарында орналасқан.

 

 Павлодар облысы