Қоғам • Бүгін, 08:12

Үйірмеден – үлкен жетістікке

30 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда оқушылардың жан-жақты дамуына, шығармашылық қабілеттерінің ашылуына ықпал ететін маңызды құралдың бірі – үйірме жұмыстары. Үйірмелер – оқушыларға мектеп бағдарламасынан тыс қосымша білім беріп қана қоймай, олардың болашақ мамандығын анықтауына, жеке қабілетін жетілдіруіне мүмкіндік беретін орта.

Үйірмеден –  үлкен жетістікке

Білім мен тәрбиенің қатар өрілген кең өрісінде әр баланың бойындағы талант пен қабілетті дер кезінде байқап, дұрыс бағытқа жетелеу – ұстаздың да, қоғамның да бас­ты міндеті. Осы жолда үйір­ме жұмыстары – оқушының ішкі әлеуе­тін ашып, оны болашаққа сеніммен жете­лей­тінін ерекше  атап өткен жөн.

Былтыр қараша айында  Шымкент қаласындағы №140 жалпы орта білім беретін мектеп өз жұмысын ресми түрде бастады. Салтанатты ашылу рәсімі­не қала әкімдігі өкілдері, ұстаздар қауы­мы, ата-аналар мен оқушылар қатыс­ты. Жаңа мектептің ашылуы – білім сапасын арттыруға бағытталған маңыз­ды қадам. Заманауи талаптарға сай жабдық­талған оқу кабинеттері, зертханалар мен шығармашылық алаңдар оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.

Біздің №140 жалпы орта білім беретін мектеп базасында жұмыс істейтін үйірмелер оқушылардың қызығушылығы мен бейімділіктерін ескере отырып ұйымдастырылды. Үйірмеге қатысушылар жыл бойы түрлі тақырыптарда жобалар жасап, байқаулар мен түрлі спорттық жарыстарға қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

Атап айтқанда, футбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, шахмат, бес асық, үстел теннисі, волейбол секілді спорт түрлерінен үйірмелер ашылып, оған мектептің 296 оқушысы тұрақты түрде қатысып келеді. Сабақтар аптасына бір рет өткізіліп, денешынықтыру-сауық­тыру жұмыстарының кешенді түрде ұйымдастырылуына, оқушылардың денсау­лығын нығайтуға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталды.

Оқушылардың танымдық бел­сенділігін арттыру, шығармашылық қабілетін дамыту, өздігінен еңбек ету дағдыларын қалыптастыру, іскерлігін жетілдіру – қосымша білім беру үдерісінің басты мақсаты. Осы бағытта биыл 9 қаңтарда өткен №2 педа­гогикалық кеңестің шешімі негізінде мектепте бірқатар жаңа үйірме өз жұмысын бас­тады. Қаңтар айынан бастап мектебімізде спорттық, шығармашылық және ғылыми техникалық бағытындағы үйірмелер жұмыс істейді. Бүгінде мектепте жалпы 23 үйірме жұмыс істейді. Оларға 1-11-сынып аралығындағы 505 оқушы қамтылып, өз қабілеттерін шыңдап келеді.

Дене тәрбиесі – жас ұрпақтың денсаулығын нығайтып, жігерін шыңдайтын, рухани және тұлғалық дамуына әсер ететін маңызды бағыттың бірі. Спорт – тек күш-қуатты ғана емес, тәртіптілік пен табандылықты талап ететін өмір салты. Осы мақсатта мектеп жанында жұмыс істейтін спорт үйірмесі жыл бойына нәтижелі әрі жүйелі жұмыс жүргізіп, оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың шеберлігін жетілдіруге үлес қосты.

Былтыр қараша және желтоқсан айларында мектепішілік футбол және волейбол жарыстары өтті. «Спорт – біздің сенімді серігіміз» атты бұл са­йыстар оқушылардың спортқа деген қызығушылығын оятып, командалық рухты нығайтты. Жарыс нәтижесінде үздік ойыншылар мен командалар анықталып, жүлделі орындар мен мадақтамалар табысталды.

Биылғы сәуір айында Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «NIS PhM Shymkent CHESS OPEN CUP 2025» атты шахмат турнирі өтті. Бұл беделді жарысқа №140 мектептің намысын қорғаған дарынды шахматшылар – Мерей Ерсейт, Феруза Урал, Айсұлтан Тоқтамыс  қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сондай-ақ 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай, №118 Көкбұлақ жалпы орта білім беретін мектебінде футболдан жарыс ұйымдастырылды. Бұл сайыс «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өтті. Осында №140 мектептің 7-8-сынып оқушылары тартысты ойын көрсетіп, жүлделі ІІ орынды иеленді. Команда жетекшісі Асхат Үмбетбаев пен жас футболшылар мадақтамалармен марапатталды.

Спорт – тек денсаулық кепілі ғана емес, тәрбие мен рухани дамудың маңызды құралы. №140 мектеп ұжымы алдағы уақытта да спорттық бағыт­тағы жұмыстарды жандандырып, оқушылардың қабілетін шыңдауға күш салмақ. Сонымен қатар осы жылғы 4 наурызда  Шымкент қаласында Ұлттық мектеп лигасының қалалық кезеңінің ашылу салтанаты мектебімізде  өтті. Бұл додаға №55 мектептен тоғызқұмалақ және баскетбол, футбол үйірмелерінің мүшелері қатысты.Тоғызқұмалақ үйірмесі – ұлттық ойынымызды дәріптеп, бәсекелестік рухты оятты. Баскетбол үйірмесінің командасы аудандық кезеңде 1-орын иеленіп, қалалық жарысқа жолдама алды. Футбол үйірмесі оқушылары Абай ауданы бо­йынша 2-орын иеленді.

Футбол және волейбол үйірмелері де оқушылардың денешынықтыру мен командалық рухын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Волейбол үйірмесі­нің жетекшісі Әліби Дүйсе­беков оқу­шылардың шеберлігін артты­ру мақсатында мектепішілік жаттығу­лармен қатар, №54 жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларымен жолдас­тық кездесулер ұйымдастырды. Бұл – спорт арқылы достық пен ынтымақ­тастықты нығайтудың тамаша үлгісі.

Спорттық үйірмелер – жас­өс­пі­рімдердің денсаулығын нығай­тып қана қоймай, олардың бойына табандылық, төзімділік, өзара сыйлас­тық және жеңіске деген жігерлі рух қалып­тастыратын тәрбие ошағы. Мектепте жүргізіліп отырған спорттық үйірмелер мен жарыс­тар оқушылардың үлкен жетістіктерге жетуіне бастар алғашқы қадамдардың бірі.

Қазіргі білім мен тәрбие жүйесінде оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытудың, олардың өнерге деген қызығушылығын арттырудың бір жолы – драма үйірмесі. Драма өнері – тек сахнада ойнау ғана емес, ол – баланың жан дүниесін байытып, сөз саптауын, сахна тілі мен мәдениетін қалыптастыратын маңызды сала. Драма үйірмесі биылғы оқу жылында да жемісті еңбек етіп, оқушылардың өнерге деген ынтасын арттырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытты.

Жыл бойында үйірме мүшелері мынадай бағыттарда жұмыс атқарды: бірінші, сахна мәдениеті мен актерлік шеберлікті үйрену, екінші,  дауыс ырғағы, мимика және пантомимика жаттығуларын орындау, үшінші, классикалық және заманауи шығармалардан үзінділер дайындау, төртінші, мектепішілік және аудандық мәдени іс-шараларға белсене қатысу.

Биылғы ақпан айында №140 жалпы орта білім беретін мектебі мен №2 балалар саз мектебі арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімшарт жасалып, оқушылардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға бағытталған жаңа мүмкіндіктер ашылды. Келісімшарт негізінде ашылған домбыра және дәстүрлі ән үйірмелеріне 70-ке жуық оқушы қатысып, ұлттық өнердің қыр-сырын меңгеріп отыр.

Домбыра — қазақ халқының рухани қазынасы, ұлттық болмыстың рәмізі. Ел тарихы мен халықтың мұңын, қуанышын күймен жеткізетін бұл аспапты жас ұрпаққа үйрету — ұлт тәрбиесінің ажырамас бөлігі. Осы орайда мектеп жанынан құрылған домбыра үйірмесі оқушыларға ұлттық музыкалық мұраны үйретіп қана қоймай, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыруда маңызды рөл атқарып келеді.

Домбыра үйірмесінің қатысушылары жыл бойы мектепішілік және қалалық мәдени іс-шараларға белсене қатысып, өнерлерімен көпшіліктің ықыласына бөленді. Бұл үйірмелер – ұлттық мұраны дәріптеудің және жас буынға рухани тәрбие берудің жарқын үлгісі.

Мектеп пен саз мектебі арасындағы серіктестік – оқушылардың жан-жақты дамуына, өнер мен спортты қатар ұш­тастыруына мүмкіндік беретін маңызды бастама. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын табады.

Бүгінгі заман — білім мен логиканың, ой мен сөздің бәсекеге түскен заманы. Оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытып, өз көзқарасын еркін білдіруге, нақты дәлелдермен қорғауға үйрететін тиімді құралдардың бірі – пікірсайыс (дебат) үйірмесі. Бұл үйірме оқушылардың білім деңгейін арттырып қана қоймай, олардың көшбасшылық, зерттеу, сауатты сөйлеу және командада жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырады.

Мектеп жанынан құрылған пәндік дебат үйірмесі 2024–2025 оқу жылында белсенді жұмыс істеді. Үйірме жұмысы айына 2 рет өткізіліп, әр пән бойынша (мысалы, тарих, география, әдебиет, биология, т.б.) түрлі тақырыптарда дебат форматындағы кездесулер ұйымдастырылды. Жыл бойы өткен дебаттардың тақырыптары заманауи мәселелер мен оқу бағдарламасына сай сұрақтарды қамтыды. Бұл тақырыптар оқушылардың тек пәндік білімін ғана емес, сонымен қатар олардың ойлау мәдениетін, логикалық және сыни көзқарасын дамытуға ықпал етті.

«Үйірмеден – үлкен жетістікке» деген ұстаным – біздің оқушыларымыздың шынайы өмірлік тәжірибесі. Себебі үйірмеде алған білім, дағды және тәрбие – ертеңгі күнде олардың кәсіби жолына, тұлғалық дамуына және азаматтық қалыптасуына мықты іргетас болмақ. Жас ұрпақтың қанатын кеңге жайып, арман биігіне ұмтылуына жол ашатын осындай шығармашылық пен ізденіс алаңы әрдайым өз жемісін бере беретіні сөзсіз.

 

Айкүміс КӘРІБАЕВА,

№140 жалпы орта білім беретін мектеп директоры

 

ШЫМКЕНТ